Біздегі уйкипедия да советтік энциклопедия сияқты боп қапты

24 қараша 2022, 10:21

Соңғы кезде менің уйкипедиям өздігінен қазақшаланып кетті. Гуглға кірсем бірінші қазақшасы шығады.
Оны көріп шүкіршілік қылғандай болдық. Көзге күшті көрінеді екен. Жылы, жақын, әдемі.
Бірақ осы уйкипедияның ішіне мәліметтерді кім түзетіні белгісіз.
Мәнсіз, мағынасыз, көнерген жазбалар сияқты.
Тұнған совок сөздер, совок мағына, терминдер, деректер...
Ондағы қазақтың тарихи тұлғалары туралы мәліметтерді қарап отырсаңыз, әсіресе Махамбет - Исатайды, Амангелді Имановты іздесеңіз, олар әлі "шаруаларды біріктіріп үстем тап өкілдеріне қарсы соғысып жүрген жандар".
Совок бұрын байларды "үстем тап" деп олардың ит терісін басына қаптататын, одан соң үстем тап өкілдеріне қарсы шыққанды шаруалардың көсемі қылып ұра беретін, "қазақтың пугачеві" деп.
Біздегі уйкипедия да советтік энциклопедия сияқты боп қапты.
Егер осыны орысшаға аударып дәл мағынасын көрсетсек Исатай мен Махамбет "крестьяндарды біріктіріп феодалдарға қарсы күрескен тұңғыш коммунистер" болайын деп тұр.
Ал Жәңгір феодалдар өкілі.
Менің бір танысым, "соңғы кезде мен қазақ театрларына бармайтын болдым" деген еді, менің "неге" деген сұрағыма ол "біздің театр сахнасы әлі совок, өткен ғасырдағы советтік драматургтер жазған пьесалар сол қалпында қойылым боп шығады, ал онда әлі кедей мен бай күресіп жүреді" деген тін.
Бұл жерде де солай.
Ал енді осы уйкипедияның орысша тармағындағы "казахи" деген бөлікті ашсаңыз, "қазақтар — моңғолдар мен түркі тайпаларының қоспасынан құралған халық" деп тұр.
Оны оқыған адам бізді қазіргі талтақ, шартық, тәпелтек есекат міңген буддист қалқадан таратып солармен бауырластырады.
Бұл да кезінде Суслов жазып берген тарих қой.
Қазір ол тарихи ескі моңғолдар туралы небір тың мәліметтер пайда болуда.
Шыңғысхан моңғолдарымен қазіргі моңғолдарды бір халық деп айтуға келмейтін генетикалық мәліметтер және тарихи фактілер шығып жатыр.
Қазіргі заманауи тарихтың өзі ғылымның жаңа жетістіктерінің жәрдемімен осылай құбылып жатқанда, қазақтың уйкипедиядағы басты бетіне бізбен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын қалқа тұңғұстармен бізді бауырластырып қою қаншалықты орынды болады?
Біз де көкпарақ қарап отырмыз, тарихтан хабарымыз бар дегендей..
Қазіргі моңғолдармен қазақтың тарихта бір түйіскен жері жоқ.
Ойрат - жоңғармен ғана көрші - қоңсы болған екенбіз. Ал ол жоңғарды қазіргі моңғолдармен әсте шатастыруға болмайды. Бұл екеуі ғасырлар бойы өзара қырқысқан екі бөлек халық.
Әлі күнге шейін бұрыңғы жоңғардың жұрнағы — Өлүт, Дөрбіт, Торғауыт, Баят тайпасы болып Қобда аймағында жасайды, яғни Батыс Моңғолияда. Олардың қалқадан бөлек өз тілі бар, ұлттық киімі, дәстүрі бар. Бұлардың ұзын саны жүз мың бола ма, болмай ма..
Міне, осыларды Шыңғысхан тарихына жақындатуға болады.
Ал ана ар жағындағы қалқа моңғолдар олар мүлде бөлек халық.
Совет тарих ғылымы бұрын бізді солармен бауырластырған еді.
Сол әлі қалған ғой. Уйкипедияда жарқырап тұр.
Қысқасы, қазақ уйкипедиясын дұрыстау керек.

Олжас Әбіл

Фейсбуктегі парақшасынан