Сен тұр - мен айтайын!

Біздің елде бір жаман әдет бар: білетін кейіп танытып, өзін зор қып көрсеткісі келеді

  • Біздің елде бір жаман әдет бар: білетін кейіп танытып, өзін зор қып көрсеткісі келеді

    Біздің елде бір жаман әдет бар: білетін кейіп танытып, өзін зор қып көрсеткісі келеді

ЕЛДЕН ЕРЕК, ЖҰРТТАН БАСҚАДАЙ...


Жоқ дейтіндер вирустың жоқтығына өздерінің анық көзі жетпейді, бірақ елден естіген, көпшілік айтып жүрген алып-қашпа әңгімеден жоқ деп жобалайды. Миның қуысында, санасының түкпірінде өзіне де күмән тудыратын қорқыныш бар. Бәлкім, бар шығар деген ой жатқаны рас. Бірақ, иә, бірақ... Біздің елде бір жаман әдет бар: білетін кейіп танытатын, түсінетіндей, хабары бар адам болып көрінуге құштар. Сол сәтте көзге түссе болды. Сөзінің зияны, ойының кесапаты басқа біреуге тиіп кетпей ме екен деген ой жоқ, сасық көкірегі оны ойлатпайды. Өзін зор қып көрсеткісі келеді. Бұрын да бұл жаман әдеттің барын білетін ем, осы карантин кезінде анық көзім жетті. Мысалы: Ой, вирус жоқ! Бұл саясат! Чип салу үшін жасап жатыр-дейді. Осы сөзіңді дәлелдеші десең, "анау айтты, мынау айтты, вацаптан көрдім, фб-да видеосы жүр-деп өзі сияқты біреу айтқан жел сөзді тықпалайды. Осындай ойды естіген екінші біреу: е-е-е, жоқ екен деген ой санасында сумаң етеді. Осыған дейін маска тағып, қолғап киіп, антисептик пайдаланып жүргендер сақтығын саябырлатып, немқұрайдылыққа қарай бастайды. Әлгі жоқ деп сендірген оңбағанның кесірінен қаншама қатаң тәртіп сақтап келгендер босаңсып кетеді. Әлгі өзінің көзі анық жетпеген, бірақ сөзіне сендіруге өзеурейтіннің айтар дәлелі: кімнің жақыны, қайсысыңның туысың, қай досың жұқтырды? Осы сұрақ көпті шатастырды, тәртіпті босаңсытты. Бұларға айтарым: иә, жоқ болғаны жақсы. Беті аулақ. Бірақ неге сақтанып жүргендерді бұзасың? Сақтанғаннан зиян көп пе, әлде сақтанбағаннан пайда бар ма? Жиі қол жуғаннан, тазалық сақтағаннан не зиян? Бұл вирустан басқа да жұқпалы ауру көп қой. Солардан да сақтанасың ғой. Мейлі бар, мейлі жоқ болсын, тазалық пен тәртіптен пайда болмаса, зиян жоқ! Енді нақты бір мысал айтайын. Осы жақында ғана белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай дерттің асқынып бара жатқанын, ауруханаларда орын жоқтығын, Шымкентте бір танысын емделу үшін палатадан зорға орын тапқанын, жұқтырғандар кооридорда жатқанын айтып, елді сақтыққа, тәртіпке шақырды. Рақмет, Мақсатқа, Алла разы болсын! Осы видеоға байланысты бір шала сауатты, саясаттан бейхабар, сегіз класс бітірген, кітап оқымаған таксист бұл видеоға сенбеңдер, бұлар мемлекеттің әдейі жалдап алған журналистері, бұларға ақша төлейді деп чаттағыларға білгішсініп айтып жатыр. Міне, бұл таксист ортақ чаттағы қаншама адамға күмән салды. Сенбейтін жаққа толық бұрмаса да ойын аудырды. Осындайларды естіген екінші біреу оның ойсыз сөзін әрі қарай таратады. Міне, осылай сенбейтіндердің қатары көбейіп жатыр. Демек, БАҚ саласы осындайларға дәл жауап тауып, білгішсінгендердің сөзін тас-талқан талдап, елді дұрыс түсінікке бұруы керек еді, бірақ...

