Жаңа есімдердің жолы ашылсын.

26 сәуір 2022, 16:47

Ендігі президент сайлауы келесі жылдың 7 желтоқсанында өтуі керек. Өйткені, бес жылдық мерзім 2019-да басталып, 2024-те аяқталады. 24-тің желтоқсанында өткізгенге, бес жарым жыл боп кетеді. Сондықтан, сайлау 2023-тің желтоқсанының алғашқы жексенбісінде өтуі тиіс.
Бір жыл жеті ай қалыпты.
Оған дейін меніңше, екі норманы қайта қараған дұрыс. Біріншісі, сайлау комиссияларын құру. Қазіргі комиссиялар – ОСК-дан бастап, билікке тәуелді институт. Бәсеке әділ болуы үшін комиссияның тәуелсіз болғаны керек. Бұған дейінгі сайлауларда тәуелсіз байқаушы болып тәжірибе жинаған азаматтар енді сайлау комиссиясының мүшесі болса, тіпті жақсы. Жаңадан тіркелетін партиялар, заңгерлер, қоғамдық істе белсене қызмет етіп жүрген азаматтар да комиссиялар жұмысын қолға алмай, ештеңе өзгермейді.
Екінші мәселе – Президент болғысы келетін азаматқа қойылатын «мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуы керек» деген шектеу. Бұл талап кәсіпкерлікте, ғылымда, жай ғана қызметте жүрген қаншама саясаткердің жолын бөгейді. Конституцияға, заңдарға өзгерістер кезінде осы тармақты да алып тастау керек. Жаңа есімдердің жолы ашылсын.

facebook.com парақшасынан