Сен тұр - мен айтайын!

"Домбыраны дүниежүзіне таптатудың ұлы жобасы", бұл - диверсиялық жоба

  • "Домбыраны дүниежүзіне таптатудың ұлы жобасы", бұл - диверсиялық жоба

ДОМБЫРА ҺӘМ ДИВЕРСАНТТАР...

 

Нешеуа, Жошы өлімін естірткен домбыраның көмейіне қаһарлы Шыңғысхан қорғасын құйғызғанда да қазақ өлмеген, домбыра қалған.
Сол Шыңғыстың сүйегінің қайда қалғанын жан баласы білмейді...

Ұлы күйші Құрманғазыны ұры, барымташы деп әкім қаралар абақтыға жапқанда да -

Ұлы Тәттімбетті орыстар улап өлтіргенде де -

Кешегі заманда Жанботаның әпербақан поштабайы қолынан домбырасын жауыздықпен жұлқып қалып, Біржан салды жұрт алдында қамшымен тартып жібергенде де -

Ақан сері Құлагер мен Ақтоқтының күйігінен, дүмше молдалардың өсегінен құсадан өліп, домбырасы иесіз қалғанда да -

Шорманың Мұстафасы Жаяу Мұсаны атынан аудартып алып, домбырасын сындырып, өзін итше тепкілеп, көгала қойдай қылып сабап жібергенде де -

"Қорландай" әлемде жоқ ән шығарған Естай ақынды қартайған шағында ауданның шолақ белсенді хатшылары қыстың қақаған аязында Ұлы Жеңісті жырлатамыз, айтыстырамыз деп жердің түбіне ат шанамен сүйреп апарып, қос өкпесін суыққа қабындырып өлтіргенде де -

"Гәкку" әнімен әлемді таң қалдырған Үкілі Ыбырайды, "Ғалиясымен" ел жүрегін елжіреткен Балуан Шолақты, "Қаракесегіне" қазақтың бар қайғы қасіретін сыйғызған Мәдиді, атақты Иманжүсіпті, Батақтың Сарысын, Қапезді - бірін айдап, енді бірін атып өлтіргенде де -

1930 жылы ескілікті аңсайды деп қазіргі Шет ауданында Қыздарбек күйшінің барлық шәкірттерін түгел қырып тастағанда да -

Мәскеуде, Сьездер сарайында өткен 25 сьезде "Сен тағы да домбырамен ән айтып, қазақты позорит ететін", - болдың ғой деп, Қайрат Байбосыновтың қолынан домбырасын жұлып алып жерге бір-ақ ұрғанда да -

Жанділдин деген хатшы: домбыра ескілікті аспабы, одан да скрипка мен пианиноға көшіңдер дегенде де,

Әнебір жазушының баласы президент туған күніме келмейтін болды деп, домбырашы әншілерді үй айналдыра қуғанда да -

Афро-америкалық зәңгілердің құлдық, қалдық музыкасын плагиаттық жолмен ұрлап-жырғап алып жұлдыз атанған, күллі репертуары ауыз жыбырлатудан тұратын парықсыз фанерщиктер мен олардың сарт сауан, пәмсіз продюсерлері домбыраны сахнаға шығармаймыз, телевидение мен концерттік сарайлардан аластатамыз, сөйтіп домбыраның түбіне жетіп, тексіз-затсыз поп музыканың туын тігіп, саясында жын қаққандай ақырдың күніне дейін аласұрып билеп жүретін боламыз, осындай алаяқтықпен есер әнге елтіген халықты қарақшыдай тонап, кәнігі "карманниктей" талтүсте қалтасын қағамыз деген жымысқы жобалармен домбыраны халықтан аластатуға жаныға кірісіп, отыз жыл бойы аяусыз алысқанда да -

"Алтын домбыра" деп ат қойып, атшаптырым сарайларда айтыс өткізіп, алтынмен апталып, күміспен күптелген домбыраны саудтық салафтардың уағызы етінен өтіп, сүйегіне жеткен, сөйтіп қазақтық аруағынан айырылған, қазақтың ән-күйін, салт дәстүрін өлердей жек көретін, бірақ сол домбырамен көлік мініп, тамағын асырап жүрген, өлі жанарлары көшеде жатқан мас орыс ішкен арақтың шишасының шынысындай өлеусірей жылтыраған уаһабист ақындарға бергенде де - домбыра өлген жоқ.

