Сен тұр - мен айтайын!

Иттің етін жегендерді көрдім...

  • Иттің етін жегендерді көрдім...

    Иттің етін жегендерді көрдім...

"Ет дегенде бет бар ма" деген заман өтті.

Ғалымдардың көбісі Қытайда таралған "Коронавирус" індеті адамдарға жарқанат етінен жұққан деген тоқтамға келіп отыр...
Дәлірек айтсақ, коронавирустың ошағы – Ухань қаласындағы сырттан аулап әкелінген жабайы жан-жануардың көтерме базары көрінеді...

Ел тойынған заманда дүниеге келдік қой. Сондықтан болар, біздің бала күнімізде ет өнімдерінен біздің ауылдың негізгі қорегі - жазда қой еті, қыста жылқы еті болатын. "Ешкінің еті тоңып қалады" деп көп соймайтын. Ал қара малды әлдеқалай жазым болып пышаққа ілінбесе "соғым" деп арнайы сойғанын көрген емеспін.

Кеңес заманында зауыт-фабрик және өзге де мекемелердің қызметкерлерін ауыл шаруашылығының науқандық жұмыстарына көп тартатын.

1982 жылы жазда жобалау институтына жұмысқа тұрдым. 5-6 күнен соң Келес ауданына алма теруге жіберді. Ұзын казармаға Шымкент қаласындағы мекемелердің жастарын әкеліп төкті.

Қазір ғой, кейбір қазақтардың арақ ішіп отырып, "Колбаса халал ма?" - деп сұрайтыны..

Аштан өлетін заман емес қой. "Романтика" деген пәлені әркім қалай түсінетіндігінен болса керек.. Ит етін жегендерді сол алма терімінде көрдім. Тамаққа кіді басым ондайларға жоламадым.

Күзге қарай мақта теріміне апарды. Сол кезде итті сойғанын көрдім. Асхананың маңында бір дәу ит жуынды ішіп жүретін. Түннің бір уағында шарапқа тойған жігіттер әлгі итті ұстап алды да, басын отын жаратын дөңкеге қойып шауып тастады. Өтпес балта бірден шаба қоймады, ит қаңсылап үлгерді.. Бүкіл ауылдың иті "күңіреніп", әлгі иттің қыңсылына дауыс салып берсін..
Бассыз итті тоғайға қарай алып жүрдік. 4 аяғынан 4 жігіт кезектесіп көтеріп, нудың ортасындағы алаңқайға тоқтадық.
Арамызда "Тәшкен көрген" (жоғары оқу орнын Ташкентте бітірген) жігіт бар еді. Пышағын жалаңдатып сол жігіт іске кірісіп кетті.
Күпімді астыма төсеп қисайған едім, көзім ілініп кетіпті. Бір кезде жігіттердің даудырлағанынан оянып кеттім. Көзімді ашсам, "қасабымыз" иттің терісін іреп жатыр. Жүрегім лоблып, теріс бұрылдым. Жүрегімнің айнығаны басылар болмады. Орнымнан тұрып, жатағымызға қайтып кеттім.. Ертеңіне аузы-басымды ұшық басып кетті..

Содан бастап бір-екі досым маған қалай да ит етін жегізуді ұйғарыпты. Мен одан хабарсызбын..

Бір күні сол екеуі орталыққа барып келді. Мені шетке алып шықты. Дорбаларында бірер шиша "Портвейн", газетке оралған кәуаптары бар. Кәуаптың шампуры металл емес, кәдімгі ағаш бұтағы - жиде ме, жыңғыл ма бірдеңе..
Сезіктендім де, портвейннің бірін аузынан қылғытып, "тәбетім жоқ" деп кәуаптан бас тарттым. - Қызып қаларсың! - деп екеуі екі жақтан аузыма кәуап тосып бәйек болып жатыр.
Күдігім қоюлана түсті. Ойлағандары іске аспады. Сол аралықта музыка естіліп, би басталғанын сездік.
Жүгермектер әлгі кәуапты билеп жүрген қыздарға таратып берді. Олар таласа-тармаса жеп қойды.
Келесі жылы мақта теріміне қыркүйектің соңында апарып тастады. Бірер күннен соң арамыздағы бір жігіт әлдеқайдан күшік тауып келді. Сүйек-саяққа қарық болған күшік аз күнде бұлтиып шыға келді..

