Сен тұр - мен айтайын!

Біздің де оянар уақытымыз жеткен сияқты

  • Біздің де оянар уақытымыз жеткен сияқты

    Біздің де оянар уақытымыз жеткен сияқты

ҰЙҚЫ


«Кедей бай боламын десе, жамбасына тікен қадалады.

Бай кедей боламын десе, ұйқы мас болады».

Әкемнің ескертпесі.

... Әкем тым қытігез емес еді. Бірақ қатал болатын. Бір үйде жеті бала өстік. Өзі қаншама қарбалас болса да, біздің оқуымызға, білім алуымызға, ақылды болып өсуімізге ерекше назар аударатын. Тіпті, кей кездері ойынға беріліп, сабақ үлгеріміз төмендеп кеткенде немесе мұғалімдер тарапынан біз туралы жағымсыз мінездеме естіген күні үйден тыныштық кететін. Ол күні кемшілік өткізгендеріміз ғана емес, бәрімізді бірге жазалайтын. Ұрып-соқпайтын, өмір бойы біреуімізге бір жұдырық жұмсап, елдің әкелерінше көшені айналдыра қуалап, әтуерімізді кетірген емес. Шапалақтап бетіміздің отын шығарып, шамырқандырып көрген жоқ. Өзгелерше аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып боқтамайтын да. Әкем жек көрген адамын "Ит екенсің" деп қана кіналайтын. Бірақ, сол күні жазаның ең ауырын қолданатын - шашымызға жіп тағып, оны үйдің арқалығына байлап, таң атқанша кітап оқытатын. Үйқы қысып, басың салбырай бастаса, төбең шымыр ете қалады да ұйқың шайдай ашылады. Қайтадан кітапқа үңілесің. Ал әлі мектепке бара қоймаған іні-қарындастарымызда сол күні бізбен бірге ұйқысыз таң атыруы керек. Мың десе де, бала ғой. Ұйқыға шыдамай басы салбырап, қорылдай бастаса, оны алдап-сулап оятып алуға тырысатынбыз. Ойын ойнатамыз немесе ертек оқып береміз. Ол кезде теледидар деген жоқ. «Төрт дәруіш», «Мың бір түн», «Қырымның қырық батыры» біздің ұйқыашар кітаптарымыз болатын. Әке-шешемізде бізді бағып отырмайтын. Бірақ, бала күніміз үлкендердің ақылын, жазғыруын қалтқысыз орындайтын аса бір ұқыптылықты, қазақы қанға сіңген қасиетті ардақтаумен өтті.

Әлі есімде, 3 сыныпты оқып жүрген жылы әкемнің жұмысы ауысып, Аралтөбе деген ауылдан жаңа үй салдық. Біз тұратын Кеңсу ауылымен Аралтөбенің арасы 20 шақырым-ақ жол. Қазіргі көзбен қарасаң мына тұрған жер. Ал ол кезде тым ұзақ сезілетін. Екі ауылдың арасына күніне екі автобус қатынайды. Кешкі жетіде Кеңсудан Аралтөбеге, таңғы алтыда Аралтөбеден Кеңсуға қарай автобус жүреді. Оған үлгермесең 20 шақырым жолды жаяу басуың керек. Мен аптасына үш рет үй салып жатқан жұмысшыларға тамақ жеткізіп тұрамын. Ол кезде таңғы сағат сегізден кешкі алтыға дейін сабақ болатын. Сабақтан түсе сала алқын-жұлқын үйге келетінмін де шешем дайындап қойған бір кесе шалапты жұта салып, жарты қалта тамақты иығма артып алып, бекетке жүгіремін. Енді қозғалған автобусқа мықшыңдап кіріп келе жатқанымды көріп, ішіндегілер аяушылық танытатын. Бірақ, мен үлгергеніме қуанып, масайрап тұрушы едім. Ол кезде ұй салумен айналысатын арнайы адамдар, бригада деген атымен жоқ. Қолынан іс келетін бауыр-туыс, көрші-қолаң, әкемнің жора-жолдастары көмектесетін. Олар сол еңбектері үшін ақы дәметпейтін, қайта асарлатып бітірген жұмыстарын мақтаныш етуші еді. Қазір қолы қимылдаса болды ақысын дәметіп жататындарды көргенде көңілің жабырқайтыны анық. Екі туып, бір қалғандарының өзі есеп қуысқанда ұяттан жерге кіре жаздайсың. Тіпті, дүние-мүлік, байлық үшін жақынын жарға итіріп, сотқа сүйрелеп, жағаласып жатқандарды көргенде жаның ауырады.

