Бай мен кедейдің арасы жер мен көктей болып жатқаны ойландырмай ма?

14 желтоқсан 2021, 10:48

Елдегі-өңірдегі мемқызметшілердің жалақысы тәп-тәуір көтерілді. Мемлекеттік салада еңбек ететін мамандар маңдай тер жемісін татқаны дұрыс-ақ. Осы жерде облыс әкімдері мен сол деңгейлес атқамінерлердің еңбекақысы еселеніп, миллиондардың ұзын-ырғасына шығып қалды. Ал, жарайды! Сонда бюджеттік мекемелердегі азаматтық қызметкерлердің жағдайын кім ойлайды? Министрлер кабинеті мен халық қалаулы(сыз)ларын бай мен кедейдің арасы жер мен көктей болып жатқаны ойландырмай ма? Шағын және орта бизнестің ыңыршағы шығып жатыр. Инвестициялық жоба деген әдемі ертегілер де сұйылып барады. Әкімдер миллиондар алады деген сайын, базардағы азық-түлік пен киім-кешек бағасы жылдан-жылға шарықтап бара жатыр. Масыл болма, екі-үш жерде еңбек ет, табыс тап деген құрғақ ақыл өтпейді енді. Үкімет мыңдаған жұмыс орнын құрдық деген есеп береді жыл сайын. Соның үштен екісі маусымдық (сезонный) жұмыстар. Оның өзінде 60-100 мың теңге, шамасы, орта жалақы. Малшы, механизатор, агроном таба алмай жатырмыз деген әңгіме бар. Бірақ адамдар ондай жұмысқа неге бармайды? Зерттеу керек. Бұрынғыдай екі-үш шөлмек ұстатып жұмыс істеткізем деген түсінік әдірем қалды. Екі-үш саладағы еңбекақының көтерілуі, нарыққа, халық қалтасына ауыртпалық әкелуде. Сондықтан статистикалық өлшемдер стандарттарын өзгерту керек. Реали қараңдар, атқамінерлер! Бәлки, басшылардың еңбекақысын еселеу дегенді сәл құнттау керек. Қарапайым мамандардың қалі нешік деп сауал тастау керек шығар. Оңтайландыру, жұмыс орнын қысқарту процесін де зерттеу керек. Мекемелерде қаптаған штаттан тыс кеңесші, бірдеңесінші орынбасар, аты да заты түсініксіз ұйымдардың бюджет сауып отырғанына көз жүгірту керек.
100 мың теңге жалақы бердік деп, қарқ қылғандай болмаңдар. Әлеуметтік зерттеу институттарын жарыққа шығаратын кез келді. Вайнерлер жақсы, комбайнерлер қайдан табамыз? Орта тап қалыптаспай, халық пен билік арасы опырайып қалатынын ойлайтын кез жетті!

Нұртай Текебаев

Фейсбуктегі парақшасынан