Бір нәрсені түсіне алмай-ақ қойдым.
Бұл жұрт телефонмен сөйлескенде неге нақтысын айтып қана тоқтай қоймайды? Әлде адам қартейген сайын мылжың бола бере ме?
Бір шаруамен хабарласасың. Анау дәл сенің қоңырауыңды өліп-өшіп күтіп отырғандай, жабыса кетеді. Әңгімені әріден бастап, саған қатысы жоқ (мүлдем қызық емес) қайдағы-жайдағыны мыжып тұрып алады. Тоқтау деген жоқ! Үтір, нүктесіз!
Бір айтқанын бірнеше қайталайтынын қайтерсің! Немесе өткендегі айтқандарын толықтырып, арасына аздап жаңа мәлімет қосып жеткізеді.
Ұялғаннан амалсыз тыңдайсың.
Телефонның дыбыс күшейткішін қосып қойып, басқа шаруамен айналыса беретін кездерім де болады. Анда-санда "иә, иә" деп, үн шығарып қоям. "Әй, қайда жоғалып кеттің?" демес үшін.
Оның жағы талып, талықсып барып тоқтағанда, өзіңнің не үшін қоңырау шалғаныңды айтпай-ақ қоя саласың. Өйткені әңгіменің жалғасы тағы жарты күнге созылуы мүмкін.
Бекер қоңыраулатқан екем дейсің (іштей).
Содан кейін ұзақ уақыт оған хабарласуға жүрегің дауаламайды. Ананың армансыз шерін шығаруына қажетті көп уақыт таба алмай қор боласың.
Ал оның қашан көрсең өкпесі қара қазандай болып жүргені, хабарласпайсың деп.
Қайтіп хабарласасың, телефонның құлағына аш кенеше жабысып қалады, зорға құтыласың.
PS: Уақыттың қадірін білмеу мен біреудің уақытына қиянат жасаудан өткен күнә жоқ шығар.
facebook.com парақшасынан