Бала тәрбиесін көбірек тыйым салуға емес, дұрысырақ мүмкіндік беруге негіздеу қажет.

22 мамыр 2022, 23:17

Үйде кім пайдалырақ ақпарат айтса, бәріміз соның аузына қарап отырамыз. Ол мен бе, әкесі ме, бой жетіп, ер жетіп қалған балалар ма, әлде алты жастағы Шәрбат па - маңызды емес.
Иә, алты-жеті жастағы балаларымыз да кейде біз білмейтін, бізге де пайдасы тиетін ақпарат айтып отырады.
Ойлап қарасам, олардың қазіргі ең үлкен ақпарат көздері:
1) мектеп, оқу бағдарламасы (мұнда оқу бағдарламасы әр мектепте әр түрлі бола береді, мазмұны жылда жаңарып отырады. Тіпті дәл қазір қоғамда болып жатқан оқиғалар мазмұнды талдау жағынан сабақта қамтылып отырады.)
2) интернет, әсіресе TikTok.
Басында жәй әнге ерінді жыбырлатып қосылып, билеп, тек көңіл көтеру құралы болып таралған TikTok - қазір мықты ақпарат құралы.
Саясатты да, экономиканы да, ғарышқа қатысты жаңалықтарды да балалар TikTok арқылы өз тілінде алып жатыр.
Өткенде Украинада соғыс басталғанда алты-жеті жастағы балаларға дейін соны біліп алып, украиндардың қандай күн кешіп жатқанын үйде айтып отырғанда таңғалғам. Сөйтсем, оны да TikTok-тан көрген екен.
Сосын бастауыш мектептегі Технология деген сабақта Coding, яғни кодтау деген арнайы бөлім бар. Онда кәдімгі IT-ді өтеді. Компьютермен ойын құрастыру, код жазу деген нәрселердің кіріспесін осылай бастауыш сыныптан бастап оқиды.
Қазақстанда да мектепке IT пәнін енгізу, балаларға арналған IT курстарын жасау қолға алынса ғой деп қалдым.
Кеше асығыс болып, АҚШ-та жәрдемақы қатарында табысы төмен отбасыларға арзан бағаға қымбат, сапалы интернет қосып беру жолға қойылғанын айттым ғой.
Негізі, айтпағым осы еді. Яғни, интернет, технология - қазір даму көзі, мүмкіндіктер көзі.
Қайбір жылы зерттеу жүргізіп, Африкадағы бір елді мекеннің тұрғындарына түгел интернет қосып беріп, компьютер әперген ғой. Сонда арада екі жыл өткенде сол қалашықтан бірнеше enterpreneur, яғни өнертабыс иелері, тапқырлар шыққан.
Сондықтан, қазір бала тәрбиесін көбірек тыйым салуға емес, дұрысырақ мүмкіндік беруге негіздеу қажет.

facebook.com парақшасынан