Бір жылға кеткенде мынау, үш жылға барып келсе ел болып еңірейтін шығар...
Көшенің арғы бетіндегі көрші, ұлының армиядан келетінін екі күн бұрын айтып, қонаққа шақырып қойған.
Поездан сағат түскі бірде түседі екен. Он екіде жиналдық. Қуанышты аздап "бөлісіп"жүрміз, қора жақта. Шәй-тамаққа бала келгеннен кейін отырамыз деген соң. Сағат бір жарым болды. Екі болды. Әлі жоқ. Поезд уақытында келді, перроннан күтіп алдық деген хабар алдақашан болған...
Қақпа, ауланың маңайына жалаушалар, шарларды іліп, әлемештеп тастаған. Аппаратура музыканы ұрып тұр. Масаңдау қонақтар тыртаң-тыртаң билеп қоямыз. Атыраудан құда күткеннен бетерміз...) "Дембеліміздің" қарасы көрінетін емес. Шыдамымыз таусылып, бір жағынан қарында ашып, қақпаның алдына шығып, вокзал жаққа өңешімізді созып қарап қоямыз. Қарашаның қар аралас жаңбыры да, арасында жауып қояды. Әтеңелеттің баласын біреу байлап қойғандай әлі жоқ. Сағат үшке кетті. Келе жатыр деген сайын, қақпаға қарай өре түрегелеміз...
Ақыры шаң берді-ау. Бір машина клаксонын бажылдатып келді де, көшені жауып тастады... Арт жағында... Жанқожа батыр көшесінің бойында... бүкіл машинаны иіріп...қолында гүлі бар...қасында емпеңдеген екі жігіт...тұла бойын "апормит"етіп тастаған "солдатымыз"... төрт жыл Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен елге келе жатқандай, екі езуі екі құлағында шауып келе жатыр екен... Келе әке-шешесінің алдына "смирно"тұра қалды да, қолын шекесіне тақап, честь беріп, "докладывать" ете бастады... Сосын гүлді шешесіне берді де, құшақтап жіләді... сосын әкесін құшақтап жіләді... сосын әжесін құшақтап жіләді... сосын бәрімізбен көрісіп шықты... "Вроде бы" ешкім қайтыс болмаған сияқты еді... Сөйтсек "сағыныштан" жіләп жүр екен...
Бір жылға кеткенде мынау, біз сияқты екі я үш жылға барып-келсе... құдай сақтасын... ауыл-ел болып еңірейтін шығар...))
Малик Ораков
Фейсбуктегі парақшасынан