Әйелдер үйдегі ері түгілі, сырттағы анау-мынау вице министрлерді де жабылып ұратын болды

24 шілде 2021, 00:53

Әйел түзелмей әлем түзелмейді!


Салтанат Әшірбай қарындасым Түркияда таяқ жеп жүрген қазақ қызы туралы пікірін осылай қорытындылаған екен. Тамаша! Дұрыс! Кеше ғана бір Туристік агенттік тарихи орындар бойынша экскурсия жүргізушілерді дайындаймыз, ежелгі дүние тарихынан, ескерткіштерінен орысша лекция оқып беріңізші деп осы мәселе туралы айтып едім. Бір жағы қалжың, бір жағы шын - жаза кетейін.
Неге әйел түзелмей әлем түзелмейді ? Себебі жабайы тобырлық заманда от басы институтын құрған әйелдер, отбасылардан қоғам құралды. Оның дәлелі бар ма?
Бар! Ең алдымен тау қуыстарының, үңгірлердің көпшілігінің Қыз әулие атануы. Тас дәуірінде үңгір, қуыстардың бәрі де адам мекені болды, соны үй қылып, жылытып, сәндеп, жабайы аңдарды қуып жүрген жабайы еркекке тамақ әзірлеп, мынау сенің үйің, мынау сенің балаң деп, оны тұрақты отбасылық тәртіпке үйреткен әйел! Құдай берген амал-айламен, әрине! Әлі күнге дейін ауырса-сырқаса, бала көтермесе сол әулие үңгірлерге, қуыстарға барып сиынатын, түнейтін де әйелдер. Жабайылық дәуірде адам ағзасы керек ететін қоректің 70 пайызын әйел табатын (шөп, тамыр, жемістер т.б.), оны өзі іс қылатын, жараланған, ауырған еркекті емдейтін. Міне, біз матриархат деген заманның алғы шарты осылай. Кейін келе неолит революциясы аталатын өзгерістер басталды, бақташылық пен егіншілік пайда болды. Еркек беделі жоғарылады. Малды жаудан қорғайтын кім? Еркек. Жерді жыртатын кім? Еркек.
Отбасын да еркек құратын сияқты көріне бастады. Шын мәнінде таңдау еркекте болғанымен отбасын құратын да, бұзатын да әйел. Қазіргі уақытта біз өліарада тұрмыз. Патриархалды қазақ семьясы дағдарыста. Біздің қоғамда бұл дағдарыс тіпті асқынып тұр, себебі қазақ еркегі меншіктен сырт қалды. Меншіктің бәрі бір қолда, бір әулетте, шағын топта. Меншік иесі болмаған еркектің қадірі жоқ. Әйел үйдегі ері түгілі, сырттағы анау-мынау вице министрлерді де жабылып ұратын болды. Дәл қазір совет үкіметі қалыптастырған, соңғы отыз жылдық ушықтырған экономикалық жағдайды, меншік мәселесін жөндеу мүмкін емес, ендеше баяғы тас дәуірі сияқты барлығы әйелге байланысты болмақ. Барлығын қайта бастау керек!

Жамбыл Артыкбаев

Фейсбуктегі парақшасынан