 


ТЕЛЕАРНАДАН ТҮСПЕЙТІН "ЖҰЛДЫЗДАР"


Халықтың арасында жоғарыда айтқанымыздай жел сөз, өсек-аяң, білгішсіну қарқын алып, қарапайым көпшілік кімге сенерін білмей, телеарналарға қараса, ондағылар:
Шоғырланбау керек, жиналмаңдар, оқшауланыңдар!-дегеннен танбайды. Әрине, айтқанға оңай. Ел еріккеннен жиналып, іш пысқаннан бас қосып, ақымақтықтан ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жоқ. Күйбең тіршіліктің соңында бала-шағаның қамымен жүр. Атың өшкір індет шыққалы бері "жұлдызға айналған тұлғалар" бастапқы сөзінен танбай, жазылып қойған таспаға ұқсап, осы сөздерді қайталай береді, қайталай береді. Сендіретін сөзі жоқ, індеттен құтқаратын амал-көзі жоқ бос әңгіменің кесірінен де халық короновирус бар-жоқ деп екіге айрылды. Үш айға жуық уақытта індеттің бар екеніне сендіре алмағандарымен ісі жоқ, бірақ елді кінәлайды. Психология ғылымына сүйенсек, адамды сынап, кінәлаған сайын ол тараптан қарсылық туады, ақталады, сылтау іздейді. Осылар жөн сөз айтар, дұрыс бағыт берер деп арқа сүйегісі келіп, назар аударып, құлақ түрейін десе, оларыңыз көпшілікке кінә артады. Жол көрсетер деп сенгені кінә артса, оған қалай сенбек? Оның үстіне нақты фактісі жоқ, ресми, қасаң тіл қарапайым халық үшін әсерсіз. Бұлардың қасаң тілінен гөрі, жоғарыдағы таксистің сөзі сенімдірек болып көрінеді де, көпшілік бос сөзге ауып кетеді. Кінәлаудан, кінә артумен
мәселе шешілмейді. Балаға баланың тілімен сөйлемесең, сені ұқпайтыны секілді, қарапайым халыққа қарапайым мысал мен қарапайым тіл керек. Оның ойынан дөп түсетін, сендіретін ақпарат керек. Бәлен пайыз жұқтырды, оның түген пайызы жазылды, бәлен пайыз "күтілуде" деп емес, нақты саны қажет. Пайыздың өзін есептеп шығару керек. Сонда тыңдарман сен айтқан пайызды адам басына шағып есептеп отырады деп ойлайсыз ба? Жоқ, ол ақпаратты қабылдамайды да! Мысалы үшін, вирус пайда болғалы "алгоритм" деген сөз шықты, мұны есеп, болжам, деуге болады ғой, "праймеризді" сайлауға дейінгі іріктеу, "парадигманы" ұғым-түсінік деп-ақ қазақыландыруға кім кедергі? Жеке адамдардан таралған ақпарат арнайы БАҚ-тың ақпаратын басып кетті. БАҚ шетелдің көзқарасымен, өзгенің терминімен ақпарат таратқандықтан және жасаған роликтері тым қарабайыр, ұлттық тілі жұтаң болғандықтан да өтімсіз, сенімсіз.

 

ТҮЙІН

Ауруханалар толып қалды. Жататын орын жоқ. Жедел жәрдем шақырғанмен, келмейді. Түгел отбасынан шығып жатыр. Жақын таныс, туыс, достардың арасынан мысал көп. Бұл соңғы ақпарат.Сенбейтіндер, саясат дейтіндер, пікірлеріңіз өзіңізде қалсын. Басқаның обалына қалмаңыздар! Сақтанайық!


Еділ Анықбай
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1092    Пікірлер: 0

жұма, 19.06.2020, 09:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31