"Екі жыл жүрген қызыма алғыс", "итіме-мысығыма алғыс" деп бұрмалап тастады. Енді мына мерекені де быт-шыт етпесек болды

18 ақпан 2022, 13:39

ИДЕОЛОГИЯСЫН ЖОЙЫП АЛМАЙЫҚ...


Елімізде "Ұлы көш күні" бекітіледі. 18-қараша болады екен. Идеологиялық тұрғыдан бұл дұрыс деп санаймын. Әзірге бұл мереке күні нақты неге бағытталғанын нақты түсінбедім. Яғни солтүстікке қазақты қоныстандырып, қазақыландыруға ма, әлде Атажұртқа қазақты көшіруге ма? Қайсысына болса да керек сияқты. Мүмкін кең ауқымда екі ұғымды да сидыратын шығар. Онда құба-құп дейміз. 1991 жылы «Азаматтық құжаттандыру туралы» №711 қаулысы және «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданған еді. Сондықтан мереке сыртқы көшке арналатын сияқты.
Арнайы күннің болғаны жақсы ғой. Бірақ көшті күшейту керек. Солтүстікке баратын қазақты қолдауды арттыру қажет. Материалдық тұрғыдан. Сырттан да келетін қазақтың саны соңғы жылдары азайып кетті. Оны пандемиямен түсіндіріп келеміз, бірақ бұл тұрғыдан да жұмыстар көп. Құжат тіркеу, азаматтық алу, материалдық көмек. Осының бәрін жетілдіре берген дұрыс болады. Сонда "Ұлы көш күні" атына заты сай болады.
Ені бұл күннің идеологиялық маңызын жойып алмау маңызды. Кезінде Назарбаев "Алғыс айту күнін" бекітіп еді. Негізгі мақсаты қазақ еліне келіп, тірі қалған өзге ұлттың қазаққа алғыс айтуы болатын. Негізгі идеологиясы сол еді. Ал қоғам оның дал-дұлын шығарды. "Анама алғыс", "әкеме алғыс", "көршіме алғыс", "арайлап атқан әр таңға алғыс", "екі жыл жүрген қызыма алғыс", "итіме-мысығыма алғыс" деп бұрмалап тастады. Осылайша мәні кетті, сұйылды.
Енді мына мерекені де быт-шыт етпесек болды. Мысалы "Алматыдан Талдықорғанға көшкен едім", "Квартирадан квартираға көшкен қазақпыз", "Бірінші қабаттан үшінші қабатқа көштім" деген сынды сөздермен идеологиясын құртып тастамайық деген ой ғой. Идеологиясына үңілу ғой.

Асхат Қасенғали

Фейсбуктегі парақшасынан