Сен тұр - мен айтайын!

«Бұлар неге ұйықтайды?» - деп зерттесем, ертегі тыңдаған сайын қалғып кетеді екен

  • «Бұлар неге ұйықтайды?» - деп зерттесем, ертегі тыңдаған сайын қалғып кетеді екен

    «Бұлар неге ұйықтайды?» - деп зерттесем, ертегі тыңдаған сайын қалғып кетеді екен

ҚЫРЫҚ ӨТІРІК БАЙҚАУЫНДАҒЫ ТАЗША ҚЫЗДЫҢ ӘНГІМЕСІ)))


МИСЫЗ АДАМ КӨРДІҢ БЕ?


Анадан туа сала сөйлеп, жылдап емес, сағаттап өсіппін. Анамның айтуынша, мен туылар күні тіпен толғатып, қиналмапты да. Етегінен домалап түсіп, жүгіріп кеткен екенмін. Одан бері 33 жыл өтті ғой. Бірақ менің жасым 333-ке келіп қалды.
Атым әлемге жайылған танымал тұлғалардың бірімін. Ерекшелігім сол - түйені түгімен жұтады екенмін. «Жігітке сай жеті өнерден» де кенде емеспін. Әлемнің жүздеген тілінде еркін сөйлейтін мен бір кездері Ленин, Сталинмен табақтас болғанмын. Әлгі Әміриканың президенті болған Буш пен Трамптарың қолыма су құюға да жарамайды. Өткен жылы Австралияда өткен үлкен байқауға шақырту алдым. Онда бір тонна тамақты бір мезетте жеп тауысқан адамға ат басындай алтын былай тұрсын, алтын самолет мінгізеді екен. Австралия дегенің мынау тұрған жер. Аулада үй күзетіп тұрған итімді жайдақ мініп алып, «Австралия, қайдасың?» - деп жол жүріп кеттім. Қанша сағат жүргенімді білмеймін, бір қарасам, үлкееен стадионда жүрмін. Әлемнің түпкір-түпкірінен аталмыш жарысқа қатысушылар жиналған екен. Көрермендер саны да аз емес. Әне-міне жарыс басталып, қытайдың түштиған спортшысы алаңға жүгіріп шықты да, ұйымдастырушылар берген тамақты қарбытып жей бастады. "Қытай оңайлықпен өлмейді", - деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, әлгі түштақай бір-екі асаған соң түрі кесірткеге айналып, көзі бақырайып тырапай асты. Екінші шыққан спортшы да дәл сондай жағдайға түсті. Өлтіргенде де бесінші болып алаңға шыққан өзбек көршіміз өлтірді. Алдына келген тамақты жеп алады екен да, артынан көк шайды бөшкесімен сіміреді екен. «Әй, осы озады-ау!»
Жоооқ, бұл да көпке барған жоқ. Жарты тоннаны жеп тауыса бергенде қарны жарылып, өлді де қалды.
Өлгеніне сенбей: «Әй, көрші, тұрсаңшы!» - деп қайта-қайта тепкіледім. Шынында да ана әлемге аттанып кетіпті, жарықтық. Қатысушылардың барлығы шетінен құлап жатқан соң мен де бір түрлі жүрексініп, қорқайын дедім. Қашып кетсем бе екен?
Иә, қашайын. Қашып бергенім сол, қарасам, екі аяғым жоқ.
Бұл қайда кеткен? Сөйтсем, әлгі қытай жарыс басталмастан алдын байқатпай ұрлап алған екен. Сірә, жарыстан аман шықса, менің аяғымды аяғы жоқ біреуге сатпақ болғаны ғой!
Аяғымды өліп қалған қытайдың төс қалтасынан тауып алдым. Өзекті жанға бір өлім! Өлсем, өлермін! Не болса да қатысу керек!
Мініп келген итіммен "денсаулық үшін" деп бір-екі шелек арақты қағып салдым. Итімнің басынан иіскеп, бетінен сүйіп! "Мен өліп қалсам, елге сәлем айта барарсың" - деп қайта-қайта айта беремін. Арыстаннан он есе келетін итім де көзіне жас алып: «Жоқ, сен өлмейсің!
Біз жеңеміз!» - деп жүрегіме жел беріп жатты.
