Қаржы өте көп бөлініп жатыр. Ал нәтиже қайда?!
Реформа бар, нәтиже қайда?
Ситерлер отбасындағы 5 баланың бір сәтте өмірі қиылған соң, елде көп балалы отбасыларға қатысты, жалпы әлеуметтік салада реформа басталғаны белгілі. Толқу күшейе түскен. Қазақ даласының әр жерінен естілген әйелдердің жанайқайын билік естігендей болды. Қоғамның қызуын түсіру үшін бұл салаға миллиардтаған қаржы құйылды. Оның көлемін салалық министрлік айтып та жүр. Айсайынғы АСП, өзге де әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражат кейбір отбасыларға аз да болса көмек болып жатқан шығар.
Бірақ кешегі Жамбыл облысындағы 5 бүлдіршіннің өлімі осы реформаны түбегейлі жоққа шығарды деп айтуға моральдық құқығымыз бар. Сапарбаевтың нөкерлері сәбилер ата-ана қарауынсыз қалғандықтан тілсіз жаудың құрбаны болды, деген ресми мәлімдеме таратты. Жақсы, солай-ақ болсын. Бірақ осы оқиға екі жылда атқарылған "қыруар шаруаны" жуып-шайып жібергенін ешкімнің мойындамайтыны өкінішті.
Алматы облысының әкімдігі 2019 жылы Алматы-Талғар тас жолын кеңейтуді жоспарлаған еді. Бұл 30 шақырым жол өте қауіпті аймақ. Жүктеме өте ауыр, көлік нөпірі сұмдық. Бірақ сол күйі жасалған жоқ. Неге?
Сол кездегі аудан әкімі Рыскелді Сәтбаевтан бір жүздесуде осы жолдың тағдыры туралы сұрағаным бар. "Мына көп балалы әйелдер басымызға бәле болды ғой, осы жол жөндеуге бағытталған 3 млрд теңге олардың мәселесін шешуге жіберілді", дегені есімде.
Бұл бір ғана мысал. Қаржы өте көп бөлініп жатыр. Ал нәтиже қайда?! Нәтижесіне кешегі трагедиядан кейін күмәнданып қалдық. Сіз не ойлайсыз?
Айтпақшы 2021 жылы әлеуметтік салаға 7 трлн теңге қарастырылған. Сол 7 трлн болу үшін қанша нөл жалғанушы еді...