Жалған ақпарат беріп шындықты кімнен жасырамыз
Бүгін "Қазақстан" телеарнасында "Ашық алаң"бағдарламасына елдегі студенттердің жағдайын айту үшін мені де zoom -мен тікелей эфирге қосты. Иә, жатақхананың проблемасы бұған дейін де болған, бола береді де. Себебі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары көптеген жатақханалар жекешелендіріліп, пәтерге айналып, сатылып кетті де, орнына жаңадан жатақхана салу жұмыстары жүрген жоқ. Бірақ жағдайдың өткен жылдардағыдан айырмашылығы биыл көрші елдерде болып жатқан соғыстың әсерінен елімізге келіп жатқан ресейліктердің санының өсуі, оның ішінде Алматы қаласына келіп кірген екі жүз мыңнан астам көршілеріміз мұндағы жалға берілетін пәтерлердің бағасын шарықтатып жіберді. Былтыр 100 000 теңгеге 5-6 студент бірігіп бір бөлмелі пәтер жалдай алатын. Биыл мұндай бағаға қала сыртындағы ауылдардан времянка табудың өзі қиын. Бір бөлмелі пәтердің төмені 200 мың теңгеден асып кетті және қазір бос пәтер жоқ деуге болады. Жеті-сегіз бала болып бірлесіп тұрғанның өзінде, әр бала кемінде елу мыңнан төлеуі керек болады. комуслугасы тағы бар. Ол бала сабағына керек құрал-жабдықтар алмай ма, киінбей ме, тамақ ішпей ме, жуынбай ма, көлікпен жүрмей ме? Табысын шай пұлына жеткізе алмай, өлместің күнін көріп, битін сығып отырған ауылдағы ата-ана баласына мұндай ақшаны қайдан тауып бере алсын? Осы себептен кейбіреу тағы да кредиттің камытын қоса киюге мәжбүр. Біреулер өліп-өшіп жеткен грантын тастап елге қайтуда. Ғылым министрлігінің өкілі өздері жіберген комиссия жоғары оқу орындарының ешқайсысында баспана іздеп сандалып, көше кезіп, әр жерде түнеп жүрген студенттердің жоқ екенін, барлық студент орналасып болғанын, елде мұндай проблема жоқ екенін анықтағанын айтады. Шындығында солай ма? Өз өтіріктеріне өздері қалай сенетініне таңғаласың. Ал ЖОО басшылары кураторлар, мұғалімдер арқылы студенттерге әлеуметтік желілерде немесе БАҚ-та жататын жер таппай жүргенін айтып шыққандарды мүлдем оқудан шығарып тастайтынын айтып қорқытуда. Қаңғып жүрген баланың санын ЖОО-дан сұрамай-ақ, оларда оқитын барлық студенттің санынан жатақханаларындағы орын санын азайтып тастап, қалған саннан Алматы қаласының өзінен түскен балалардың санын шегерсең, шыға келмейді ме?
Министр бір таңғы бағдарламада өзінің жеке телефонын берген екен. Жазып алғандар болса, маған жекеме жіберіңіздерші, өтініш. Ал енді жатақхана таппай қиналып жүрген студенттер болса, маған қорықпай хабарлассын. "Бізде бәрі жақсы" деген ректорларының алдына ертіп апарып, қайткенде де тұратын жер тауып беремін, өзінің үйіне орналастырып кетсем де. Менің телефоным: 87475860870.
Баласын Алматыға асырып жіберіп, "мәселеңді өзің бірдеңе қылып шешіп ал" деп балаларын қаңғытып қойып отырған ата-аналар, балаларыңнан күндегісін бірнеше рет хабар алып тұрыңдар. Қиындықтан шығудың жолын таппай, амалы құрыған жастар әр түрлі қылмыстарға барып, сотталып кетіп жүрмесін. Болмаса мол ұтысқа жетіп, материалдық проблемаларымды шешемін деп құмар ойындардың соңына түсіп кетіп жүрмесін. Ешкім жаман боламын деп болмайды, қиын жағдайлардан шығудың жолын іздеп, далбасалап жүріп, арандап қалатыны белгілі. Құдай сақтансаң сақтармын деген, балаларымызға абай болайық!
Жалпы, дұрыс ел боламыз десек, өтірік айтқанды қойып, бар проблеманы тұншықтырып басып отырмай, қайткенде де оң шешімін табумен айналысқанымыз жөн, ағайын.
Аида Букаева
Фейсбуктегі парақшасынан