Егер Қасқабұлақ басына домбыра емес, құранды төсеп жатса - сол уаһабиттер бірі де қалмай, өре түрегелер еді. Ендігі бручаткамен қоса, мұны істетіп жатқан әкімдерді де Саудтық шейхтардың пәрменімен баяғыда-ақ орнынан жұлғызып тастар еді. Өйткені құран ғана қасиетті бұл дүниеде олар үшін, ал қазақтың домбырасы құндылыққа саналмайды уаһабтарға. Сондықтан мына масқараға біреуі де тіл қатқан жоқ, "Алтын домбыра" алғандарының да осы уаққа дейін неге үнсіз.жатқаны жетелеріңізге жеткен болар енді.

Десек те ... қазақтың қара домбырасы ешкімнің қорғауына зәру емес. Ол өзін өзі қорғайды. Одан қалды Кетбұға мен Құрманғазының, Тәттімбет пен Абайдың, Біржан сал мен Ақанның, Мұхит пен Кененнің аруағы қолдайды оны. Домбыраның шанағынан аққу боп ұшқан, пернесінен Сарыарқаның жезкиігі боп өрген,, шегінен көктемгі төл даусындай мың сан боп жамыраған, тиегінен жылқылы байлардың желіден шіңгірлеп кісінесіп қаракөктің құлынындай ақтарыла ағытылған алты мың ән-күй қорғайды оны. Керек десеңіз, қазақтың аруағы - домбыра! Қазақтың ұлт ретінде жойылып кетпей, XXI ғасырға жеткені сол киелі домбыраның арқасы. Домбыра - ұлттың символы!

Символ дегеннен шығады, Астана қаласында аста төк тойланған Тәуелсіздіктің 20 жылдығына алыс жақын шет елдерден журналистер шақырылғаны естеріңізде болар.

Сонда, көрген боларсыздар, Ресейдің НТВ-сының бір шовинист журналисі Ақ Орданың аспан тіреген көк күмбезіне атша мініп алып, айдай әлемге ақпарат таратып тұрды. Орыс ойындағысын істейді деген, осылай істеу арқылы орыс журналисі қазаққа Тәуелсіздіктеріңді қанша тойлағандарыңмен Ресей билігі бәрібір сендердің төбелеріңде отыр дегенді меңзеді.

Жайшылықта төбесі түгіл терезесіне шыбын мінгізбейтін Үкімет үйінің ондаған аса сақ идеологтары мен жүздеген күзет қызметі Мемлекеттің бағаналы басты Ордасы - Ақ Орданың төбесінде орыстың шибұт журналисі тайраңдап жүргенде ләм мим дей алмады Ал Ақ Орданың төбесін сол НТВ-лық журналистің Кремль идеологтарының ""кеңесімен" таптап жүргеніне күмәніңіз болмасын ағайын.

Абайдың Қасқабұлағында да қолға алынып жатқан "дүниежүзінің табанына қазақтың домбырасын таптатудың" ұлы жобасы да сол Кремль жақтан жеткен сыбырлағыштардың кеңесімен жүзеге асырылып жатса таң қалмаймын. Өйткені еліміздің идеологиялық кеңістігі Ресейдің ықпалына екендігі, Ресей тыңшылары облыс әкімдіктері түгілі Ақ Орданың ішінде ордалы жыландай өріп жүргені - анау жылы Майлыбаев бастаған жансыздардың Ақ Орда кабинеттерінде үйір-үйірімен ұсталғанда көзіміз жеткен-ді. Әлі де ұсталып жатыр. Сыроежкин соңғысы емес бұлардың.

Еуразияның кіндігінде, Абайдың Қасқабұлағында "Домбыраны дүниежүзіне таптатудың ұлы жобасы", бұл - диверсиялық жоба.