Ол кезде 7 қараша мереке. Сол күні жігіттер абыр-сабыр болып мерекеге дайындалды.. Көпшілігі қаланың жігіттері..
Маған өтініш жасады.
- Совхоз орталығындағы шарап сататын гректерден кролик сатып алдық. Соны сойып, кешке қыздарға дастархан жаямыз. Соған кішкене қазан керек болып тұр.
Ауылдың кемпірлерінің тілін таба аласың ғой. Қазан тауып келші. Ойымда ештеңе жоқ. Өзім анда-санда айран сұрап ішетін кемпірдің үйіне барып қазан сұрадым.
- Сендер келгелі ауылда бірнеше үйдің иті жоғалыпты. Ауылдастар сендерден көріп жатыр. Қазан бере алмаймын! - дейді апам. Өлердегі сөзімді айтып, қоян соятынымызға сендіріп, қазанын алдым. Кемпірдің күдігі орынды екеніне кешке көзім бір-ақ жетті :-)
Күшік асырап жүрген жігіт ас дайындап жүр. Жанынан бір елі қалмайтын күшігі көрінбейді. Айналаны бір шолып шықтым.
Күшік зым-зия. Ешкімге сыр бермедім..

Кешке отырыс басталды.  Жасыратын несі бар. Мақтаға бара сала ары барса бір аптадан кейін жігіттер қыз тауып алады ғой... Менің жетегімде де бір қыз бар. Отырысқа бара жатқанда әлгі қызға ет жемеуін қадап ескерткем...
Бір кезде буы бұрқырап, хош иісі мұрынды жарып, күріш гарнирі бар гуляш келді алдымызға. 
Бір жағы тамақ дәмді, екіншіден ақаңның күші - жұрт жапырып жатыр..
Біз ғана бөлке нанмен шәй ішіп отырмыз..
Жетегімдегі
- Гарнирін жесе ештеңе етпейтін шығар? - деп сыбырлайды... 
- Сөзді көбейтпе! - деймін.

Сонымен білмей жеген болсам, құдай кешірсін. Біліп тұрып ит етін жеген емеспін.

1990 жылдары біздің ауылдың жігіттері де ит сойып жейтін болыпты дегенді естіп, "цивилизация" біздің ауылға да жеткен екен ғой дегенбіз..

Кейін ойыныңды осылдырып жіберетін "Эхинококк" деген кесел барын білдік... 2011 ж. өкпемнің шелі жыртылып, ауруханаға түскем.

Палатамызға бір күні Созақтың бір жігіті түсті.  Диагнозы "Эхинококк". Аңға шығып қасқырдың етінен кәуап жасап жеп едік дейді...  Дәрігерлер арқа қабырғаларын ашып, ота жасамаса болмайды деді.

Ертең ота жасайды деген күні кешке әлгі жігітті дәрігер шақырып әкетті. Біраздан соң келген жігіттің аһылап-үһілеуі жиіледі. Ота алдында қобалжып жүр десек, онымыз жәй екен..

Айтуынша, отаның "ставкасы" бар екен. Ауылдан келген келіншегі қажетті қаржыны таппапты. Жағдайын айтып, өтінгенмен, "эскулаптар" көне қоймаған сыңайлы.

Біздің қолдан не келеді?! Аяп есіркеп, парақорларға қарғысты іштей жаудырып, жатып қалдық. Түннің бір уағы болды, әлгі жігіт дөңбекшіп көзі ілінер емес.

Бір кезде орнынан тұрып, әжетханаға шығып кетті. Сол кезде палатадағыларды ояттым да, мынау жігіттің біраз көңілін ауламасақ болмайтынын ескерттім. Палатамызда ылғи зиялы кісілер еді. Сол кезде Созақ аудандық мәслихатының хатшысы қызметінде жүрген Мақсат Исаев ініміз бар. Мақсаттың 8 литрлік термос-шәйнегіне шәй қойдық.

Бәрі өмір көрген адамдар. Әңгіме жетеді. Сонымен түннің бір уағына дейін әлгі жігіттің көңілін аудардық.
Шаршатып талықсытып ұйықтаттық. Таңертең қуанышты хабар келді. Жетпеген ақшаны келіншегі қаладағы туыстарынан тауыпты...  Ота сәтті шықты. Өкпесінен бірнеше эхинококк құрты (личинкасы) алыныпты.

"Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін" ет шіркіннің жесек адалын жейік қазақтар.

Өмір Шыныбекұлы
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1077    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 29.01.2020, 13:05

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30