Жас көріну үшін денеге жара салып, психикаға салмақ түсіруді доғарғанымыз жөн

31 наурыз 2022, 17:04

Алла Пугачева бір сұқбатында айтады: “ Мені бәрі қартайдың, сен кәрісің” деп айыптайды. “Бояусыз түрін қараңдар, кәрі”, деп күледі дейді. Әнші оларға “Иә, мен қартайдым. Және ештеңені өзгерте алмаймын. Менің жаным жас еді деп те айтпаймын. Ұйқыға жатарда аман- есен тұрсам екен деп ойлаймын”, деп жауап берді. Бұл өзінен 25 жас кіші күйеуі бар әйелдің сөзі. Оған Галкинді 20 жыл бойы ешкім байлап қойған жоқ, оның кәрілігінен “зардап” шегетін бір адам болса, ол Галкин еді. Бірақ неге екені белгісіз, оның қартайғанынан басқа адамдар “зардап шегеді” екен.
Рас. Қазіргі қоғам адамды қартайғаны үшін “айыптайды”.
Сондай “жазғырудан” қашқан қыз-келіншектердің қазір изюминкасы қалмай барады. Бәрі трафареттен шыққан жазбалар сияқты - бірдей. Бетте күзеліп, түзелмеген жер қалмады. Ол үшін де ақталады, мұрным бала кезден қисық еді, көзімнің үстінде грыжа болған, ернімде тыртық бар, тб.
Жанталасып жастықтың етегіне жабысып алғандарды түсінуге де болады. Себебі қоғамда қартайғандарға орын жоқ деуге болады.
Қыздар өмірін ана, әйел болуға емес кәрілікпен күресуге арнауына тура келгендей. Бұл үлкен ресурстарды талап ететін дүние. Жастықпен денсаулықты оңды-солды шашып жатқан қыз-келіншектер.
Адам неше жерден “жасарса” да физикалық, психологиялық тұрғыдан басқа деңгейде екені көрініп тұрады.
Бұл кәрілікпен күрестің физиологиялық жағы ғана, ал әлеуметтік тұрғыдан алсақ біраз жасқа келгенде жұмысқа тұру, сүйікті мамандығы бойынша зейнетке дейін жұмыс істеу де бәріне бірдей бұйырмаған бақ.
Жұмыс беруші де 40 -50 асқандарды “айыптай” бастайды, түртпектеп тиісіп, орнына жастарды әкелгісі келеді. 60-қа жақындағандар туралы айтпай-ақ қоялық. 63-ке келген күні бір шапан мен тақия бұйырса кигізіп, бір парақ құттықтау қағазын беріп, гүлін ұстатып тез-тез шығарып салады. Ондай құрметке бірақ бәрі бірдей ие емес. Талайы жетпей кетті. Бірі - далаға, бірі - келмеске.
Біздің қоғамда ол жағынан тек жастарға ғана реніш жоқ, оларды ешкім “айыптай” алмайды. Бірақ ол да уақытша, белгілі бір межеден асқан соң оларды да “жазғыру” басталады. “Айыптау мен жазғыру” кейде ашық, негізінен жабық форматта, тікелей емес, жанама жүреді. Оның түрлі жолдары, амал-тәсілдері де жетеді. Бір қызығы, “айыптаушы” бір күні “айыпталушының” орнына өзі де барады. Уақыт адам таңдамайды.
Адамды жасына байланысты “айыптауды” доғарып, оны қалыпты дүние ретінде қабылдауды мәдениетке сіңіруіміз қажет.
Қартаю процесін дұрыс қабылдап, оған құрметпен қарауды үйрену керек.
Қоғамда ештеңеден қорықпай қартаю мәдениетін қалыптастыру қажет.
Жас көріну үшін денеге жара салып, психикаға салмақ түсіруді доғарғанымыз жөн.
Шетелдерде жасына байланысты бақытты болу деген түсінік жоқ. “Жизнь после сорока” деген түсінік те, сөз де Кеңес Одағынан қалған. Шетелде біреуге ұнау үшін өзінің денесіне эксперимент жасамайды, тіпті бізде әр қадам сайын тұрған тырнақты әдемілейтін салон таппайсың. Боянған әйелді сирек көресің.
Соған қарап-ақ адамның “аксессуарлары” емес, өзі бағаланатынын байқайсың.
Кәрілік диагноз емес, даналық кезеңі. Біз даналыққа құрмет көрсетуіміз керек. Олардың өмірлік, қоғамдық тәжірибесін алуымыз қажет. Жалпы жасы үлкен адамдар жүрген жерде береке бар, мейірім бар, бағыт бар.

facebook.com парақшасынан