Сен тұр - мен айтайын!

Қайдағы бір сакураның гүлдегенін жырлаған біздің ақындарда да ес жоқ

  • Қайдағы бір сакураның гүлдегенін жырлаған біздің ақындарда да ес жоқ

    Қайдағы бір сакураның гүлдегенін жырлаған біздің ақындарда да ес жоқ

ШЕҢГЕЛДІҢ ГҮЛДЕУІ МЕН ЕШКІНІҢ ЕСІ КЕТУІ...


Жат жердің әдет-ғұрпына таңдай қағатын қазақтан өткен ел жоқ шығар. Мысалы жапондардың сакура ағашы гүлдегенде той тойлайтынын аузымыздың суы құрып айтқанда, сол жапоныңнан асырып жібереміз-ау. Тіпті содан шабыттанып, өлең де жазып жіберген ақындар болған. Сакура деген шие тектес, бірақ біз білетін шиеден бөлекше сәндік ағаш. Тіпті оның жеміс бермейтін түрі де бар. Оны жапондардың өзі жемісіне емес, гүліне бола өсіретін көрінеді. Мейлі, не үшін өсірсе де одан бізге келер пайда жоқ. Маған сакураның емес, өзіміздің шеңгелдің гүлдегені маңыздырақ.

Біздің жері сортаң Қызылорда аумағында шеңгелдің неше алуаны өседі. Ақ шеңгел деген түрі де бар. Ақ шеңгелді халық әулие көреді. Ол шеңгелді халық есте жоқ ескі заманнан бері әулие тұтса керек. Өйткені ол шеңгел қазақтың «Жарты Төстік» атты ертегісінде айтылады. Баяғы өткен заманда балаға зар болған бір бай шал байлығынан безініп, кемпірін ертіп әулие-әмбиелерге түнеп, бала сұрап зар жылап келе жатып, айдалада кезіккен бір түп ақ шеңгелдің түбіне түнейді де, түс көріп, содан кемпір жүкті болады. Баланың атын «Жарты Төстік» қояды. Жарты Төстік батыр болады. Одан арғысы белгілі хикая.

Осы әулие шеңгелдің гүлдегенін айтпай, қайдағы бір сакураның гүлдегенін жырлаған біздің ақындарда да ес жоқ.

Біздің шеңгеліміз мамыр айында гүлдейді. Гүлі сакураның гүлі сияқты қызғылт болып келеді. Басқаша түске де малынып гүлдей береді. Оның гүліне үңіліп қарап отырсаң, көз алдыңа қаныңды қыздырарлықтай әлдебір қызық сурет елес береді.

Шеңгелдің гүлдегені көктемнің жазға ұласқаны. Жазға ұласқан мезгіл қазақтың бір рақат табатын шағы. Қазақ қана ма, оның рақатын әсіресе ешкі көреді. Рақатқа батқаны сондай, тұп-тура есі шығады. Алабөтен мінезге басып, қутаңдап кететінін көрсең. Бұрын мұндай кәйіпті бастан кешпегендей ерекше сезімге бөленіп, гүлден басқаны көзі көрмей, секіріп, орғып ойнақтай жөнелгенде, ешкіден бақытты жануар таппайсың. Өріске шыққан отардан озып, шұбап барып шеңгел тоғайға қойып кетеді. Көзі тұнып, қалың гүлге ашқарақтана бас қояды. Етектегі гүлді місе тұтпай жоғарыға ұмтылып, адам сияқты екі аяқтап тұрып кететіні бар-ау. Екі аяқтап тік тұрғанда құлап түспеуі үшін бір орнында байыз таба алмай, екі аяғын билете жөнелетінін қайтерсің. Сонда шолақ құйрығы да шаттанудың белгісін білдіріп, гүлдің рақатын сол жері сезіп тұрғандай шолтаңдай жөнелетіні ғажап. Өзінен гөрі көзінің ашқарақ екенін сонда танисың. Көзінің қарашығы бір орнында тұрақтамай, қарсы алдындағы қаптаған гүлдің қайсысын жерін білмегендей аласұрып тілі де жалаңдап кете ме немене. Екі аяқтап тұрып жалмаңдап жеп жатқанда, көзі одан әрігіректегі басқа бір гүлге түссе болды, жеп жатқан гүлін тастай салып, дереу соған қарай жанталасып жүгіреді. Жүгіріп бара жатып, жолай тағы бір гүлге тұмсығын созып үлгереді. Ол гүлді іліп үлгерсе үлгерді, үлгермесе одан да заулап өте шығып, келесісіне асығады. Осылай тіпті кейбірі түп шеңгелді шыр көбелек айналып кететіні қызық. Сөйтіп жүріп гүлді жегеннен гөрі, гүлге мас болып, шаттана шапқылап ойнап жүр ме деп ойлап қаласың. Сол кезде ешкіден не сұрасаң да бере салатын шығар. Бірақ ешкі шіркіннен не сұрауға болады?