Атым аталып, ортаға шыққанда айналаммен мың қоштасқан шығармын. Жоооқ, 1 тонна тамақты жеу түк емес екен. Түйені түгімен жұтып жүрген мен үшін Австралияның шөптен жасалған тонна тамағы жұғым да болған жоқ. Қолымдағы үлкен қазанды ұсынып: «Тағы да құйып берші», - деп қиылғанымды қайтерсің? Жұрттың бәрі аң-таң. Көрермендер арасында арабиядан түйемен келген бір көрермен бар екен. Көзім қарайып жүріп, әлгі арабты да түйесімен қосып жұтып жіберіппін. Содан не керек, жарыс мәресіне жетіп, алтын ұшақты мініп елге оралдым ғой. Жұрттың бәрі «жу-жу» деп жүгіріп жүр. «Өлгенде көрген ұлы той!» «Отыз күн ойымды, қырық күн тойымды» жасап, бір жырғап қалдық. Тойдан кейін іш пысып, алтын ұшағыммен дүниежүзіне сапар шегіп, тіпті одан да жалығып, іш пыстырмайтын бір нәрсе ойлап табу керек болды. Ұрғашы қойды еркек, еркек қойды ұрғашы етіп жіберсем бе? Шет ел аралап жүріп, осындайдың талайын көрдім ғой. Демек, мен көрегендімін. Бұл біздің елге келмеген мода. Осы моданы ең алғашқы болып елге әкелсем, атым тағы да айдай әлемге жайылар еді. Өздігімен жайылып жүрген қойларды өз тілдерінде маңырап шақырып, ойын бұзып үлгердім. Аттарың жер жарып, әлеуметтік желіде лайк дейсің бе, коммент дейсің бе, бұршақша жауар еді. Ұсынысыма келіскен қойлар бірі артық етін алдырса, бірі ет салдырып, жүндерін түрлі түске бояп көрген екен, ұнап қалыпты. Содан олар өздері ғана өзгермей, айналысындағы малдарды да тобына қосып, өзгеріп жатқан көрінеді.
Қашанда бір нәрсе ойлап табатын әдетіммен тыныш жүрген текелердің сақалдарын өсіріп, балақ жүнін қысқартып, қолдарына мүйіздерін ұстатып: «Бір-біріңді сүзіңдер», - деп қызықтап та көрдім. Оларға бұл ойым ұнап, айналасына өзі сияқты теке, ешкілерді жинап үлгеріпті. Қазір өздерімен өздері бір төбе. Малдар мен түйелерді көрсе, "шошқа келе жатыр" деп сүзе береді екен. Оны қойшы, сонау ескі заманда, яғни көне жазулардың бірінде "төбеде отыратын депутаттарды ұйықтап отырады " деп таспен қашап жазып кетіпті. «Бұлар неге ұйықтайды?» - деп зерттесем, қиял-ғажайыпқа бергісіз ертегі тыңдаған сайын қалғып-мүлгіп кетеді екен. «Ұйықтап жатып сөйлейді ме, кім білсін, шығарған заңдары да қызық», - дейді таста жазған жазуда.
Сайтанның сапалағына еріп, малдарды бұзып, арасына іріткі салғанша, неге саясатқа араласып көрмеске? Бір түнде "Сайлау" деген сөз ойлап таптым. Ұйқыбастардың арасынан лидерлерін анықтап, оларды да бір сынап көргім келді. Сайлауда бақ сынауға түлкіні, арыстанды, тауықты, итті, тіпті қоянды да шақырдым. Әр қайсысы халықпен кездескенде сайлауалды бағдарламасын айтып, сайрап жатты. «Аң патшасы &ndash арыстан» басқа аңдарды қорқытып: "Мені сайламасаңдар, орманда жүре алмай қаласыңдар", - деп айбат шексе, түлкі дегеніңіз майда тілімен алдап, тәтті тілмен баурайды екен. Ал тауық қыт-қыттағанмен, түк те шығара алмапты. Білетіндер тауықты «әншейін арыстанның жанына түскен кезекші үміткер ғана» деп айтып жүр.
Қорқақ қоянға келер болсақ, ол «ешкімнен қалмайын» деп жай ғана үміткер ретінде тіркеле салған екен.
Қап әттеген-ай! Мұны білгенде терезеге жабысып ұйықтап жататын мысығымды да қатыстырар едім ғой! Мысық деген аты ғана. Әйтпесе тышқан көрсе төбе шашы тік тұрып, тілі салақтап қашатын нағыз қорқақтың өзі. Өткенде осы мысықты алтын самолетімды беріп сатып алған едім, енді су тегін беріп жіберуге бармын. Десе де бұлай болмайды. Тегін келген дүние емес, шығынды шығарып алу керек қой. Әлемге жар салып, лотерея ойнатып, ұтысқа қорқақ мысығымды тігіп жібердім. Түсімі жаман болған жоқ. Екі алтын самолёттың ақшасы түсіп, әп-сәтте байып шыға келдім.
