Қазақ қоғамы – хаос. Біздің қоғамның о баста сыртқа шыққан жарасы ішке түсіп кетті

11 сәуір 2021, 17:00

Қазақтың қаншама интеллектуал тұлғасы шетте жүр... Солар қазақты жақсы көрмейді, туған жерді сағынбайды, ұлтқа қызмет етуді армандамайды дейсіз бе? Оларды "шетте жүр" деп айыптамас бұрын "неге кетті? кім кетірді?" деген сұраққа жауап іздеу керек. Кейбірін "ақша үшін кетті" дерсіз. Онда "Жемқорлықтан алдыңғы орын алатын біздің елде неге ақыл-ой еңбегі бағаланбайды?" деген сұрақты қойыңыз. Интеллектуал тұлғаларының потенциалын пайдалана алған мемлекет қана дамиды.
Милорад Павич «Пейзаж, нарисованный чаем» атты кітабында оқырманға мынандай қарапайым сұрақ қояды: «Егер адам айнадан бөлмеде ілулі тұрған сағатқа қараса, қандай уақытты көреді?».
…Мен Павичтің кітабындағы осы сөйлемді оқығанда бөлмедегі сағат 16:25-ті көрсетіп тұрған. Айнаға қарама-қарсы ілініп тұрған сағатқа айнадан қарап едім 19:35-ті көрсетті. Айнаның бер жағындағы және «ар жағындағы» уақыттың айырмашылығы: 3 сағат 10 минут. Дәлірегі, айнаның арғы жағындағы уақыт 3​ сағат 10 минутқа алға озып кеткен. Бәлкім, біз, шынында да, өз уақытымыздан артта қалып қойған шығармыз….
… Бұрын мен «уақыт дегеніміз – менің жанарымдағы әлем» деп ойлайтынмын. Мен ылғи да уақытты сағынып жүрем.
Павич: «Какой через свое стекло ты видишь меня и вижу ли я именно тебя» деп сұрайды тағы да.
P.S. Біз бәріміз бір-бірімізге өз «айнамыз» арқылы қараймыз. Тіпті өзімізді де өз ішіміздегі айнамыз арқылы көргіміз келеді. Билікке де ұзақ жыл айна арқылы қарап келдік. Айнаны шетке ысырып, билікке тура қарап едік, бәрі шатасып кетіпті, баяғыда… Әрине, қоқыстан утопия іздеп жүргенімізді бұған дейін де білдік. Толерантты жақсы көретін болмысымыз бар, саяси жүйе дегендей айнадан қарағанды дұрыс көрдік…
Қазақ қоғамы – хаос. Біздің қоғамның о баста сыртқа шыққан жарасы ішке түсіп кетті. Бірақ ол – біздің ғана қоғамымыз. Оның диагнозын өзіміз ғана білеміз. «Қоғамды аналардан тазалау керек, мыналардың көзін құрту керек» дей бермей, сырқат қоғамды қалай емдейміз?» деген сұраққа да жауап іздеп қойған дұрыс-ау. «Олардың» көзін құртқанымен олардың орнын басатындар өсіп шықпасына кім кепіл?
Рухани құлдырауға ұшыраған қоғамымызды ауруынан қайтсек айықтыра аламыз? Әрқайсымыз өзімізден бастайықшы.
Қарапайым нәрседен бастайықшы. Әлеуметтік желіде бір-біріміздің жеке басымызға тисіп, балағаттағанды қояйықшы. Әлеуметтік желіде біреудің жеке өміріне, отбасына қолсұғу - интеллектісі төмен, өсекке жақын, тексіз адамға ғана тән қасиет. Адам деген - топырақ. Мен де, сен де, ол да - топырақ.
Әр адамның жүрегі - оның мешіті.

Ая Мантай

Фейсбуктегі парақшасынан