Ешкі бейшараның гүлге есі кетіп ғашық болғаны сондай, тікенегі езуіне қадалғанына да қарамайды-ау! Ешкіқотыр деген ауру содан шығады. Ешкіқотырға шалдығып қалғанын ешкіекең кейінірек, шеңгел гүлін төгіп жап-жасыл жұмсақ қоңырау байлағанда бір-ақ біледі. Ондай ешкілердің қотыр-қотыр езуіне әкеміз ақ у араластырған салидол жағып қояр еді. Ақ у езуін дуылдата ма, шібіш біткен түшкіріп, «ендігәрі гүлге жоламаспын» дегендей ("ендігәрі қызға жоламаспын" деген бір досым сияқты), дауысын өлімсірете шығарып, мүсәпірсіп маңырап тұрғандары. Алайда езуі жазылысымен баяғы ішкен ант-суын тарс ұмытады. Тарс ұмытатыны сол, енді шеңгелдің қоңырауына деген құмарлығы басталады. Қоңырау гүл сияқты емес, жұп-жұмсақ, ауыз толтыра портылдатып жеуге де жарайды. Бұл енді басқа хикая...

Ешкіекеңнің шеңгел гүліне ессіз құмар болғаны сонша, бір кезде өзің де гүл теріп жеп тұрғаныңды білмей қаласың. Тәп-тәтті-ақ. Оның айрықша дәмінен өмірдің тәттілігі сезіле ме, қалай. Әйтеуір айтып ақырын аңғарта алмастай, жазып жеріне жеткізе алмастай бір сүйкімді дәм бар.

Апыр-ау, бұ не ғажап? Осындай ғажапты сіздің көргеніңіз бар ма?

Кейін мән беріп зерттеп қарасам, бар пәле гүлдің аталық және аналық мүшелерінде екен. Аналық гүлдің қақ ортасында, аталықтар оны қоршап тұрады. Аталықтың әрбірінде тозаңқап бар. Аталық піскенде тозаңқап жарылып, ұрық аналықтың аузына түседі. Сол кезде гүл атаулы құмарлықтың шегіне – экстазға жетеді. Шіркін, сол кезде олар қандай ләззатқа батады десеңші. Бір өкініштісі біз оны біле алмаймыз. Тек ойша сезінеміз. Сол сезгеніміздің өзі біз қасқаны айрықша рақатқа батырады. Жігіттердің құмартып, сүйген қызына гүл ұсынуы осының белгісі. Ауызбен айтып жеткізе алмайтын сезімін жігіттер осылай гүл ұсыну арқылы білдіреді. Бірақ сезімін білдіру үшін қызға гүл ұсынатын жігіт бар ма екен қазір? Гүл ұсынған жігіттің ишарасын ұға қоятын қыз қалды ма екен қазір? Жігіт ұсынған гүлді қыз ықыластанып қабыл алса, онда ол гүлдің өз мақсатын толық орындағаны.

Әлқисса, табиғатта гүлдің тозаңдануы, яғни ұрықтануынан өткен ғажап құбылыс жоқ. Көзге көрінер-көрінбес түкке тұрмайтын тозаң-ұрықтың ертең түйін байлап, жеміске айналатынына ой жүгіртіп қараңызшы. Сонда тозаң-ұрықтың құдіреттілігін аңғарасыз. Дұрысы бұл да емес, сол тозаң-ұрыққа құдірет дарытып қойған одан да зор құдіретті айт! Осы арада айта кетер бір жайт «гүл» тәжіктің сөзі, қазақшасы – «шешек». Яғни, ұрпақ өрбітуші – шеше.

Қазіргі ғылым сол тозаң-ұрықтың құрамында адам ағзасына аса қажетті алуан түрлі нәрлі заттектің бар екенін дәлелдеген. Шіркін, олай болса сол тозаң-ұрықты уыстап алып ауызға салса ғой. Сонда иммунитетіміз бірден көтеріліп, күшейіп кетер едік. Бірақ шаңның көлеміндей тозаңды бізге уыстап асайтындай етіп кім жинап беріп жатыр. Бұл енді қол жетпес арман ғой. Ешкінің шеңгел гүліне ғашықтығы да осында болса керек.

