Сен тұр - мен айтайын!

«Әйелдер қыз етегін ашып көрмеген 72 жігітпен төсектес болуға хақылы», – деп жазыпты

  • «Әйелдер қыз етегін ашып көрмеген 72 жігітпен төсектес болуға хақылы», – деп жазыпты

    «Әйелдер қыз етегін ашып көрмеген 72 жігітпен төсектес болуға хақылы», – деп жазыпты

МҰСЫЛМАН ҚЫЗДАРЫНЫҢ ҚАЛАУЫ НЕ?


Бұл, әншейін, дінге қарсылардың құйтырқысы болуы да ықтимал. Десе де, қандай да бір экзотикалық реңкке боялғанда «адам құқығын қорғау» деген мәселе таңқаларлық сипатқа ие болады. Атап айтсақ, феминисттік және исламдық түрде көрініс тапса,.. Бәлкім, сіз айтарсыз, бұлар бір-бірін жоққа шығарып, кері тебетін ұғымдар ғой деп. Солай-ақ делік. Әй, бірақ, қайдам!?. Мұндай дүдәмал жайттарға түрткі болып, тіпті, тұтас роман жазып жүргендер де бар екен. Мысалы, бангладештік Таслима Насрин ханым мұсылманшылықтағы ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығы жөніндегі мәселені жалаулата ұрандатам деп, басы бәлеге қалып отыр. Оның уәжіне қарасақ, «неге тек дұрыс жолдағы («Алла жолындағы» деп оқыңыз!) еркектер ғана ұжмақтағы хор қыздарының аялауынан үмітті болуы керек»? Ал, озық «Шығыс әйелдеріне» қара тәнді, («Мың бір түн» ертегілеріне сенсек, әйел заты қара нәсілді зәңгілерге аса құштар болатын көрінеді) қыз көрмеген алпамса жігіттерді бермеске»?! Құранға қайшы болуы мүмкін, есесіне замана ағысына толық жауап беретін жайт!.. Сіз олай деп ойламайсыз ба?
Осындай «қытықты» мәселені қозғап, «жатқан жыланның құйрығын басқан» бангладештік белгілі жазушы әйел Таслима Насрин дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Ислам идеяларынан нәр алып өскен, алайда, есейе келе атеизм мен феминизмнің улы шырынына бөккен бұл әйел мынадай сұрақтарға жауап іздеп (сірә, Құран-Кәрімді жөндеп оқымаған болса керек?!) әуреге түсіпті. Мысалы, оның төбеңнен мұздай су құйып жібергендей сезім туғызатын сұрақтары: «Неліктен Құранда тек қана дұрыс жолдағы еркектерге ғана ұжмақта хор қыздарының құшағында ләззаттануға уәде беріледі?», «Мұндай төзгісіз, тіпті, құқықты (әйелдердің) аяққа таптар әділетсіздік қайдан шықты?», «Нәзік жыныстылар «тоқалдан туып па?»» деген сипатта болып келеді. Осындай өзі туындатқан сауалдарға өз бетінше (өз санасының жеткен деңгейінде) жауап тапқан әлгі қаламгер әйел «нәзік жыныстылар тоқалдан туған жоқ», тіпті, олар еркектен де үздік, сол себептен де марапатқа (дәлірек, ашығырақ айтсақ, секс-жұмаққа) әрбір әйел лайық, онда да қайдағы бір ажал шекарасының ар жағында емес (ол жақты кім барып тексеріп келген дейсіз?) дәл осы жақта, Жер бетінде, марапатына (шарапатына) ие болуға құқылы» деп шешіпті. Өзінің ғаламтордағы блогында Насрин ханым: «Мұсылман әйелдер жер бетінде үржаңа, қыз етегін ашып көрмеген 72 жігітпен төсектес болуға хақылы», – деп жазыпты. Сонысымен бүкіл әлем мұсылмандарына айтып жеткізгісіз «бас ауруын» тауып беріпті.
Шынында да, халық арасына кең тараған ұғым бойынша, өлгеннен кейін Аллаға құлшылық етіп, бес уақыт намазын бұзбаған ислам ерлері тікеден-тік барады да аспан аруларының құшағына топ ете түседі. Құранда да күлбілтелемей турасын айтқан: «олар шынтақтаған күйі, қатарластыра қойылған төсектерде жатады, әрі Біз оларды жанарлары қарақаттай мөлдіреген, бадана көзді хор қыздарына қосамыз». Ал, хор қыздарының санының жетпіс екі болатыны және одан біреуі де кем не артық болмайтыны, сондай-ақ, олардың барлығының да әрқайсысының «етегі түрілмеген» күйде (олардың пәктігі әр таң сайын қалпына келтіріліп отырылмақ) болатыны ислам аңыздарында анық айтылады.
