Сен тұр - мен айтайын!

Біз мына түрімізбен кімдермен, не үшін, қайтіп бәсекелесіп жүрміз? Түсінбеймін...

  • Біз мына түрімізбен кімдермен, не үшін, қайтіп бәсекелесіп жүрміз? Түсінбеймін...

    Біз мына түрімізбен кімдермен, не үшін, қайтіп бәсекелесіп жүрміз? Түсінбеймін...

«... Сіңіріміз созылып ілбіп келе жатырмыз»
Шілденің 14-нен 15-қараған түнде Жүрсін Ерман, Жүсіпбек Қорғасбек бастаған ақын-жазушылар Алматы – Алакөл бағытында жүретін ескі-жамау пойызбен жолға шықтық. Алматының 2-вокзалынан шығысқа бет түзейтін пойыз «Жалаңашкөл» стансасына дейін 15 сағат изеңдеп әрең жетеді екен. Бүгінгі зымыран уақыттың екпінімен салыстырсақ, біз аяқ артқан пойызды пойыз емес, «өгіз арба» деген жөн. «Өгіз арбамыз» өкіріп-бақырып әрең тоқтайды, локомотив бүкіл эшолонды сілкіндіріп әрең қозғалады. Қозғалғанда отырған орныңнан жиегін қайырып лақтырған қалпақтай ұшып кете жаздайсың. Әйтеуір, әр-әр жерде интернет жылт ете қалады. Әдеттегідей әлемжеліні шоласың. Әлемжеліні шолып отырып, журналист Ақырыс Сейтқазының бір жазбасына көзім түсті. Ақырыс парақшасына: «Дамыған 50 ел деп жатыр екенсіздер. Кеше төрт күн бойы пойызбен жүріп, төркінге барып келдік. Көптеген аудан орталықтары мен станцияларда интернет ұстамайды. «Е» деген белгі тұрмақ, интернет таяқшасы мүлде көрінбейді. Тараз, Шымкент, Түркістан мен Қызылордада әрең ұстайды. Бізге сол ешбір елмен бәсекелеспей, интернетті, жолды, пойыздағы тазалықты дұрыстап берсе болар еді. Әйтпесе, бәсеке деген жеткізбейді ешқашан. Әркіммен бәсекелесе бермей, өзімізге қажетті дүниелерге қол жеткізсек болды емес пе?», – деп жазыпты.
Жөн сөз, тура сөз. Алдымен елге ең керекті шаруаны жолға қой, шешімін тап, түйінін тарқат, қажеттісін жасап бер, содан кейін бәсекелесе бер. Біз мына түрімізбен кімдермен, не үшін, қайтіп бәсекелесіп жүрміз? Түсінбеймін. Айтпақшы, Алматыдан Алакөлге аттанған жолаушылардың ортасында жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова да бар еді. Зейнеп апамыз «Теңбіл тіршілік» атты жаңа кітабының «Үзіліп түскен ойлар» тарауында: «Самұрық болып самғаймыз, Азияның жолбарысы болып жортамыз», – деп ұрандағанда езуіміз кереқарыс жайылды. Даңғаза жарнаманың жілігі татушы ма еді, тәйірі! Сол баяғы ойдым-ойдым тозаңы шыққан жолымен сіңіріміз созылып ілбіп келе жатырмыз. Әйтеуір, бас аман болсын дейміз. Әдеттегі қазақы көнбістік», – дейді.
Әдеттегі қазақы көнбістікпен, апамыз айтқандай, «сіңіріміз созылып» Жалаңашкөлге жанды жалдап, тісті қайрап әрең жеттік. Сөйтіп келе жатып өзімізше елдің қамын жеп, сөйлей келдік:
«Үкімет істейтін шаруаны анау Құрмет деген қара бала қара шалғысын қайрап алып бір өзі атқарып жүр».
«Уа, Құрметің кім?».
«Сіз естімгенесіз бе? Құрмет деген қаршадай ғана бала шалғынды жерлердің шөбін қол шалғымен шауып, қуаңшылық қысып тұрған Маңғыстау мен Қызылорда облысына жіберуде».
«Азамат екен! Ер екен!»
«Құрмет ел құрметіне бөленсін!»
«Оу, сонда әлгі флешмобшыл жастар қайда? Биліктің алдында бедел жинағыш волонтерлер қайда? Солар неге Құрметтің ісін жалғастырып, халықтық акцияға айналдырмайды?».
«Осы біздің Үкіметтің елге жаулығы бар ма деймін. Түркістан облысының азаматтары ортақ қор ашып, бес вагон шөп жинаған екен, соған ҚТЖ ақша сұрап, күйдіріп жатқан көрінеді».
«Бір вагон шөпті ҚТЖ 500 мың теңгеге жеткіземіз депті. Вагондар Түркістанның вокзалында тұрып қалса, күніне 100 мың теңге бересіңдер деп және шалқаятын көрінеді».
«Жынды ма бұлар?!. Жынды болмаса, халықтың мына бірлігін, жанашырлығын, қамқорлығын пайдаланып, игілікті іске үлес қоспай ма?».
Терезеден қараймыз: жусаны мен алаботасын құм-топырақ жұтқан жүдеу дала еріні кезеріп аспаннан жауын тілеп жатыр. Аспанда қылаң еткен бұлт жоқ. Аспан... Биылғы аспан алаштың байтақ даласына мейірімсіздеу болып тұр.

(Жолсапардың толық нұсқасын "Қазақ әдебиеті" апталығынан оқуға болады)

Дәурен Қуат

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 3204    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 28.07.2021, 11:08

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Қыркүйек, 00:33
    Алматинский стрелок-3
    14 Тамыз, 21:44
    Қызық, ә...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30