Бухани қаңғыруға да, рухани жаңғыруға да бастайтын бірінші кезекте - өзімізбіз
Көшеде темекі шегіп келе жатамыз да, тұқылын жерге тастай саламыз.
 
Сағызымызды шайнаң-шайнаң еткізіп, ешкім байқамай тұр-ау дегенде түкіріп жібереміз.
 
Тіпті, қолымыздағы бос бөтелкенің өзін қоқыстың дұрыс жәшігіне тастамаймыз.
 
Одан қалса, біреумен ұрысуға, дауласуға дайын тұрамыз.
 
Сөйтеміз де үкіметті жамандаймыз, билікке лағынет айтамыз, қоғамды ғайбаттаймыз, бухани қаңғыру дейміз.
 
Бәрі өзімізден басталатынын ұқпаймыз. Өзіміздің санамызды жаңғыртпай, қоғамды дамыта алмайтынымызды түсінбейміз.
 
Өмірді өзгерткің келсе, алдымен өзіңді түзе! Бәрі қарапайым ұсақ-түйектерден тұрады.
 
Мәселен, кешкісін аулаға көлігіңді қояйын десең, бірнеше мәшине сиятын жерде "талтайып" үш-төртеуі ғана тұрады. Ұқыптырақ қойсақ, үш-төрт көліктің орнына бес-алтауын қоюға болатынын түсінбейміз, түсінгіміз де келмейді.
 
Кезек күтіп тұрсаң, алдыңды кес-кестеп 10 адам өтіп кетеді.
 
Кептелісте бір көлікке жол берсең, артынан қыстырылып тағы бесеуі килігеді.
 
Әйтеуір, бәріміз эгоистпіз. Басқаны ойламаймыз. "Мен, мен, мен" болып бара жатырмыз.
 
Сіз деп сыпайы сөйлеген адамды басынуға дайынбыз.
 
Сөйтеміз де, қоғамды кінәлаймыз. Өзіміздің сол қоғамның мүшесі екендігімізде шаруамыз да жоқ.
 
 
Әрқайсымыз алдымен өзімізді түзейікші. Бухани қаңғыруға да, рухани жаңғыруға да бастайтын бірінші кезекте - өзімізбіз.
 
 
 
Aziz Zhumadil
Фейсбуктегі парақшасынан