Жаным ашыды. Қызметінің көтеріліп, адамдығының төмендеп кеткеніне
Алғашында "Абай аға, қалайсыз?" деп амандасатын. Тағы бір жолыққанымда "Ассалаумағалейкүм, Əбеке" деді. Уағалейкүмассалам. Дедім мен. Арада екі-үш жыл өткенде бір топ шырттай киінген қызметкерлермен жүргенде жолығысып қалдық. Біздің жұмысқа келгендіктен, қонақ болғандықтан, "Ассалаумағалейкүм" деп алдымен мен амандастым. "Саламатсыздар ма" деп ерін ұшымен ғана жауап қатты. Жаным ашыды. Қызметінің көтеріліп, адамдығының төмендеп кеткеніне. Төрт-бес жыл өтті. Дүкеннің ішінде жолығып қалдық. "Əбеке, қалайсыз?" деп ерекше ықыласпен амандасты. "Қызметінен қашан түсті екен?" дедім. Ішімнен. Бір аптадан кейін Сайрамсуға бардық. Ақындармен. Біреуі "Пəленшені қызметінен ап тастапты" деді. Бұл жолы жаным ашыған жоқ...
Абай Қалшабек
Фейсбуктегі парақшасынан