Бұл халыққа үлкен қатер!

01 тамыз 2021, 21:47

Құрметті Маңғыстаулық жерлестерім!
Сақтанғанды Алла сақтайды.
Әлемді жайлаған жұқпалы індет соңғы күндері күннен-күнге күшейіп барады. Ауруханалар лық толды, енді бұл індет тоқтамаса, ауруханаларда орын да болмайды. Бұл халыққа үлкен қатер!
Қазір халқы көп қала, ауданда ғана емес, бұл індет шағын ауылға да келіп жетті.
Қаншама адамдар ауруханаларда, қаншама адамдар үйде ем алуда, жансақтау бөлімінде өлім мен өмір арасында жатқандар да өте көп.
Талай адамдар қайтыс болып жатыр.
Күнде қаралы хабарды естиміз, тіпті етіміз де үйреніп барады.
Ауырған адамдардың көбі індетті садақа-тойдан жұқтырғанын айтуда.
Сондықтан да, халық көп жиналған жерлерге бармаған дұрыс.
Бұл індет сәл азайғанша тойларды тоқтата тұруға шақырамын. Үйлену тойларын, құдалықтарды, шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, мерей той, 1 жас, туған күндерді тойлауды уақытша тоқтата тұрайық.
Қазір көптеген жерлерде қайтыс болған адамдардың, қарасын, 3-ін, 7-сін бірге өткізді. Бұлда дұрыс шара деп санаймын.
Шама келгенше садақаларды, молдаға құран оқытып, садақаға сойылған малдың етін жағдайы қиын отбасыларға таратса да болады. Алла бәрін қабыл етеді.
Біздің қолымыздан келетін басқа шара шамалы.
Ал вакцина алу, алмау әр азаматтың өз еркі болсын.
Жұқпалы індетпен күресіп жатқан барлық дәрігерлерге, медбикелерге, мед қызметкерлерге Алла риза болсын!
Бұл індет тез кетсін, ауырып жатқандар жазылсын!
Еліміз аман, халқымыз бақытты болсын!