Бұл таза алыпсатарлық пен алдау

28 ақпан 2022, 18:04

Ресейдің  Украинаға соғыс жариялауы Қазақстандағы валюталық дүрбелеңге ұласты. Ойланып қарасақ, бұл таза алыпсатарлық пен алдау.

 

Себебі санкция Ресейге салынды: ұшақтары Европаға ұша алмайды, банк жүйесі халықаралық жүйеден шығарылды,, ірі банктердің активтері бұғатталуда, завод, фабрикаларына шет елден қажетті технологиялар мен бөлшектерді алуға тиым салынды, саяси шешім қабылдаған барлық басшыларға -Путин, Лавров, Шойгу, депутаттар мен телеарналардағы «бұлбұлдарға» дейін шет елге шыға алмайтын болды, олардың шет елдегі қаржылары іздестірілуде. Ресей рублі құнсызданды. Бірақ осы шаралардың Қазақстанға әсері қандай?

 

Статистикалық деректер бойынша біз екі ел арасындағы сауда балансынан артық 7 млрд доллар көлемінде Ресейдің өнімін сатып алудамыз.  Бұл өнім қымбаттаған жоқ, арзандамаса. Екінші, біздің Ресейге шығаратын өнім сұранысқа ие. Себебі Ресей экономикасы 2014 жылдан кейін де санкция жағдайында жұмыс істеп үйренген.

 

Ал енді осы бұрын соңды тарихта болмаған Ресейге жойқын санкция Қазақстанды айналып өтпейтіні белгілі. Бірақ Ресейге салынған санкциялардың кері жақтарын сезінбей жатып бізде валюталық дүрбелең басталды. Ресей әскері Украинаға кіріп үлгермей жатып, біздегі қаржы топтары дүрбелеңді бастап жіберді.  Ескі билік тұсында валюталық махинациялардан пайда тауып үйренген бұл топ ескі әдетіне басып отырғаны белгілі. Уақытында осындай топтар билікпен ауыз жаласқаны бір бөлек, соларға халықты алдауды да үйретті. Осы топтың билік пен халықты алдауға арналған аңыздары:

 

Бірінші миф. Қарапайым халықта валюта жоқ. Оларға валюта курсы ісер етпейді. Бірақ тамақ, жанармай осының салдарынан тез арада қымбаттайтынын жасырады.

 

Екінші, миф. Теңге құнсызданған сайын шет елге товарымыз тез өтеді деген аңыз. Бұл экономикаларда қолданылатын тәжірибе. Бірақ бұл тәсілді қолданғаннан кейін халықты әлеуметтік қорғау шараларын да жүзеге асыру қажет. Осындай тәсілдің нәтижесінде қазақстандық трансұлттық компаниялар байығаны белгілі, бірақ қымбатшылықтан халық кедейленді.

 

Үшінші миф. Нарықтық қатынаста валютаны реттеудің қажеті жоқ деген либералдық теорияны саяси-экономикалық жағдайға қарамастан ретсіз пайдалану. Бұл нарыққа қажетті нәрсе. Бірақ ешбір елде валютамен алыпсатарлық жасауға рұқсат берілмейді. Оны Ұлттық банк реттеп отыруы керек. Өкінішке орай Ұлттық банк осындай кезде басын құмға тыққан түйеқұстың саясатын ұстанады.

 

Қаржы талдаушысы Расул Рысмамбетов бұл дүрбелең биржадағы екі-үш ойыншылардың келісімінен пайда болды деп есептейді. Ел Президенті Қ. Тоқаев елдегі экономикалық тұрақтылықты сақтау басты мәселе деп отырған кезеңде осындай дүрбелең не үшін қажет?  Ал қаңтар оқиғасының жарасы жазылмай тұрғанда елде теңгенің құнсыздануы әлеуметтік жағдайға әсер ететіні де сөзсіз.

 

 

 

Шарипбек Амирбеков

ФБ парақшасынан