Кетеуі кеткен жолмен ыңырсып, ырғалып жүрген алжыған автобус жиырма шақырым жолды бір сағат жүреді. Күн бата үйден шығып, кеш кіргенде әкемдерге жететінмін. Аманатын тапсырып барып, самайдан аққан жағал-жағал терді сүртуге сонда ғана қол босайтын. Қанша қиналсаңда білдірмеуге тырысасың, қайта тапсырманы мүлткісіз орындағаныңа іштей риза болып тұрасың. Көппен бірге мәре-сәре кешкі асымды ішіп, оларға ұйқыға кеткенде, білте шамның жарығымен тағы да сабақ дайындауға кірісемін. Түн жарымға дейін тапсырмаларыңды орындап, сосын ұйқыға бас қоясың. Таңғы алты да тағыда бекетке қарай жүгіруің керек. Сөйтіп, бірінші сабаққа жиналу қоңырауы шылдырлағанда сыныпқа кіріп келе жатамын. Сол жылғы соңғы оқу маусымы осылай өтті. Бір күні таңертең ұйықтап қалып, автобустан қалып қойдым. Әкем мені ауылға қайтатын бір танысың артына мінгестіріп жіберді. Ол жолы жазалаған жоқ. Бірақ, әкем маған: «Кедей бай боламын десе, жамбасына тікен қадалады. Бай кедей боламын десе, ұйқы мас болады» дегенді ұмытпа? Адамның үш дүшпаны бар. Оның бірі – ұйқы, қалған екеуін кейін айтамын?» деп қана ескертті. Осы күні біреулер байып жатса, кәсіп ашып, бизнесін кеңейтсе: «Алып қойған жоқ па, ішіп қойған жоқ па?» деген күмән-күдікпен қарайтындар көп. «Жалғанның ісі жалғанда, ақиреттің ісі барғанда» дегендей, алып қойған беріп бітіреді. Ішіп қойған түбі қайта құсады. Оны өмір сан мәрте түсіндіріп келеді. Бірақ мен еңбегімен байығандардың бәрін жамбасына тікен қадалғандардың қатарына қосамын. Олар ұйқыға басқаларға қарағанда өте аз уақытын жұмсайды.

...Өкінішке қарай, кейінгі кездері тым ұйқышыл болып барамын. Мен емес, бүкіл қоғам ұйқыда жатқан сияқты мүлгіп көрінеді. Осындайда Наполеонның қытайларға қаратып айтқан: «Шығыста бір алып айдаһар ұйықтап жатыр, ол оянғанда бүкіл әлемді алақынында ойнатады» деген сөзі оралады. Қытайлар содан бері екі жүз жыл ұйықтады. Оянғанына аса көп болған жоқ. Қазір олар ұйқыны мүлдем ұмытты. Демек, олардың барлық жетістігінің басында тым аз ұйықтайтындары жатыр. Біздің де оянар уақытымыз жеткен сияқты.


«Әкем екеуміз»


Кажет Андас

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1040    Пікірлер: 0

бейсенбі, 10.01.2019, 11:43

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Маусым, 10:10
    Ринат жайлы ойым
    7 Маусым, 12:06
    Ауырмайды жүрек
    19 Мамыр, 16:01
    Ифтар емес, Ауызашар

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30