Бұл əдет жалпыға тəн өмір сүру қағидасына айналып кете ме деп қауіптенем
ЖАНЫМ АУЫРАДЫ.
Ауылға барып жабырқап қайттым.
Бізге беймəлім бір күш ізгілік ұғымдарды адамдар санасынан ығыстырып жіберген бе дерсіз. Өркениетке ұмтылу былай тұрсын, обал-сауап деген түсінік адамдар жан дүниесінің тереңіне бұғып алып, сыртқа шыға алмай тұншығып қалған ба деп қалдым. Неткен аянышты көрініс!
Адамның адамдығын тереңіне бұғаулап, əрекетін əлдеқандай теріс бағытқа бұрып, бетіне пенделік перде қаптап қойған қандай күш? Шынтуайтында бəрі бəрін көріп-біліп, іштей түсініп тұр. Бірақ сыртқы əрекеті басқаша. Неге олай?
Неге дерің бар ма? Кімнің таңы атады, соның тауығы шақырады. Байлық пен билік кімнің қолында, соның дегені болады. Негізінде қарапайым халық ондайларды іштей жақтырмайды. Бірақ жусаннан аласа, бетегеден биік болып жүрсе, күні тыныш өтетінін, кері жағдайда басы бəлеге ілігетінін ұғуға ақылы жетеді. Сөйтеді де қара басының қамы үшін ананың ығына жығыла береді. Əуелдем мықтының қолына су құйса, анша-мұнша сарқыт бұйырып қалатынын да жақсы түсінеді. Осыдан келіп, "не болса ол болсын, балдарға сүт болсын" деген ниет басымдылық тапқанға ұқсайды. Бірді-екілі көзі ашықтау дегендірінің ұстанымы - орысша айтқанда "тише едешь, дальше будешь ".
Бұл əдет жалпыға тəн өмір сүру қағидасына айналып кете ме деп қауіптенем. Əлде солай болып үлгерді ме екен?
Ауылда сыбайласқан жемқорлық дертіне үрке қараған жанды байқамадым. Жең ұшынан жалғаса қойып, шаруаны шешіп тастауға əбден үйренген. Еш əбестігі жоқ. Басқа жолдың жоқтығына əбден көздері жеткен. Бұлай болмайды десең беруші де, алушы да ақымақ көргендей таңданады.
Адамзат, ел, жер, мемлекет мүддесі деген ұғым - мүлдем жат. Ол не өзі? Өзім күнімді зорға көріп жүргенде басқаны ойлау менің не теңім?
Көпшілікте осындай түсінік қалыптасқан.
Əйтеуір бір өз əлемінде булығып, өз сорпасында өзі қайнап жатқан мешеу пенделер. Олардың ешкіммен, ешкімнің олармен ісі жоқ.
Өз құдығыма өзім түкірейін деген ниетім жоқ, алайда сол құдық суының лайланып кеткеніне жаным ауырады!
Мұны қайтіп тазалауға болады?
Гүлмәрия Барманбекова
Фейсбуктегі парақшасынан