Анықтап айтсақ, имам Ат-Тирмизидің хадистер жинағында 72 әйел туралы сөз болады. Рас, онда шаһид болған еркектің иеленер марапаттарының қатарында тек әйелдер туралы ғана емес, сонымен қатар, оның күнәларының кешірілуі, «көр азабынан құтқарылуы, асыл тастармен безендірілген тәж киюі мен Алланың алдында өз туысқандары үшін өтініш жасай алу мүмкіншілігі» туралы да айтылады. Алайда, біздің талқыға ұсынбағымыз басқа. (Өйткені, мұндай ұсақ-түйек мәліметтер жетпіс екі (!) бірдей сұлудың нұрының көлеңкесінде қалып қояды ғой, ойбай-ау!).
Исламның қасиетті кітабын түсіндірушілер мен аударушылар асыл туындыда шын мәнінде мұндай ештеңе де меңзелмегенін түсіндіріп, мазасы кеткен қоғамды тыныштандыруға талай мәрте әрекет етіп көрген болатын. Басқаша айтқанда, қарақат көзді хор қыздары дегенде, бар болғаны, мұсылмандарға ішуге тыйым салынған шарап қана меңзелген, ал, шарап дегеніңіз жұмақта таусылмайтын бұлақ боп ағып жатады. Алайда, байқауымызша, исламға мойын ұсынғандардың қатарында, тұрақты маскүнемдерге қарағанда, әйелқұмарлар әлдеқайда көбірек сияқты ғой өзі (!!!). Сондықтан, алкогольдың «ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңда» молдығы адамдардың жан түпкірінен қоштау таппаған сыңайы бар. Ал, уәде етілген хор қыздары кез келген еркектің жүрегін тербетуге қабілетті екендігі хақ.
Әрине, шын мәнінде мұсылманның ақ жолымен, өзін-өзі жетілдіру жолымен жүретіндер көктің мүлдем басқа қызықтарын армандайды, мысалы, Алланың дидарын көру. Әрі бұл жолда қасиетті әйелдерге де орын жеткілікті, олар да Алланың ақ жолынан танбайтын ерлер сияқты, Аллаға қарай ұмтылады және басқадай марапатты олар қаламайды да. Мысалы, белгілі мұсылман әйелдерінен шыққан тұңғыш діни оқымысты әйел Рабия ханымнан оған бас июшілер: «Жұмақтан не көрдің?», – деп сұрағанда, ол: «Кісі үйге кіргенде, әуелі дүние-мүлікке емес, оның қожайынына көз салады», – деп жауап берген екен. Соған қарағанда, Жаратушының орағытпа сөздерінің мәніне үңіліп, рухани тамсаныстардан рахаттануға онша ешкімнің құлқы соға қоймайтын сыңайлы. Хор қыздары – бұлар әлдеқайда жақынырақ, қарапайымырақ және түсініктірек. Сіз не дейсіз?!
Ал, жазып жүрген қитұрқы мағынадағы туындыларына қарағанда, рухани әсерленушіліктен ада, «Ердің жасы – елуге» иек артқан атеист (әрі феминистка) Насрин ханымды әйелдерге арналған ұжмақтық ләззаттар туралы Құранда бір ауыз да сөз айтылмағаны аса қатты ренжіткен сыңайлы. Оның ойынша, хор қыздарын қайтыс болған, тірі кезінде ақ-адал ғұмыр кешкен мұсылман қыздарынан жасауға уәде берілсе, онда – Құдайдың жөні. Әйтпесе, мынау не?! «Әуелде сөз пайда болған» дегендей, әуел баста жерлік еркектерді ұжмақта рахатқа бөлейтін әлдебір «жұмақтағы хор қыздары» туралы сөз болған. Міне, сондықтан да Насрин ханым барлық мұсылман әйелдер мен қыздарға шын жүректен тілектестік білдіріпті: көзі тірі кездерінде 72 жігітті пәктігінен айыруға! Онда да өздерінің дұрыс жолда болғандығы мен адалдығының деңгейіне қарамастан! Ал, керек болса!
