Баланың алдында өлгенше өз биігімізде қалу үшін...
Балаға қыс айында бөлме температурасындағы суды беремін. Бүгін "қой" дегеніме болмай мұздай су ішті. Краннан мұздай суды ішті де, кетіп бара жатып: "мхм" де жөтелгендей болды. Тілімді алмай мұздай су ішкенінің дұрыс болмағанын дереу дәлелдегім келіп:
- Әне, "мұздай су ішіп тапқан "пайдаң" осы. Жөтеліп қалдың! - дедім. Даусым қаттырақ шықты.
Сөйтсем, Әбілқайыр бұрылып қарады да, қасын көтеріп тұрып: "Анашыыым!" деді ғой.
— Анашыым! Бұл - жөтелу емес, тамақ қарлығу деп аталады, — деді зілдей қып.
Күтпеген жауапқа тосылып қалсам да, жеңдіргім келмей:
— Тамақ қарлығу да сол мұздай су ішкеннен болады. Алдымен тамағың қарлығады, сосын ауырады, сөйтіп жөтелесің, - дедім.
— Тамақ қарлығудың басқа да себептері болады...
— Басқа себеп жоқ, мұздай су ішкеннен болады...
Әбілқайыр қатты күйінген адамша бір тесірейіп қарады да, жақындап келіп, бетіме үңіле:
— Анашыыым! Мен жөтелген жоқпын! Жай ғана тамағым қарлықты! — деді де шалт бұрылып шығып кетті.
Әлі жөтелмеген баланы "жөтелдің, ә, жөтелдің" деп жағасынан алып артық кеткенімді сол кезде түсіндім. Бала есейіп келе жатыр, шүкір. Осылай, өз позициясында үлкендерше тұрып, біздің ағат кеткен тұсымызды ұқтыра алатын сәттері жиілей түсуде.
Бұл әлі төрт жарым жастағы Әбілқайыр. Артық кетіп бара жатсақ, өстіп ұрмай-соқпай орнымызға қоя салады. Он төрттегі, жиырма төрттегі Әбілқайырмен қалай пікірталастырар екенбіз?
Бізге даму, іздену керек. Алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек, әлгіндей болмағанды болдырып, қара аспанды төндірмеуіміз үшін...
Баланың алдында өлгенше өз биігімізде қалу үшін...
"Қатын да болсаң қол жумай,
Асыңды салма қазанға.
Көргенсіз болсаң сыйламас
Өзіңнен туған балаң да" деген жыраулардың даналығын есімізден шығармайық.
facebook.com парақшасынан