Біз қазақ болып дүниеге келгенімізге кінәлі сияқтымыз. Сорлы болдық та қалдық

23 желтоқсан 2021, 09:30

Астанада арабтардың атында бірнеше мектеп бар. Біздің балалар солардың бірінде оқиды. Оқу базасынан көп хабарым жоқ, бірақ ғимараттың іші-сырты жаңа, жақсы салынған.

 

Әңгіме — бұл туралы емес. Арабтар салып бергесін бе, мектеп бағдарламасында араб тілі бар екен. О баста ойлаушы едім, бұл пәнге мәжбүрлік жоқ, қалаған бала оқығысы келсе оқитын болар деп. Олай емес сияқты. Класс жетекшісі “бұл да кәдімгі пән, баланың сабаққа қатысуы міндетті” депті.

 

Енді сұрақ: Біздің балалар ана тіліне қосып орыс тілін, ағылшын/неміс тілін оқиды. Енді қатарға араб тілі қосылды. Мақсат не — баланың миын “каша” қылу ма? Бұл не деген қорлық?!

 

Онсыз да қаланың көп баласы орысша шүлдірлейді. Ана тілінде сөйлейтін, ойлайтын, жаза алатын бала да аз. Әр қазақ баласының туған тілінде білім алуына бар күш жұмсаудың орнына біз неше түрлі тілді қосып, былықтырып отырмыз.

 

Осы салада жүрген кісілерден нақты сұрағым келеді, араб тілінде өтетін сабақты міндетті етпеудің жолы бар ма? Мен өзім ата-ана ретінде балаларымның бұл тілде білім алуына зәру емеспін. Қазақша/орысшасы мен ағылшынын қатырып алсын алдымен. Басқасын өздері өскенде керек етсе оқып алар. Ал қазір олардың миын ашытудың қажеті жоқ!

 

P.S. Былтыр ұлым бірінші класқа барғанда үйге ренжіп келгені бар. Әріппен жаңа танысып жатқан бала ана тілінде “А”-ны “а” деп таныса, келесі сабақта ағылшын апайы ол әріпті “эй” деп оқытады. Екі ортада бала: “бұл “а” ма, “эй” ма” деп ашуланатын. Қазір 2-класта оқиды. Орыс тілі сабағына қатысқым келмейді деп жыламсырайды. Себебін сұрасақ, “О”-ны “а” деп оқытады, қай кезде “о”, қай кезде “а” деп оқитынын білмей қалам дейді.

 

Бұл — мысалдың бір ғана түрі. Басқа уақытта баланың миын су қылып жатырмыз. Кейде ойлаймын, біз қазақ болып дүниеге келгенімізге кінәлі сияқтымыз. Сорлы болдық та қалдық.

 

Жоғарыдағы сұраққа ресми жауап алғым келеді.

 

 

 

Нұрболат Туысбайұлы

Фейсбуктегі парақшасынан