Сен тұр - мен айтайын!

"Ешқашан балаларға жұрттың алдында киім таратпаса екен" деген кіжініс көңілімде тұрады

  • "Ешқашан балаларға жұрттың алдында киім таратпаса екен" деген кіжініс көңілімде тұрады

"Ұстазың кім?" десе, қипалақтап қалам (ын). Рас айтамын, менде кәдімгі төрт-бес жыл оқытып, сабақ беріп, тәлім алған ұстаз жоқ екен. Оның үстіне медицина саласында оқыдым. Ол жердегінің көбі дәрігерлер, фармакологтар болды. Кураторым фармацевт-ревизор еді.

Оқуды аяқтаған соң екі ай ғана "родзалда" жұмыс жасадым да, шыдай алмай, аудандық телевидениеге кетіп қалдым.

Сол жолда ағалық жол көрсеткен жетісайлық журналистер Тұрсынхан Саржанов, Өсімхан Пістебек, одан Алматыға келген соң Жарылқап Қалыбай ағай, Бейсен Құранбек ағалардың қамқорлығын көрдім. Практика алдым. Сол кісілердің арқасында журналистика факультетін сырттай болса да оқып алдым)

Бір күні бүгінгі күнгі ең мықты деген кәсіпкерлердің бірімен сәті түсіп, әңгімелесіп қалдым. Бір жарымжан кейіпкерге көмектесіп, сол адамдығына разы болып, алғыс айтуға барғанмын. Шай үстінде қазіргі жетістігіне қалай жеткені, сол жолдағы қиындығы, арпалысы, бәрін тізіп айтып жатты.

Бір сәт "аға, кейде өміріңде болған ашынулар керісінше сені ашатын секілді. Ал, кейбір ерегістер пайдалы сияқты?" деген сұрағыма "қарындасым, бұл менің жанымның жазылмай қалған бір жарасы еді... Әкем дүние салғаннан кейін бар жүк анама артылды. Бірде жетіп, бірде жетпей жүріп өстік. Намыс деген бар. Адамды биікке жеткізетін сол қасиет, негізі. Бала болсам да көп нәрсені пайымдап, сезетінмін. Кейде туыстардың анамды тілдеп кеткені, менсінбеушілік танытуы, біздерге "жетімектер" дегендей "жаман" көзқарасы тіпті кейбірінің осы нәрсені ашықтан ашық "нұқып" айта салатынын да бала жүрегім қанша рет қабылдамайын десе де, болмайтын... Тіпті мен бес, алтыншы оқып жүргенімде бір туысымыздың анама "дәл мынауыңнан дым да шықпайды!" деп, сілкілегені есімде... Сол сөз санама төңкеріс жасап, сол күннен бастап "тезірек өссем екен!" деген сигнал миыма кіріп кетті.

Бір күні мектепте мынадай жағдай болды. Қолдарында бірнеше мешөгі бар бір топ мұғалім класқа кіріп келді де, аты-жөнімізді атап тұрып, алдымызға әкелген заттарын қоя бастады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек таратып жүр екен... Намыстанғаннан көкірегім қарс айрыла жаздап, тамағыма тығылған өксікті тістеніп тұрып сыртқа шығармадым... Түйілдім де қалдым. Соңғы күшімді жиғандай, берген заттарын алдарына лақтырып кеп жібердім де, кластан шығып кеттім. Үйге жеткенше өкіріп жылап келдім. Жақсы оқитын қыздарға көз сала бастаған кезіміз ғой...)

Анама қатты жаным ашитын. Бірақ сол жолы іштегі өкінішті тығып қала алмадым, жылап отырып "енді маған ондайларын бермесін! Өзім тауып алам!" деп тістендім. Анам жүзін төмен салған күйі солқылдап отыра берді...

Мен қазір миллионер шығармын, беделді шығармын?! Бірақ сәл нәрсеге жылай салатыным бар, қазір де кемсеңдеп отырмын... Бәлкім, мұным сол бір аса есіме алғым келмейтін кездердегі шықпай қалған жас, тарқалмай қалған шер шығар, білмеймін... Мені сондай-сондай жағдайлар ерте есейтіп, тез-тез ақша табуға, дәулет жиюға әсер етті. Бар арманым, анам адам болғанымды көрсе екен болды. Шүкір, кешеге дейін (анам дүниеден өткенше) алақаныма салып аялап, бар тілегін орындауға тырыстым. Мен ешнәрсеге де өкінбеймін. Алладан өткен қорғаушы да, қолдаушы да жоқ екен. Сол... жаным жараланып, жылап шығып кеткен мектебіме жылда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бар керегін жеткізіп беруге тырысамын, қазір. "Ешқашан балаларға жұрттың алдында киім таратпаса екен" деген балалық кіжініс елуге таяп қалсам да, көңілімде тұрады. Өмірдің өзі мектеп, өмірдің өзі ұстаз ғой, Әлияжан" деген жауабы, бір кітап оқығандай күй кештірді... Расында әр жолыққан адамың, есті адамнан алған әр сұхбатың, тіпті көмектескен әр кейіпкерің бір мектеп, бір роман.

Өзін тәрбиелеймін деген адамға, әрине.


Алия Кудайбергенова

Фейсбуктегі парақшасынан


 




Көрілген: 1634    Пікірлер: 0

жексенбі, 14.04.2019, 11:11

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31