Егер әр әйел ұлына да, қызына да теңдей қараса, әр перзентінің жанын түсінсе, ең қиын сәтте балаларының жанынан табылса, қандай жағдайда да қолдау білдірсе, түбі жақсы болады. Ал біздің қоғамда көбіне-көп бірнеше әйел алып, әрқайсына бала таптырып, тастап кете беретіндерді дәріптеп, әлдеқандай қылады да, күйеуден қайтып келген қыздарды көзге шыққан сүйелдей көреді.
Келінін жау көріп, "кетсе кете берсін, менің балама қатын табылады" деп шолақ ойлайтын шешелер көп.
Қатынымен ажырасса, балаларымен қоса "ажырасып" кететін еркектер де жетеді.
Бір әйел екіншісінен артық болса артық та шығар, бірақ бір баланың екінші баладан кемдігі жоқ. Ал бізде ажырасып кеткен әйеліне ерегесіп, балаларын алиментсіз қалдырып жүрген опасыздар баршылық. Айлығын әдейі азайтып көрсетіп, бес-он теңгесін үнемдеп жүргендер туралы айтпай-ақ қояйын. "Әйелім қаламайды" деп, бірінші әйелінің балаларымен араласпайтындарды білемін. Күйеуінен бір тиын алимент өндіріп ала алмай, балаларын сүйрелеп өзі бағып жүрген қыздар бар осында.
Баланың бәрі бірдей. Бәріне бірдей мейірімді болайық. Ұлға да, қызға да. Сонымен бірге жауапкершілік те жүктей білейік. Сонда көп проблема өз-өзінен шешіледі.
"Неге сонша қатігез болып кеттік, мұндайлар қайдан шығады?" деп таң-тамаша болып отырғандар бар. Қатігездік мейірім көрмегендерден шығады.
facebook.com парақшасынан