Қазақ жаралғалы "біреу бірдеңе деп ойлап қалмасын" деген оймен өмір сүріп келе жатыр

26 қазан 2021, 10:40

Қарт тауға сәлем берейін,
Сүйінбей кетті демесін.
Қарттарға сәлем берейін,
Иілмей кетті демесін.
Таңертең радиодан естіген ән ғой. Құданың құдіреті, қазақ жаралғалы "біреу бірдеңе деп ойлап қалмасын" деген оймен өмір сүріп келе жатыр. Немесе "ойлап қалсын" деген. Әйтеуір шын ойымыз бен шын сөзімізді жасырып қалу.
"Әкеме сәлем берейін,
Ұлым жоқ екен демесін.
Бір өлең айтып берейін,
Жырым жоқ екен демесін." Яғни, "Жырым жоқ екен демесін, бар екен деп ойласын". Неге "Әкеме сәлем берейін, шын көңілден, просто аман болсын, не ойлайтынында не шаруам бар, әнімді де таза көңілден айтайын"деген ой ойлауға болмайды, и? Жырың бар ма, жоқ па, өзі-ақ көрінеді ғой сонда )))
Бәріміз де сөйтіп жүрміз. Біреу ақылды болып көрінуге тырысады, біреу бай, біреу бақытты болып көрінуге тырысады. Шындығын жазған адамды ешкім ұнатпайды, ондай жазбаға басылған лайк аз болады, әдетте)))
"Алашты алаңдататын сауалдардың" сапасына қарап, деңгейімізді анықтауға болады. "Екінші қатын алған дұрыс па", "Өзге ұлтқа байға тиген қатындыкі дұрыс па?" "Кредиттен қалай құтылуға болады?" "Еркек бірінші тұруы керек пе, әйел төмен болуы керек пе?" "Рақмет деп жазыла ма, әлде рахмет пе"... Осы шамалас, примерно белдің айналасындағы деңгейдеміз. Бұлар әр адамның жеке шаруасы болып, талқыланатын тақырыптар тереңдегенде біз биіктеуіміз мүмкін. Ал оған дейін әркімнің "таракандарын" ақтарумен өмір өтеді.
Ой өзгермейінше, адам өзгермейді. Жеке адамдардың ойы, санасы, пікірі мен түсінігі ұлттық, қала берді адамзаттық деңгейдегі өзгерістерге алып келеді. Батпаққа батып, қайдағы бір қайраңда, қасаң ойлар ойлаудан аулақ болуға тырысыңыз.
Адамды түр келбетіне, жынысына, руына қарап бөлу, кемсіту – еш жақсылыққа апармайтын, еш жетістікке жеткізбейтін, надандықтың белгісі. Ең болмаса "білімді, ақылды, парасатты деп ойлап қалсын", надандығыңды білдірмеуге тырыс.
Ал әзілсіз айтсақ, екінші қатын алар-алмасын отбасы шешсін, қай ұлттан жар таңдайтынын әр жастың санасы білсін, кредит жауапкершілігін мойнына ала алатындай сауат жисын, еркек төмен тұрмасын, әйел төмен тұрмасын, екі саналы адам кімнің не істейтін өздері ақылдасып алсын, "рақмет" пен "рахметті" терминком шешсін.
Бүкіл мәселе шешіліп қоятын болса, біз не істейміз дейсіз бе? Ойланыңыз. Жападан жалғыз қалғанда да бір ермек ойлап таба алатын адам болыңыз. Сонда сіз өзіңізге өзіңіз қызық боласыз, демек айналаңызға қызық боласыз. Міне, сонда "ойлап қалмасын, деп жүрмесінге" өз-өзінен жол қалмайды.

Бану Даулетбаева

Фейсбуктегі парақшасынан