Қазақ халқының 90 пайыздан астамы маргинал

24 қаңтар 2023, 14:04

Шынымен де қазақ халқының 90 пайыздан астамы маргинал.

 

Маргиналдық (межелік, шекаралық) жағдай бірнеше қырынан байқалады:

 

1) Қазақ ауыл мен қала аралығында қалған маргинал. 90-жылдары ауылдан қалаға үдере көшті ("жабайы" урбанизация). Ауылда жұмыс болмады. Қарттары ауылда қалды. Қалаға келген отбасылар пәтер жалдады, саяжайды мекендеді, қаланың шалғай шетінен қолында барымен үй салды, ипотекаға байланды.

 

Ауылда қалған туыстарына жалтақтап, тапқан-таянғанының жартысын ауылға жіберді...

 

Бұл жағдай әлі де сақталуда. Осылайша қалаға келген қазақ әлі толық қалалық болған жоқ. Ауыл мен қала аралығындағы маргинал.

 

2) Қазақ "жалған" демократия мен шынайы демократия аралығында иллюзиямен өмір сүріп жатқан, өз қоғамын өзі билеуге қол жеткізбеген  саяси маргинал.

 

3) Қазақ халқы жабайы капитализм мен "әлеуметтік мемлекет" дилеммасы аясында кедейлік пен қағаз жүзінде анықталған "орта тап" аралығындағы маргинал.

 

4) Қазақ қоғамы ұлттық идеология болмағандықтан, түрлі (діни, саяси, ұлшылдық, т.б.) идеологиялар мен құндылықтардың аралығында мәдени-рухани айқындығы жоқ жағдайда отырған маргинал.

 

Сондықтан маргинал деген сөзге ренжудің қажеті жоқ. Халықты осындай маргинал жағдайға түсірген 30 жыл басқарған жүйеге ренжу керек.

 

Ендігі аралықта қоғамды межелік (маргиналдық) жағдайдан шығару үшін барлық салада күрделі, сапалы әрі шұғыл реформалар жүргізу қажет.

 

Болмаса, оның салдары жүйелі түрде қайталанып отыратын "қаралы қаңтарлар" болмақ...

 

 

Талғат Жақиянов

Фейсбуктегі парақшасынан