• Әрине, бұл өміршең жоба емес, ресейлік тыңшылардың сыбырлауымен әлдебір өресіз идеологтардың жүзеге асырып жатқан "одноразовый" проектілерінің бірі. Өйткені араға брусачка, бордюр араласқан іс оңбайтынын, бұл мемлекет қаржысын талан таражға ұшырата жеудің таптырмайтын тәсілі екенін - отыз жылдан бері көріп келеміз. Брусачка - бір жылға шыдайтын қоян терісі сияқты - келесі жылы борып, бордай тозып, жаңбыр, қар суымен үгітіліп, Шыңғыстаудың көп өзендерінің түстікке қарай жөңкіген суымен Балқашқа қарай ағып кетеді.

• Бір күндік тойдан кейін ас ішіп, аяқ босатқан домбыраны армансыз аяқпен таптап тайраңдаған, оның үстінде дискотека қойған ессіз ел кетеді, көшкен елдің жұртындай құлазып Абайдың аруағын құшақтаған Қасқабұлақ қалады мұңайып. Иесіз қалған Қасқабұлақ сәйгелдеген сиырдың, үйездеген жылқының мекені болады. Жер жерде қыруар қаржыға салынып, иесіз қалған мұндай ескерткіштердің, тіпті зауыт, фабрикалардың талайын көріп келеміз осы отыз жылдың ішінде.

• Бұл жұрт, әсіресе отаршылдар неге өш қазақтың домбырасына, азырақ осының сырын айтайын, сіздерге.

• Орыс тарихында Екатерина деген патша өткен. Қазақ пен башқұрды қатар жаулаған қатын патша осы. Бірде осы қатын патшаның сарайына елшілік сапармен бе әлде басқамен бе - башқұрттың игі жақсылары келіпті. Екатерина оларды сән салтанатпен қабылдаса керек. Көңілді жиында башқұрттың бір өнерпазы күңірентіп домбыра тартыпты. Патша сарайын домбыраның қоңыр үні кернеп, күмбір дауыс алтын сарайға сыймай кеткенде қатын патшаның үрейі ұшып кетіпті. Кейін ақжелке уәзірлерін жиып алып айтқан екен деседі: "Мынадай музыкалық аспабы бар, мынандай рухты күйі бар халықты бағындырып ұстап тұра алмаймыз, сондықтан алдымен бұл халықтың домбырасынан айыру керек", - деп пәрмен беріпті.

Ол заманда ақ патшаның пәрмені екі етілмейді, башқұртқа қалың әскер шығарылып, әлгі әскер бір жаздың ішінде башқұрттың күллі домбырасын түк қалдырмай жинап алып, тау-тау ғып үйіп, от қойып өртеп жіберіпті және осы шаралардан кейін енді қайтып башқұрт халқына домбыра ұстауға тиым салыныпты. Домбырасынан айырылған башқұрт халқы тез жуасыпты, Сыбызғыға сүйеніп қалған башқұрттардың осы заманға дейін тек сызылтып қана мұңлы күйлер тартатыны содан дейді аңыздар.

• Ал қазақ ешқашан домбырасын айырылған жоқ. Айырылмайды да. Қазақтың қолындағы домбыра - ядролық боеголовка секілді сұмдық жойқын күшке ие қуатты қару, сондықтан қазаққа жау ниеттілердің барлығы әуелі домбыраның түбіне жетуге тырысады. Домбыраның түбіне жетсе - қазақтың да түбіне оңай жететінін біледі.

• Абайдың Қасқабұлағында жүзеге асырылғалы жатқан бұл жоба да осындай қарау ниеттілердің ісі.

• Саспа, домбырам, түк те қыла алмайды саған! Шыңғыс қағаннан әулие емес бұлар! Өз қазағыңның табанға таптатып жатқанына назалатын шығарсың, назаң ұлы күйші Секен Тұрысбековтың Романенко жасаған қоңыр домбырасының шанағынан күй болып төгілеріне сенемін. Сені ешбір дұшпан жеңе алмаған бұған дейін, бұдан кейін де ешбір жау ала алмайды.

• Ал анау "балтаның саптарына" сөз шығындамайық. Олар өздерін өздері әшкереледі. Айналайын каронавирус-ай, көп сұмдықтың бетін ашып жатсың ғой...

• Ал, Қасқабұлақтағы саған істеліп жатқан сұмдықты Абайдың аруағына һәм өзіңе тапсырдым аруақты домбырам...


Ерлан Төлеутай
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1027    Пікірлер: 0

бейсенбі, 14.05.2020, 15:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30