Сен тұр - мен айтайын!

Е, жеңгеміз Алматыда. Бұл кісі Жадыра деген бір сұлуды тапқан екен ғой!

  • Е, жеңгеміз Алматыда. Бұл кісі Жадыра деген бір сұлуды тапқан екен ғой!

    Е, жеңгеміз Алматыда. Бұл кісі Жадыра деген бір сұлуды тапқан екен ғой!

ЖАДЫРАҒА БАРАЙЫҚ!..


Астанаға алғаш көшіп барған кезім. «Свечка» деп аталатын 25 қабатты үйдің 25-ші қабатындағы үш бөлмелі пәтерді майлап алып тұрып жатқанбыз. Бір күні Тұрсын (Жұртбай) ағам келе қалды. Тұрсын ағам келген соң жан қала ма, дастархан жайылды, ет асылды. Алдымен Майраның қою күрең шайын сораптап ішіп отырғанбыз. Әңгіме арасында Тұрсын ағам:

– Тамақ ішіп алған соң Жадыраға барайық! – дегені.

Дастархан басында Майра мен балалар отырған. Қапелімде не дерімді білмей, естімегенсіп отыра бердім. Ағам қояр емес, мен естімей қалды-ау дегендей, тағы да «Тамақ ішіп алған соң Жадыраға барайық» деді. Тағы да естімегенсіп безірейіп отыра бердім. Не деймін? «Жадыра деген кім?» деп бала-шағаның көзінше сұрамаймын ғой! "Осындағы жеңгең" десе, не деймін! Масқара ғой! Әсіресе, әйеліңнің алдында абыройың айрандай төгіледі ғой.

Қиял шіркін жүйрік емес пе?! Жүйткіп алды да самғап кетті. «Е, жеңгеміз Алматыда. Бұл кісі Жадыра деген бір сұлуды тапқан екен ғой! Енді қайтсін, еркек адамға жалғыз жүру оңай емес қой! Жадыраға барайық деп ашық айтып отырғанына қарағанда бізден басқа бәрі білетін болды-ау!» деп қоямын ішімнен өзімше тон пішіп.

Ағам «Жадыраға барайық!» деп тықақтауын қояр емес. Майра шығып кеткен кезде «Аға, қазір ет піссін! Ет жеп алып барайық!» дедім, сөзімді келте қайырып. «Е, жарайды!» деді де қойды. Әңгімеміз одан әрі басқа арнада жалғасты. Бірақ менің көкейімнен «Жадыра деген қандай ару екен? Дәу де болса, атына қарағанда жастау болды-ау! Бала-шағаның көзінше неге айтып отыр екен. Әсіресе келінінің көзінше айтқаны ұяттау болды-ау! Әйелім «Жадыра деген кім?» деп сұраса не деймін. Мынаның ағалары осындай болса, мынаған не сорым деп отырған шығар!.» деп қоямын. Көз алдымнан кезегімен небір сұлу бейнелер жүгіріп өтті. «Әй, ағам-ай!» деп риза көңілмен жымиып қоямын...

Қойшы шай ішіп болғанша сананы сансыратқан сансыз ойлардың бірі кіріп, бірі шықты. Бір кезде шай да ішіліп бітті. Ағам орнынан жаймен көтеріліп, «каридорға шығып темекі тартайын!» деп есік жаққа беттеді. Артынан жылмиып ере шықтым. Басты мақсатым оңашада Жадыраның хикаясын сұрап білу. Шыға бере:

– Аға, Жадыра деген кім? Бағанадан бері бала-шағаның көзінше сұраудан ұялдым! – деп едім, ағамның ішек-сілесі қата күлді.

– Әй, бала ойың бұзық-ау! Жадыра деген мен апта сайын баратын моншаның аты. Жұмысыма жақын болған соң ылғи сонда барамын. Жақсы монша! – демесі бар ма.

Күліп жібердім.

– Ой, аға, бағанадан бері «Жадыраға барайық, Жадыраға барайық» деп емексіткенше, моншаға барайық деп ашып айтпайсыз ба. Мұнда "Жадыра" деген монша барын қайдан білейін. Өзім кеше ғана келдім, қаламен әлі таныса да алмай жатырмын. Мен ендеше Жадыра деген біреуді тауып алған ба десем... – деп едім, ағам сөзімді іліп әкетіп:

– Бәсе, "Жадыраға" барайық десем, үндемейсің, мен сені барғысы келмей отырма десем. – дейді темекісінің түтінін бұрқыратып. – Е, сенің келгеніңе де көп бола қойған жоқ екен ғой! Бәсе, әйтпесе "Жадыраны" білмейтін астаналық жоқ. Шын мәнінде жақсы монша!

– Ой, аға, сөзіңіздің садақасы, ет жеп алған соң "Жадыраңызға" барып, терлеп-тепшіп, жадырап қайтайық! – дедім күлімсіреп.

Сөйтіп ағам екеуміз етке тойып алғаннан кейін «Жадыраға» барып, шын мәнінде жадырап қайтқанымыз бар.

Осы әңгімені әлі күнге дейін еске алысып, күлісіп аламыз.



Думан Рамазан

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 2416    Пікірлер: 0

жұма, 24.05.2019, 10:39

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Маусым, 10:10
    Ринат жайлы ойым
    7 Маусым, 12:06
    Ауырмайды жүрек
    19 Мамыр, 16:01
    Ифтар емес, Ауызашар

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30