ХХІ ғасыр — бейбіт заман болуы керек еді

27 ақпан 2022, 12:28

Бұрын іштей ойлайтынмын. Адамзатқа қару не үшін керек деп. Қару — өзі бір сондай сүйкімсіз, суық бәле. Жан талғамайды, жайратып салады.
Екі көзді, бір жүректі адам қалай бір-біріне қару қолданады, ол барып тұрған озбырлық емес пе, қаруды жыртқышқа қарсы қолданса болар, әрі кетсе, зұлым зымырандарды аспаннан құлайтын кометаларды жаруға жарату үшін жасайтын болар деп ойлайтынмын. Балаң ой екенін енді түсініп жатырмын.
Небір заманауи жаңалықтарды оқып отырғанда, “адамзат мына қарудың бәрін кімге арнап дайындап дайындап жатыр?” деп ойлайтынмын.
Сөйтсем, қару (тіпті бомба) — жыртқыш аң үшін емес, комета үшін емес, инопланетяндар үшін емес, бір Жерде тұрып жатқан өзіміз сияқты екі көзді, бір жүректі адамдарға, Сіз бен Біз сияқтыларға арналған құрал екен…
Әлемнің дін өкілдері бірдеңе айтып жатыр ма өзі? Мұсылманы бар, христианы бар, католигі бар, “жазықсыз адамды өлтіру — күллі адамзатты өлтірумен тең” деген сияқты, соғысқа тоқтау саларлық ой айтып, ел басшыларын ақылға шақырып жатқандары бар ма? Әлде бұл жерде дін сөзі, “Құдай сөзі” жүрмей ме? Тек “адам” сөзі жүре ме?..
ХХІ ғасыр — тарихтан сабақ алған, ақыл тоқтатқан, білім-ғылым қуған, тып-тыныш, бейбіт заман болуы керек еді…