Байлық адамның көзін көр қылады екен. Көзім тіптен көруден қаллды .Соқырмын. Соқыр болсам да асқазаным құрылдап, дауысынан жер қозғалатын еді. Түйені түгімен жұтатын мен үшін жерімізді астындағы байлығымен қоса жұту түкке де тұрған жоқ. Қарбытып жей бердім, жей бердім. Тойымсыз екенмін, жеген сайын араным ашылып, алтынды да, мұнайды да, тіпті жарық пен газды да шайнамай жұттыма-ай келіп! Түйіліп қалмайын деп теңіз бен бұлақтың суынан сіміріп отырғанымды мына жұрт жақсы біледі.
Жер бетінде мен көрмеген, мен білмеген нәрсе қалмады. Үйдегі қағаздан ракета жасап алып, айға да сапар шектім. Қарасам, айда шет елдіктер жүр, баяғыда жарыста өліп қалған өзекең осында жүр. Егін егіп кетіпті. "Өткенде өліп қалып едің ғой», - десем, «Еее, біздің 40 жанымыз бар ғой!» - деп қояды. Шымкентский вариант, өзбек көргендігіме салып, ал келіп ойланайын. Өз ағайынмен келісіп, айға бір түнде темекі егіп,
бір минутта бір тоннасын шегіп, ойланған үстіне ойлана түстім. Кенеттен бір ақылдың сап ете қалғаны. Осында біраз жыл қалып, егін егіп, бір бизнес жасап көрсем қайтеді. Әлде өзекеңді қорқытып, жерін тартып алып, өзін жұмысқа салып қойсам ба? Өзекең "Воой, қоййң, ака. Сиз хам ишлап кетманни ушлап куринг" - деп кетпенді қолыма ұстатып қойды.
Кетпенді алып сілтеп қалғаным сол, ай ортасынан қақ бөлініп жер шарына топ ете қалмасым бар ма? Бұдан түк шықпайды екен. Ай көңілімді қалдырды. Айының әкесінің! Оданда зерттегіш, еріккен орыстарға мініп келген ракетамды жалға бере салайын. Олар қуана келісті. «Жалға емес, тегін-ақ алыңдаршы»
Бекер-ақ. Кейін бұл ақкөңілділігіме өкінсемші. "Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын", - деген текке айтылмаса керек. Айға сапар шеккен сайын көтендерінен сасық жел жіберіп, мені анау әлемге аттандыра жаздайды.
Ол ол ма? Бір күні сол ракетаның бір бөлігі басыма құлап, кәдімгідей өртеніп кеттім. Анам мені туғанда өлмейтіндей етіп туған екен. Күйелеш-күйелеш, шалажансар болып жатсам да аманмын. Сол кезде тағы да бір өкіндім.Ееее, қойшы, кеткен нәрсе кетті!
Басыма тағы да бір ой келді. Шет елдің ұзақ жыл өмір сүрген инеліктерін елге әкеліп, ұшақ етіп міндім ғой! Кәрінің аты - кәрі. Ауа райы кәріне мінген күні инеліктерім ирелеңдеп барып, құлап өле берді. Инелікте отырып, сапарлатып бара жатқан мен де мың өлген шығармын. Сонда да тоқтамадым. Тағдыр мені сынаққа алған сайын ерегесіп, аулада тұрған құстарымды, сиырымды, итімді, тіпті басымдағы битіме дейін жұмысқа алып, бірін прокурор, бірін министр, тіпті бірін кеңесшім етіп тағайындадым. Мен не айтсам да қожайынына қарсы келе алмайтын қолдаушыларымның "ләпбайдан" өзгеге тілі келмейді. Тіпті анау сайлауда жеңіске жеткен арыстанды қолбасшым етіп алдым ғой! Рахат, бәрі маған қызмет етіп, жүгіріп жүр. Жасым біразға келсе де, сергекпін. Сиырдың сүтіне шомылып, күнде бір тауықтың миын жеген сайын жасарсам, медициналық тексеруден өту барысында басымда тауықтың миындай да ми жоқ екенін білдім.


Салтанат АБЫЛБЕКОВА

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1419    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 23.11.2020, 10:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Қаңтар, 09:52
    Өлім оған - Бостандық
    31 Желтоқсан 2020
    Кто бинабат?
    17 Желтоқсан 2020
    Жігіттер, мал болмайық!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31