Жер иелерінің тізімі ашылуы, оны сатқан әкім-қаралар анықталуы қажет
Көшпелі қазақ үшін жер дауы мен жесір дауынан үлкен дау жоқ еді.
21-ғасыр жесір дауын күн тәртібінен түсірді..
2016 жылғы жер дауынан кейін облыстарда құрылған түрлі қоғамдық кеңестер мен жұмысшы топтар жұмысын жап-жақсы жасап келе жатыр еді. "Митингіге шығамыз" дегендердің қарқыны басылған соң тоқтатты да қойды.
Ал елімізде жер дауы жуық арада басыла қоятын мәселе емес. Түркістан облысында өзге өңірлер секілді шетелдіктерден қауіптенбейді.
Біздегі дау - кезінде әкім-қаралар заңсыз жекешелендіріп алған жерлер төңірегінде болып жатыр.
Кейбір ауылдарда жайылым түгілі, тіпті бұзау арқандайтын жер тапшы..
Оны шешуге ұмтылған шенеунік көрмедік. Бәрі байқамағансып отыр.
Бықсып жатқан шала, түбі бір лап етері сөзсіз.
Оңтүстік өңірдегі жер бөлінісінің соңғы 150 жылдық тарихын біршама зерттеп шығып түйгенім..
1. Патша үкіметі тұсында жер үшін талас қазақ ру - тайпаларының арасында жүрген (Шұрайлы жерлерді тартып алған орыс - украин келімсектерінен артылған жерлер үшін).
2. Кеңес өкіметі 1927 ж. аудандастыруды жүргізіп, қазақтарды күштеп отырықшылыққа көшіре бастағанда жер үшін талас бір рудың ішіндегі әулеттер арасында болған (Орыс поселкалары орнаған жерлерді даулауға қазақтың дәті бармаған).
***
Біз қаласақ та, қаламасақ та ендігі талас латифундистер мен жекелеген отбасылар арасында болары анық!
Оның алдын алудың жалғыз ғана жолы бар.
Мемлекет шұғыл шаралар жүргізіп, 1993 жылдан бастап жекешелендірілген колхоз-совхоздардың жерлеріне ревизия жүргізуі тиіс.
Жер иелерінің тізімі ашылуы, оны сатқан әкім-қаралар анықталуы қажет (өліп қалса да).
Солтүстік облыстардағы ірі жер иелерінің көпшілігі алыс және жақын шетелдерге көшіп кеткен деседі..
Түркістаннан теріскейге бағытталған көшті реттеп отыру үшін оны да мұқият зерттеу керек..
Көздегеніміз ішкі тұрақтылық болса, әкім-қаралар өзге біреудің атына жазып қойған жерлерді анықтау да аса көп қиындық тудыра қоймайды.
Иә, кей жерлерде жекелеген фермерлердің құқы бұзылуы мүмкін, есесіне қалың бұқара тынышталады.
Өмір Шыныбекұлы
Фейсбуктегі парақшасынан