Сен тұр - мен айтайын!

Баланы жақсы көретін, дос болатын мұғалім керек...

  • Баланы жақсы көретін, дос болатын мұғалім керек...

    Баланы жақсы көретін, дос болатын мұғалім керек...

Қалижан ағай

Мектепті бітірсем, екінші бұл жерді желкемнің шұқыры да көрмейді деуші едік оқушы кезде. Студенттік өмір деген бір ерекше еркіндік, ғажап өмір боп елестейтін. Негізі адамдық болмысымызды мектептегі мұғалімдер қалыптастыратынын кейін ұқтық. Оның ішінде ұстаз деген атқа лайық екі-үшеуі болады. Оларды тек мектепте емес, өмір бақи қадірлеп өтесің, ерекше ілтипатпен еске аласың. Мен үшін бастауыштағы ұстазымның орны бөлек. Бастауышта Әйкен апайға жететін мұғалім болмады. Біздің сыныптың бағы жанды. Оны қазір айта алам. Ол кезде жай ғана мұғалімім болғаны үшін жақсы көрдім. Қазір әділетті болғанын, бізге көп дүниені, адамгершілікті сіңіргені үшін ризамыз.
Бірақ әңгімемді д/ш ағайға арнағым келеді. Д/ш ағай біздің сыныпқа, әр оқушысына, бүтін мектепке еңбегі сіңген кісі. Екінші сыныптан бастап бізге дене шынықтыруды Әйкен апай емес физрук беретін болды. Шамасы сол кезде қаладан оқуын бітіріп келген жас маман. Ауылдың кісісі. Мектеп орыс, қазақ. Орыс, қазақ сыныптарына араластырып сабақ өтеді. Орыс класының қыздары ағайға қатты еркелейтін. Қазақ сыныбы момындау, ұяңдаумыз. Еркелемейміз. Қалижан Сматаевич. Орыс сыныбы солай атайды. Біз Қалижан ағай дейміз. Ағай келісімен форманың мәселесін көтерді. Кроссовка, кеды талап етті. Кей бала туфлимен, етікпен қатыса беретін. Тыйды. Ұрысты. Дұрыс еместігін айтып түсіндіреді. Футболкаңды д/ш сабақтан соң жуып, жайып, келесі сабаққа үтіктеп әкел деп әрбірімізді саптан шығарып жеке түсіндіреді. Неге жоқ? Неге үтіктелмеген? Меңгердік. Ағайдың айтқанын екі етпеуге тырысып, адам болдық. Жоқшылық па екен, ата-ананың салғырттығы ма, көп балада д/ш киім болмайтын. Баланың жалқаулығы ма, кім білсін?! Соның бәрін талап етіп жүріп қатарға қосты. Біразға дейін осы темірдей тәртіпке баулыды. Неше түрлі кросс, эстафета ұйымдастырады. Биіктікке секіру, ұзындыққа секіруден зачет тапсыру. 1000, 3000 метрге жүгіру. Біз ылғи тауға жүгіретінбіз. Д/ш сабақ жаттығудан басталады. Ортаға өзі шығады, бәрін көрсетіп, айтып тұрады. Кейін үйренген соң бір баланы шығарып қойып жасататын болды. Д/ш сабақ ең сүйікті пәніміз еді. Сегізінші сыныпқа дейін Қалижан ағай бізге сабақ берді. Бала күнімізден бауыр басқан екенбіз. Одан кейінгі д/ш ағайларды Қалижан ағайды жақсы көргендей жақсы көре алмадық. Алғаш келген күні бәріміздің атымызды сұрап, кімнің баласы екенімізді білді. Маған келгенде, әкемнің атын айтып ем, "а, сен Рахманның қарындасы екенсің ғой, ол менің досым ғой" деді. Ағаңның досы сабақ бергені ағаңның өзі сабақ бергендей. Жақсы психолог екен ғой, қазір ойласам. Баланың бәрінің не әкесін, не ағасын таниды. Сөйтіп бәрін бауырына тартып, дос қылды. Өзінің бізге бөтен емесін айтқаны ғой. Бізге көп дүниені үйретіпті. Мәдениетті, адамгершілікті, тәртіпті, дене шынықтырудың маңыздылығын. Біз оны байқамаппыз. Үндемей істеп жүріп бейімделдік. Ағайдың өзін жақсы көру арқылы оның дене шынықтыру сабағын да сіңіріп өстік. Жақсы көрдік. Мұғалім арқылы пәнді сүю. Ұлдар сабақтан мүлде қалмайды. Оларға күндіз-түні д/ш бола берсе болды. Пионербол, волейбол, баскетбол, қызыл ту. Ағайдың үйреткені көп еді. Сабақтан соң қалып тағы ойнаймыз. Сол ойынмен бой өсті, ой өсті. Баскетбол десе, ішкен асымызды жерге қоятын ек. (Қазір ұлым жақсы көреді. Бірақ оның баскетболға келуіне менің ықпалым болмады. Кімге тартты екен?!)) Параллель кластың қыздарымен жарысу деген бір ғанибет еді. Мектепті дене шынықтыру сабағынсыз қалай елестетуге болады? Волейбол, баскетбол ойнамай өсіп жатқан оқушыларға жаным ашиды. Дене шынықтыруды жақсы көрмейтіндерге таң қалам?! Қайнап жатқан өмір ғой ол. Тек мұғаліміңіз Қалижан ағайдай болсын деңіз.
Ол кісі домбыра тартып, ән салатын. Сол үйдегі Айсұлу жеңгей де мұғалім, қазақ тілі, әдебиетінің маманы. Бізге сабақ бермеді, бізден үлкен сыныптар мектептегі ең мықты казаковед дейтін. Екеуі дуэтпен ән салғанда керемет көрініс болушы еді. Сол заманның креативщиктері екен ғой. Жас мамандар мен жоғары сынып оқушылары арасында квн, жарыс боп тұрады. Біз әлі баламыз. Сығалап көріп кетеміз. Жас мамандар көп. Берекелі кез екен. Тәуелсіздік келген соң бәрі тоқырады. Кіл мықты мамандар қалаға кетті. Естуімше, Қалижан ағай бастаған бір топ жас мұғалім Жандосовкадағы Алма Қыраубаеваның мектебіне кетті деген. Сол кеткеннен көрмедік ағайымызды. Бірақ д/ш сабағын әлі жақсы көреміз.

