Азамат "Отбасы банкке", зейнетақы жинағына, әкімдіктің кезегіне телмірмеуі тиіс
Ара-тұра партия ғимаратына бір топ әйел келеді. Кейде мүлікті сындырып кетеді екен. Талап біреу - тура осы жерде баспана тауып бер.
Ал елордада үй кезегінде 48 мың адам тұр ғой. Оның 2700 дейі жетім, 4800 астамы көпбалалы ана, 18,9 мыңы тұрмысы нашар отбасы өкілдері, 21 мыңы дәрігер, ұстаз, мем.қызметкерлер екен.
Олар ше? 48 мың адамды ысырып, сол әйелдерге пәтерді үлестіру керек пе? Олар "иә, басқада шаруам жоқ" дегенге келтіреді. Онда заң қайда қалады? Не үшін кезекті түзді?
Біздің қоғамда көпбалалы анадан ештеңе аямау керек деген ұғым қалыптасты. Бірақ әрбір іске бейтарап қарау да керек.
Меніңше, баспана тапшылығын әкімдіктің салатын пәтерімен шешу тым қиын. Елордада пәтерге қолы жете алмай жүргендер саны 48 мыңнан бірнеше есе көп. Ішкі миграция тоқтамай жүріп жатыр. Өсе береді.
Шешім - нарықтағы бағаны түсіру, ипотека пайызын азайту, табысты жоғарылату болуы тиіс, меніңше. Еуропа елдеріндегідей шынайы 3-4% дегендей. Бірақ біздің инфляция, Ұлттық банктің 9% ставкасымен...
Жалпы, азамат "Отбасы банкке", зейнетақы жинағына, әкімдіктің кезегіне телмірмеуі тиіс. Бірақ табыс телміртеді. Еуропадағыдай жеке банктердің қолжетімді бағасымен өз бетінше алуы керек. Сонда азаматтың үкіметке тәуелділігі кемиді. Сонда еркін азаматтық қоғам құрылуы мүмкін.
Қазір ондай емес. Содан зейнетақы ақшасын пайдалан деген идеялар туындайды...
Nurmukhamed Baigarayev
Фейсбуктегі парақшасынан