Сөйтсек, мына ғаламда ғажайып деген толып жатыр екен. Әлгі арман болған тозаңды жинайтындар да бар боп шықты. Ол кәдімгі бал арасы. Тозаңды бал арасынан басқа ешкім жинай алмайды. Тозаң дегеніміздің өзі аталық ұрық. Ал бал арасына аталық ұрық неге керек болып қалыпты? Жұмысшы аралар ас қорыту нәтижесінде тозаңнан синтезделіп, жұтқыншақ безінен бір зат бөліп шығарады екен. Ол заттың түсі ақ, өзі қоймалжың болса керек. Осы заттың түсі қаймаққа ұқсас болған соң орыстар маточное молочка дейді. Еуропалықтар роял желе (Royal jelly) дейді. Біз оған ат қоймағанбыз. Ат қоймағанымыз – оның не зат екенін де білмегенбіз. Білсек енді біліп жатырмыз. Атын орысшадан аударып аналық сүтше деп жүрміз. Аналық дейтін себебі, осы затпен аналық ара ғана қоректенеді. Осы затпен қоректенгені себепті күніне 3-6 мыңға дейін жұмыртқа туады. Адам баласы ара жинаған тозаңды да, ара жасаған аналық сүтшені де бейнеткеш бейкүнә жәндіктерден тартып алудың технологиясын тапқан. Өйткені тозаң да, аналық сүтше де өте құнарлы. Өйткені ол аталық ұрық. Ал Алла Тағала ұрыққа бүкіл дүниенің құдіретін дарытқан. Тозаңның да, тозаңнан жасалатын аналық сүтшенің де емдік қасиеті өте күшті. Әсіресе жүрек аурулары мен әйел-еркектің ұрықтануына бұл екеуінің шипалық қасиеті өте зор. Аналық ара сүтшесінің құрамында адам ағзасына аса қажетті 400-ден аса нәрлі зат бар. Алла Тағала адам баласын топырақтан жаратты дейді. Өте-мөте дұрыс айтылған. Одан да дұрысы Алла Тағала адамды асыл топырақтан жаратқан. Топырақ дегеніміз минерал. Ал аналық сүтше құрамында қандай минерал жоқ дейсіз, бәрі бар. Темір, марганец, цинк, кобальт, фосфор, калий, натрий, кальций, магний, медь, никель, күміс, алтын, висмут, алюминий, хром, күкірт, кремний, мышьяк т.б. Осылай кете береді.

Бұл туралы одан әрі өрбітіп, қасиетін саралап көп әңгіме айтуға болады. Бұл өзі өте қызық және соны тақырып.

Осы арада айта кететін бір жай бар. Ата-бабамыз аналық сүтшені білмесе де, адамның алпыс екі тамырының түйіні тілдің астында екенін жақсы білген. Кәнігі насыбайшылар насыбайды тілдің астына салады. Сонда насыбай уыты сілекей арқылы қанға тарайды. Кәйіпке солай батқан біздің шалдар. Бұны неге айтып тұрмын? Әлгі аналық сүтшені де тілдің астына салу қажет. Сонда ғана оның нәрі сілекей арқылы қанға тарайды. Тілдің астынан басталатын тағы бір арна адамның жыныс мүшесіне қарай төтелей тартылған. Қыз бен жігіт сүйіскенде қозып кететіні содан.Тозаң-ұрықтың нәрі сол арна арқылы еш бөгелмей, тұп-тура жыныстық мүшеге жетеді. Жыныс мүшесі де бейне бір бәйге аты сияқты. Бәйге атын да құнарлы жеммен жемдеп, баптайды ғой.

Сонымен әңгімеміз ешкінің гүлге деген ғашықтығы еді ғой. Оның гүлге неге сонша құмар болғанын енді түсінген шығарсыз. Ол қасқа тозаң-ұрықтың өз ағзасына аса қажет екенін қайдан білген десеңші.

Айтпақшы, табиғатта өсіп-көбейетін нәрсенің барлығында ұрық бар. Олардың барлығы-дағы өте-мөте құнарлы. Құстың жұмыртқасы да соның бірі. Адамның аталық ұрығы тіпті барлығынан әлденеше есе күшті. Жасартатын дәрі десе де қате емес. Бірақ оны айтуға болмайды.


Нұрлыбек Саматұлы

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1340    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 29.04.2019, 11:54

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Маусым, 10:10
    Ринат жайлы ойым
    7 Маусым, 12:06
    Ауырмайды жүрек

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31