Ұлымның ата-аналар жиналысында бір ананың д/ш сабағын қысқартып тастайықшы дегенін естіп шошып ем. Ертеден кешке дейін партада отыра берген бала қалай өседі? Ең алдымен денсаулық. Сонда ғана білім қонады. Қимылы ширақ адамның білімге ынтасы артып отырады. Дене шынықтыру тәнді ғана емес, рухты да шынықтырады. Спортпен шұғылдану депрессияға түсуден сақтайды. Осыны ұмытпайықшы. Мақтайтын мұғалім көп қой. Қалижан ағай соның жарқын мысалы. Өзінің пәнін сүйген, құрметтеген мұғалім. Өзі жақсы көру арқылы бізге де сіңірді. Біз ағайды құрметтей жүріп д/ш сабағын жақсы көрдік. Өте әділ, ақиқатшыл еді. Озғанды озды, жете алмағанды жетпедің деп айтатын. Ешкімге бұра тартпайтын. Не істесең де жақсы көріп істе дегенді көрсеткен адам. Ағайдың суреті жоқ, өкінішке қарай. Бірақ Қалижан ағай сияқты мұғалім әр мектепке керек! Баланы жақсы көретін, дос болатын, осылар маған қарап бой түзейді дейтін мұғалім керек.

Shynar Ábilda
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 719    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 06.04.2020, 15:04

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31