Бір көкеміздің бас ауырғанды басатын қарапайым дәріге дейін шетелден әкелетінін білем
Кеше дәрігерлерден консилиум өткізуді сұрадым, "неге барлығын жинап консилиум өткізбейсіздер" деп өзім айтып, солай жөн сілтедім. Бүгін таңертең қызымды доцент, профессорлары бар барлық мамандар қарады. Кеңес өткізілді. Енді қорытындысын тосамыз, олар шешімдерін жазып береді екен.
Осы деймін де, бізде жыл сайын медицина дамып жатыр, телемедицинаның арқасында қаншама шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнаттық,-деп министрлік те, басқа ауруханалар да, институттар да есеп береді. Ал біздікіндей "особый случайда" медицинамыз ондай мүмкіндіктерді қолданып көрген жоқ. 2018 жылы қызымды Астанаға апару үшін де санавиация ұйымдастырайық, қол ұшын берейік деген ешбір инстанция болмады. Өз күшіммен әкеттім Астанаға. Астанада 9 сағат 20 минут ота жасалып, қызым аман қалды. Ал Алматыда ұстап отыра бергенімде қызымнан айрылатын едім. Одан былтыр Оңтүстік Кореяға кетерде де көптің көмегімен, журналистердің, туған-туыстың қолдауымен апардым. Енді биыл қайтадан сол дерт қайталанып, қызымның приступтары тіптен күшті болып, іші-бауырын ұстап домалап қалды. Таңертең врачпен сөйлестім "зонтты алдық, ақырындап тамақ іше бастады, жұлында ауруды басатын эпидуралка тұр" деді.
Жақсы, қазір басылды делік, олар ауруын басып бір аптада үйге шығарады. Бірақ артынан он бес күн өтер өтпестен қайтадан приступтер басталады. Соңғы төрт жыл бойы осы. Былтыр Кореяға барып келген соң бір жыл мүлде ауырмадық. Енді тура бір жылда барлығы қайта басталып тұр
Сонда деймін де, мұны түпкілікті емдеуге біздің медицинаның қауқары жетпесе, біз осылай өздігімізден ізденіп, өз бетімізбен жапанда жалғыз жүрген жан тәрізді баланы шетелге ала қаша беремін бе?! Шынымды айтсам, мен сәл түшкірсе шетелге емделетін біздің министрлер мен шенеуніктер сияқты аса мүмкіндігі зор адам емеспін. Мен бір көкеміздің бас ауырғанды басатын қарапайым дәріге дейін шетелден әкелетінін білем.(Біз ондайда шетелде баяғыда қолданыстан шыққан аспирин ішеміз ғой) Бізде олар сияқты әлеует қайда? Біздей қарапайым адамдарға медицинасы бар, басқасы бар бала керек болса өзің қимылда деп отыра беретін бетпақтығын қашан қояды осы?! Жалғыз менің басымдағы дүние емес, қаншама сырқат балалардың ата-анасы осылай шырылдап жүр. Қаншама адамдар медициналық қателіктен зардап шекті?! Сонда біз өзі осылай шырылдай береміз бе?! Үнімізді еститін біреу бар ма өзі?!