Ауыл мәдениетінің өркендеуіне көңіл бөлінгенде фонограммаға қарсы заң қабылдап әуре болмас едіңдер
ӨТІНІШ, АРЫЗ КӨБЕЙДІ...
"Хантәңірі" мен "Қарадала" халық театрлары ашылды деген сәттен бастап күні бүгінге дейін фб, уатсап, инстаграм, тілипонға тыным жоқ. "Мен өнер колледжін бітіргемін, мен ән айтамын, мен,..." - деген жастар "театрға алыңызшы?" - деген өтінішін жаудырып жатыр. Алматы театрлары колледж дипломымен жұмысқа актер алмайды екен ғой...
"Қолымнан іс тігу келеді, дизайнермін, мен алдымен тегін бір киімдер тігіп берейін, сосын театрға тігінші қылып алыңыз" - деген сипаттағы шебер де бар арасында.
"Екі театрға директор болыпсыз, қаржыңыз көп пе?" - дейтін тергеу сұрақ та, "Ауылдың асабаларының басын қосып әлеуләйға басып, "театр ашытым!" - дегенге ұялмайсың ба?" - деген ақпейіл ескертулер де келіп жатыр...
Ұғындырып кетейін, ағайын, мен бос уақыт тауып екі театрдың ашылуына көмек жасадым. Театрға екі аудан өздері ие, өздері басшы. Қызметке алатын да өздері. Мені ары қарай керек қылса осылай көмек беріп тұрармын, қолдан келгенше, шама жеткенше жетектеп, жол сілтеп тұрармын. Болды.
Әрине, бастаған істі тастай қашайын деп отырғам жоқ, ойға алған жоспарлар да бар, оларды жүзеге асырамын, құдай ғұмырымды жеткізсе.
Осы жұмысқа сұранған жастардың өтініші көбейген сайын қуанып отырмын. Демек, соларға пайда келтіретін бірдеме болғаны ғой. Енді "ТЕАТР" - деген екі адамнан құрылатын отау емес, үлкен өндіріс орны екенін Республика, облыс, аудан әкімшіліктері де ескерер деп ойлаймын. Райымбек , Ұйғыр аудандық әкімшілктері де жаңа жұмыс орнын ашуға дайын сияқты. "Нарынқолға білімді хореграф керек, тіпті үйі де даяр, қызметі де" - дегенді аудан әкімі Нұржан мырза айтып жүр. Сол сияқты мамандар келе қалса тек театр емес өнер мектептері де оларға зәру, жұмыс табылады. Құшағын жайып отырған ел бар. Осы естеріңізде болсын.
Өнерге, мәдениетке талпынған ауылда бір қозғалыс басталды. Енді осыны әлсіретіп алмай, мәдениет және спорт министрлігі тарапынан да қолдау тауып, сағынышты сәлем хатпен тілдескенді доғарып, дөңгелек үстел басына ақылдасып отыратын кез келген сияқты. Ауыл мәдениетінің өркендеуіне ертерек көңіл бөлінгенде бүгін фонограммаға қарсы заң қабылдап әуре болмас едіңдер. Ауыл өнерпазы әлі де шын өнерді құрмет тұтады. Қаланың қылжақтары Нарынқол мен Шонжының өнерпазына арамза молда бола алмайды енді. Оны Талдықорғанға барып, екі театрды сахнадан көргендер растайды деп ойлаймын. Сол жастар осы қарқынмен жұмыс істей берсе алып шахардың өнері келерінде талғам мен талап алдынан кез келерін біліп, абайлап басып босаға аттайтын болады.
Асқар Наймантаев
Фейсбуктегі парақшасынан