Әйелді қорлайтын еркек бар кезде феминистік шеруді айыптап көлгірсу орынсыз

10 наурыз 2021, 10:42

Жүсіпбек "Ақбілекті" жазды, Әуезов "Қорғансыздың күнін" жазды, Мағжан "Шолпанның күнәсін" жазды. Абай да, Шәкәрім де өз теңіне қосылғысы келген қарындастың жағында болды. Қорланған, зорланған, ар-намысы аяққа тапталған, өлтірілген қыздың тағдыры 100 жыл бұрынғы ойшылдардың жүрегін ауыртты, араша түсірді. Бұлар советтің айдауымен ғана осыған барды деп айта алмассыз...
Бүгінде отбасындағы қорлықтың кесірінен жүздеген әйел құрбан болса, тіпті бір қарындас жапа шексе Абай айтпақшы "замандасының бәрі виноват". Кешегі шеру - сол, түрлі теңсіздік пен қорлықтан соң, үйінде шешесін әкесі шаштан сүйреп сабағанын көргеннен соң, тіпті таксист ағайдың қаршадай қызға қылмыңдаған, жан жаралаған дөрекілігінен соң лықсып туған қарсылық рефлексі. Рас, нешетүрлі қайшылықтары мен сіз қабылдауға ауыр қисындары да кездесуі мүмкін. Алайда, қоғамымызда әйелді қорлайтын соңғы еркек бар кезде феминистік шеруді жалпы айыптап, "ұлттық дәстүрдің" артына тығылып көлгірсу орынсыз.
Аймауытов бола алмаспыз, бірақ азамат боп қалайық, жігіттер.))

Қасым Аманжол

Фейсбуктегі парақшасынан