Біз Ауғанстан, Сирия сияқты мемлекет болуға қарыштап кетіп бара жатырмыз

17 мамыр 2022, 10:41

Маған соңғы кездері, осындай кеңес берушілердің саны көбейіп кетті. Олар менің жекеме немесе комментарийге осылай жазып жатады.


«Аудиторияңызды жоғалтып алмаңыз”, - дейді. Көп адамдар аудиторияны ақша табу үшін ұстайды. Сол аудиторияға жарнама жасап, тиын тапсам дейді. Олар - “ШЕГІРТКЕЛЕР”. Мен “шегіртке” емеспін! Маған ақша табу үшін, аудитория қажет емес.

“Абыройыңызды төгіп алмаңызшы”, - дейді. Абырой деген не?

Мен Алаш ардақтылары, Ахмет Байтұрсынның, Әлихан сынды ел, халық үшін еңбек сіңірген, өмір сүрген адамдардың айтқандарын, жазғандарын насихаттап, сол үшін абыройдан айырылсам, онда солай-ақ болсын.
әл-Фарабидың жазғандарын айтып, ол үшін абыройдан айырылуға дайынмын.

Мен жан таласып жүргенім, біз, өте қауіпті жаққа қарай, яғни, Ауғанстан, Сирия сияқты мемлекет болуға қарыштап кетіп бара жатырмыз. Сол мемлекеттердің тарихын оқыған, зерттеген жандар және сол елде тұрған азаматтар, қалай бұл елдер осындай жағдайға тап болғанын айтып бере алады.


Қалайша осындай қараңғылық орнап, ол елдерде ғылым-білім жоғалып, үлкен қасіретке айналғандығын да солар айтып бере алады.

Менің ұрпағым осындай елдерде тұрғанын қаламаймын! Елден қашып кетуге арым жібермейді.

Сондықтан, қалай да ағартушылық пен ғылым-білімге қарай, Алаш ардақтылары көрсеткен жолмен айтып келе жатырмын.

Менің аузымды ешкім жаба алмайды! Ол менің жеке басымның қамы үшін емес, ел болашағының қамы. Соны түсінесіздер деп ойлаймын!

Ахметбек Нұрсила

Фейсбуктегі парақшасынан