Біреулер өздерінің қылмысын жасыру үшін Желтоқсан оқиғасын ұмыттырып жібергісі келетінін қайдан білсін?
Мәскеудегі ең үлкен Ресей мемлекеттік кітапханасына жиі барам. Кітапханадан шығып, бес минут жаяу түссеңіз, Қызыл алаң, Кремль. Бір күні кітапханадан шығып, Қызыл алаңға бардым. Англиядан келген профессормен танысып қалдым.
&ndash Қазақстаннанмын дейсіз бе? Желтоқсан оқиғасында қаншама қазақ жастарының қаны төгілгенін, олардың тәуелсіздік үшін күрескенін оқығанда еріксіз жыладым. Өзім өмірде болмаған, көрмеген елдің жастарының соншалықты мықты екеніне таңғалдым. Біздің ағылшын жастары мұндай ерлікке бара ала ма? Олардың рухы қазақ жастары секілді мықты ма екен?» деп ойладым. Қазақ тарихы туралы ағылшын тілінде материал өте аз. Әсіресе, Желтоқсан оқиғасындағы қазақ жастарының ерлігі туралы барлық тілде жазылуға тиіс, &ndash деді ол.
Қазақтың, менің тарихымды білетін ағылшын профессорымен жылы қоштастық.
Бірде Мәскеудегі Третьяков галереясын аралап жүріп, америкалық қызбен танысып қалдым. Әкесі мен шешесі талай жылдан бері Мәскеуде тұрады екен. Өзі Американың Техас штатында тұрады. Менің Қазақстаннан екенімді білген Кэтрин сөмкесінен «Қазақстан» деген жазуы бар кепканы шығарды. Осыдан үш жыл бұрын Алматыда бір ай өмір сүріпті. Мәскеуге қыдырып келген қыз сөмкесіне Қазақстанға деген сүйіспеншілік ретінде «Қазақстан» деген жазуы бар бас киімді салып келсе, ішің жылып қалады екен.
&ndash Кэтрин, Алматыда есіңде ұмытылмастай қалып қойған қандай жерлер? &ndash деп сұрадым.
&ndash Тәуелсіздік монументі. Неге дейсіз бе? Мен қазақтардың тәуелсіздікті қантөгіспен, қантөгіспен болғанда да, өзім секілді жастардың алаңға шығып, таяқ жеп, қудаланып, асылып, атылып өлтірілгенін естідім. Қазақстанға барып, алаңға барып, Тәуелсіздік монументін көргеннен кейін барып қана осы оқиғаны естігеніме ұялдым. Сосын іздеп жүріп, Желтоқсан оқиғасы туралы көптеген мақалалар оқыдым. Неткен мықты жастар! Тура сол Тәуелсіздік монументі тұрған алаңға Желтоқсан оқиғасында ерлік жасаған жастарға құрмет ретінде үлкен, өте үлкен ескерткіш орнатылуы керек қой, &ndash дейді Кэтрин.
Кэтрин қолынан келсе, біреулер өздерінің қылмысын жасыру үшін Желтоқсан оқиғасын ұмыттырып жібергісі келетінін қайдан білсін? Қазақ барда қазақтың тарихы, қанды тарихы ұмытылмайды.
Тәуелсіздігіміз баянды болсын!!! Желтоқсан оқиғасының құрбандарының әруағына бағыштап оқыған дұғаларыңыз қабыл болсын!