Біздің буынның жемқорлары көрсетпей жеуді, ұрлауды әбден меңгеріп алды ғой

20 мамыр 2021, 10:30

Баяғыда видик ең алғаш шыққан кезде қызық еді ғой.
Тойда видеоператор қайда барса, соның алдында жүруші едік: "мені түсірші" - деп. Еще қол бұлғап қоятынбыз. Аяғымызда гәлөш, не мамамыздың, не жеңгеміздің слансиы жүретін. Кейін тойдың кассетасы шығыпты десе, сол тойға қатысқан бүкіл ауыл барып тойдың видеосын көретінбіз. Оны "Құдайға шүкір" - деп атайтын.
Тойды көріп отырғанда жеңгелеріміздің небір ұрлықтары ашылатын. Тойдың палауынан бір керсен қылып, үйіне беріп жіберіп жатқаны, кейбір қанағатсыздаулары шикі еттің тұтас санын зытырып жатқаны бәрі-бәрі көрініс беретін. Арасында біздің ұсақ ұрлықтар да қылаң беріп қалатын. Палатканың арасынан қолымызды сұғып жіберіп графиндегі юпиді, байшыкештердің тойы болса белгісіз фирманың "Кола" деп жазып қойған напитоктарын ұрлап жатқанымыз, үлкендер биге ден қойған кезде отыратын орындыққа шығып алып, тамаққа он саусақты қатар салып жіберіп асап жатқанымыз түсіп қалатын. Бұны көрген біз ішімізден операторды сыбап отырсақ, жеңгелеріміз "құдайға шүкірден" шыққан соң той иесін "Пейілі тар бәле операторға әдейі айтқан ғой қазан-ошақты түсір деп. Бір шөкім етін қызғанып" - деп байғұстың сол құлағын шулатып жер-жебіріне жететін.
Сол кездегі тойларға 1 жылқы, 6 қой сойса жетпей қалатын. Қазір бір тойды бір қойдың етімен атқаратындар бар.
Осындайды көріп өскен біздің буынның жемқорлары көрсетпей жеуді, ұрлауды әбден меңгеріп алды ғой.