Аталған ұсыныс қаншалықты батыл болса, соншалықты даулы. Келісетін шығарсыз?! Сексопатолог дәрігерлердің айтуынша, әйелдің барлығы бірдей әлі күнәдан пәк, тәжірибесіз жігітпен болуды рахат деп санамайтыны белгілі, ал, мына «шашты» болса «тұтастай жетпіс екісін құшағыңа сал да, төсек ләззатын алып, көре бер!» дейді. Төмен етектілер өздері біліп, көздеріне елестете жатар: бақандай жетпіс екі тәжірибесіз бозбала! Ол аз болғандай, олардың көпшілігі әйел заты алдындағы еркек кіндіктіге тән қорқынышқа ие болса?.. Немесе күш-қуаты бұрқ-сарқ жас жігіттер несін қояды? Оған әлгіндей «намысқойлығы» ой жүгіртуге мұрша бермей тұрған Насрин ханым бас та қатырмайды. «Қарақат көз пәк қыздарды құштыру» уәдесі бұған қарағанда әлдеқайда еліктірерліктей-ау, шамасы. Десе де, есі бар әр еркек барып «томп» етіп түсе қалар жұмақ туралы армандай отырып, өздерінің «жұмыс ауқымын» да көз алдарына елестете алатын болар?! «Таяқтың екі басы бар» екендігі жөніндегі қазақтың мәтелін ол ханымымыз қайдан білсін-ау!
Жалпы, еркектердің өз мүмкіндіктерін асыра бағалауға әуес екені белгілі. Сондықтан, мұсылман қыздарын өздеріне «тиесілісімен» қамтамасыз етуге деген ұмтылыстары түсініксіз. «Осыншалықты (72!) күнәдан пәк бозбаланы қайдан табуға болады?» деген сауал да миды ашытады. Оның үстіне, жұмақтағы әр таң сайын пәктігі қалпына келтіріліп отыратын хор қызын риза етуге жұмсалар бел қуатын алар қайнар қайда, бұл да екібастан түсінікке сыймайды. Арулардың пәктіктері әр таң сайын қалпына келтіріледі дегенді айтқанда, еркектердің бел күшінің қалпына келтірілетіні туралы ештеңе айтылмайды. Олай болса, бұл еркектер үшін қаншалықты қуана қоярлықтай жайт болмаса, Насрин ханым үшін де оншалықты қызғана қоярлық жайт болмаса керек. Сіз не дейсіз?
Оған қоса, осы ханым үгіттеп отырған көздері тірісінде-ақ «бақытқа бөленген» әйелдердің ерлері, әкелері мен бауырлары, балалары олардың мұндай әрекеттеріне қалай қараулары тиіс?! Қысқасы, бұл мәселе әлі де талай сараптауды, сүзгіден өткізуді талап етеді деп бір қоялық.
Бәлкім, сондықтан болар, Насрин ханымның тым көп наразылыққа толы жазбалар мен хаттар алғандығы. Әрі ол күнәсіз түрде күлімсірей таңғалады: «Неменеге бәрі сонша дүрлігіседі?! Хор қызын құшатындығы (ерлердің) үшін ешкім ұрандатып, шулатпайды, ал, әйел рахаты неліктен исламды насихаттаушылардың тамақтарына көлденең тұрып қалған сүйектей болады?!». Қалай десек те, өзінің қауырсын қаламын Ислам мен Әйелдің (!) өзара қарым-қатынасына арнаған жазушы-әйелдің ұстараның лыпып тұрған жүзімен жүріп жүргені айқын. Бұл күнде оны мұсылмандардың индуистер отбасын қалай қорлағаны сипатталатын романы үшін өлім жазасына кесіп те қойған. Сол себепті де, ол іс жүзінде үй қамағында өмір сүруге мәжбүр.
Ал, біз өз тарапымыздан оған Алладан таупиық тілеп, онсыз да алатайдай бүлдіріліп жатқан Исламды одан әрі көкпар лағына айналдырмай, Құранда айтылғандарға жаңаша көзқараспен қарайтындай сабыр беруін сұранғанды жөн деп отырмыз.
Ал, бұған сіз не дейсіз?


Бейбит Мекеев

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 3875    Пікірлер: 0

сейсенбі, 27.04.2021, 09:17

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    7 Маусым, 12:47
    Маска шоуына бес тиін
    6 Маусым, 09:53
    Не деген феминизм,ә?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30