Халқымызда дамуымызға тосқауыл болып отырған дәстүр, ырым-тыйымдар бар ма?

24 қараша 2020, 10:16

"Мың жыл бұрын ата-бабам солай ойлаған, солай өмір сүрген, солай күн кешкен, менде солай өмір сүремін" деген түсінікпен осы заманға жеткен Африкада әсіреырымшыл ұлттар бар. Солар құрудың алдында тұр. Өркениеттен, ғылымнан, заман көшінен қалып қойған. Олар не санасын өзгертіп, мына заманға бейімделеді (әй, қайдам), не уақыт кеңістігінде жойылып кетеді.
Мысалы Моңғолияда жер қазу аса қажет болмаса іске аспайды деп естідім. Яғни жер астына түсуге де құмар емес. Кей халхаларда тіпті үйінде күрегі болмайды екен. Жерді қазу, топырақты шашу жамандық шақырады деп есептейді. Кен қазу ісінде сол себепті де өзге ұлттар, әсіресе қазақтар көп жұмыс істейді. Ежелден келе жатқан дәстүрлері ғой әрине, алайда бұл дәстүрі, тыйымдары елінің дамуына кедергі емес па?
Сол сияқты Шығыс Африканы мекендейтін біраз халықтар Күн ұясына кірген соң, далаға шықпауға тырысады. Олар жын-пері жүреді деген түсінікпен қатар, қараңғыда жүру ата-баба рухына зиян деп есептейді. Қараңғы көшеде ата-бабамның аруағын кездестіріп қалсам, не айтамын деп ойлайтындары да бар екен. Африка өзге материктерден онсызда екі ғасыр артта жатыр, енді олар мұндай ырым-тыйымды сызып тастап, күн-түнге қарамай жұмыс істеп, дамуға ұмтылуы тиіс қой. Қараңғы көшеде кездескен ата баба рухына "атау қолым тимейді" деп кері қайтарып жіберіп, дамуға дамылсыз қозғалуы қажет. Бірақ Африканың дамығаны ешкімге керек емес, сондықтан осындай мың жыл бұрынғы қажетсіз ертегі, ырым-тыйымға сеніп жүр.
Айтпағым мынау ғой. Ұлт даму үшін, оның дәстүрі мен ырым-тыйымы да дамып, заманға сай өзгеріп, модернизацияға ұшырап отыруы қажет. Әр ғасыр сайын "осы дәстүр бізге қажет па" деген сұрақ қойылып, сүзгі жасалуы керек деп санаймын. Біздің халқымызда дамуымызға тосқауыл болып отырған, санамыздың өзгеруіне кедергі жасайтын қажет емес дәстүр, ырым-тыйымдар бар ма?

Асхат Қасенғали

Фейсбуктегі парақшасынан