Бір-бірімізге сенімімізді жоғалтпайықшы, адамдар!
Тағы да такси болып жүргендегі бастан кешкендерім ғой сол. Қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да тағы да каспи голд туралы жазам бүгін.
Бірде бір жігіт мінді. Қаланың бір басынан екінші басына дейін екен. Яндекс жарықтық 1100 теңге шығарды. Клиентті мінгізіп алып жүйткіп келемін. Бір кезде клиентім "10 мыңға сдача шыға ма?" - деп сұрады. Мен жоқ екенін айтып, бір заправкаға бұрылдым. Қырсыққанда пересменка екенін айтып майдалаудан бас тартты. Жаппарқұлда жан бар ма, ары қарай жыбырлай жөнелдім. Алда ешқандай заправка жоқ екенін білетін мен клиенттен каспи голдының бар-жоғын сұрадым. Клиент каспи голды бар екенін, бірақ онда ақша жоқ екенін айтты. Машинасын жөндетуге запчасть алып қойғанын айтты. Машинам бұзылғанда өзімнің де тиын жеткізе алмайтыным есіме түсіп, каспи голдына ақша түскенде жібере салуға болатынын ескерттім. Клиентім қуанып, қазір жарты сағатта жіберетінін айтып, қаудыр-қаудыр етіп қоштасқан. Сол күйі аллаху акбар болды ғой сол 1100 теңге.
Екіншіде бір жігіт мінді. Міне салып каспи голдымның бар-жоғын сұрады. Мен бар екенін айттым. Қуана мініп алды. Жол бойы әңгімелесіп келдік. Түсер кезде руымды сұрады. Мен қожа екенімді айттым. Әлгі жігіт "мен де қожамын" - деп қуанып қалды. Мен содан шежіре туралы біраз нәрсе айтып... жетер жерімізге жетіп те қалыппыз. Тұтынушым телефонын бір жалт еткізді де, "Братан, каспи голд істемей тұр екен. Істесе болды, сразу жіберемін" - деді. Мен, оған құдайдай сеніп, дальше кеттім. Сол күйі ол 900 теңге де аллаху акбар.
Бүгін өзге ұлттың жас отбасы мінді. Тышқандай-тышқандай 2-3 баласы бар. Яндекс жарықтық 500 теңге шығарды. Ілбіп келеміз. Жолда күйеуі "қайтар жолға ақшаны қайтеміз?" - деп әйелінен 2-3 рет сұрады. Әйелі көңілсіз басын шайқады да қойды. Түсер кезде 1000 теңге ұсынып жатыр. Менде сдача шықпай қалды да, "Қоя бер. Төлемей-ақ қой. Менде сдача жоқ" - дедім. Сөйтсем, әлгі жігіт "Каспи голдың бар ма? Жарты сағаттан кейін жіберсем бола ма?" - деп сұрады. Мен әйелдің каспи голдын бердім де, ары қарай жорыққа кете бердім. Аузым 3-4 мәрте күйген мен ол жігіттің төлейтініне сенген де жоқпын.
3-4 сағат өткен соң бәйбіше звондап тұр: "Бір жігіт звондады: "Таксидің ақшасын аудардым" - деп" - дейді. - Алдында тел соққанын естімей қалыппын. 2-3 рет звондапты - деп қояды еще.
Бір-бірімізге сенімімізді жоғалтпайықшы, адамдар!
Ержан Тәліп
Фейсбуктегі парақшасынан