Аяқ астында тапталып өскен баладан қандай қайырым күтеміз?
СЕНАТ ПЕН ПАРЛАМЕНТТІҢ НАЗАРЫНА!
Айгуль Капбарова ханым! Сенаторлардан жақсы танитыным жалғыз Сіз болғандықтан, сізден бастағым келді. Түсінем, көл-көсір шешілмей жатқан мәселе көп. Бірақ, ең басты қазына һәм құндылық - БАЛА. Президентіміз Тоқаевтың бала жағдайына мән бере бастағаны қуантарлық жайт. Десе де, мектеп оқушысына маңызды, күрделі мәселе - мектепке жету, үйіне қайту! Англияда 1840 жылы оқушы таситын сары автобусты жүйеге қойған. Шетелде, сары автобус тоқтаса, бала сақтығы үшін арт жақтағы машиналар 100 метр жерден тоқтайтын заң бар екен. Біз болсақ, "30 мемлекет қатарына қосылуымызға аз қалды" деген ұранмен әлі күнге сары автобусты жүйеге қоса алмай келеміз. Қоғамдық көлікпен жүретіндіктен, үлкендердің арасында зілдей рюкзагына белі майысып, сығылып тұрған балаларды күнде көргенде, жаның ауырады. Болашағымыздан мейірім мен адалдық күту үшін, алдымен ҮКІМЕТ пен ересектер өнеге көрсетуі керек! Аяқ астында тапталып өскен баладан қандай қайырым күтеміз? Намысыма тиетіні, "артта қалған" санатындағы Африкада балаға қамқорлық жасалып, сары автобус жүйеге қойылған. Ұлт пен Мемлекет тағдырына үлес қосатын БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ аяқ-астылықтан қорғау тікелей сіздердің қолдарыңызда! Еуропа елі бізден 180 жыл бұрын жүйеге қойған бала тасыйтын САРЫ АВТОБУСТЫ тым құрығанда 2020 жылдан жүйеге енгізіп, балаға қамқорлық жасауға пәрмен қосады деп әлі де болса үміттенгім келеді.
Сая Қасымбек
Фейсбуктегі парақшасынан