Балаларды осыншалықты жек көрерліктей олар бізге не істеді?

13 мамыр 2022, 01:00

FB достарым бейбіт күннің батырлары жайында жарыса жазып жатыр. Олар нағыз адамның жасауы керек істі жасады және қоғамдық сенімді қатайтуға пайдалы болатын амалды жасады. Арамызда ондай адамдардың бар екенін білу бақыт, әрине.
Алайда балалардың қауіпсіздігі негізгі тақырып болуы керек. Бірақ бұл жайында аз айтылып, аз жазылып жүр. Балалар қайтадан бейбіт күннің батырларына аманат. Күн өткен сайын "садақашыл қоғамға" айналып бара жатырмыз. Бұны байқап отырмыз ба? Тіпті 4 балалы әке мемлекеттен үй алуы үшін, белгілі бір жұмыс табуы үшін өз өмірін қатерге тігуі де қоғамдық тұрғыдан, адамдық тұрғыдан үлкен қасірет емес пе?! Мемлекеттің өз міндетін атқармай, барлық істі азаматтарға артып қоюы, азаматтардың да бұны байқамай садақашыл бір өмір сүру стиіліне қарай бағыт алуы жақсы үрдіс емес. Қоғамдағы садақашыл тенденцияны байқаған талай қу елден ақша жинап үйсіздерге үй беріп жатады. Осылайша альтруист көрініп, мейірбан көрініп, жұртқа жағып, артынша әлеуметтік медиадан көптеген фоллоуерлерге ие болып, қоғам пікірінің көшбасшыларына, ықпалды тұлғаларға айналып жатыр. "Қайырымды болуларының" арқасында олардың елдің саяси өміріне қаншалықты қауіп төндірерлік факторлар екені білінбей қалып жатыр. Ал негізінде жағдайы жоқтарға үй беру ісі болсын, тамақ беру ісі болсын мемлекеттің міндеті болуы тиіс.
Балалардың қауіпсіз өмір сүруін жиі айту, жиі қозғау және оларды қауіпсіз өмірмен қамтамасыз етуді мемлекеттен талап ету ойымызға келмей ме? Әлде басқа себебі бар ма? Баланы үйде, көлікте жалғыз қалдырып, өміріне қауіп төндіретін ата-аналарға қатаң шара қолдану керек, тіпті қарай алмаған ата-аналардың балаларын мемлекеттің қамқорлығына немесе мемлекеттің қатаң қадағалауына алу керек десем көбіңіздің қарсы шығатыныңызды жақсы білем.
Кейбір жекеменшік балалар үйінің діндар/діншіл иелері кіп-кішкентай қыз балаларын орамалмен орап ұстап отырғанын, олардың "ата-анасы" болғаны үшін әсіре діншіл білім беріп отырғанын зайырлы мемлекеттің медиасы мақтап көрсетіп жатады. Бұған қарсы шығып, мемлекеттің зайырлы құндылықтарының іске асуын талап етер болсақ тағы да жаманатты болатынымызды өте жақсы білеміз.
Баланың қауіпсіздігі мен психологиялық және физиологиялық саулығы негізгі тақырып болуы керек болған жерде "отбасы құндылығы" (баласына қарай алмаған отбасында қандай отбасы құндылығы бар екенін маған біреу түсіндіріп берсінші) немесе діннің қандай жақсы тәрбие беретіні айтылып, бірінші орынға, алдыңғы планға шығып кетеді. Баланың құқы мен еркіндігін, саламаты мен сапалы білім алуын қамтамасыз етуі тиіс болған мемлекеттің міндеті осылайша қайтадан көлеңкеде қалып қояды.
Балаларды осыншалықты жек көрерліктей олар бізге не істеді?

facebook.com парақшасынан