Сен тұр - мен айтайын!

ҚАЗАҚ ОСЫ НЕГЕ БІР-БІРІН ИТШЕ ТАЛАҒЫСЫ КЕЛІП ТҰРАДЫ?

  • ҚАЗАҚ ОСЫ НЕГЕ БІР-БІРІН ИТШЕ ТАЛАҒЫСЫ КЕЛІП ТҰРАДЫ?

    ҚАЗАҚ ОСЫ НЕГЕ БІР-БІРІН ИТШЕ ТАЛАҒЫСЫ КЕЛІП ТҰРАДЫ?

Мен де қазақпын. Бірақ өз қазағымның кейбір мінездері мүлде ұнамайды. Ең жаманы бір-біріне қайырымсыз, мейрімсіз, қатыгез. Итше ырылдасқанын қойшы, қолынан келсе бір-бірін итше талағысы келіп тұрады. Итше талап та жүр...

Бір-бірінің көңілін қалдыруды, жан-жүрегін жаралауды, бір-бірін аяқтан шалуды, бірін-бірі түртпектеуді, бір-біріне сын садағын қадауды, бір-бірінің алқымынан алуды, жаға жыртысуды, айтысып-тартысуды, қолында билігі барлары әлсізін жүндей түтуді әлі жалғастырып келе жатыр... Мейірім, қайырым, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерден айырылып барамыз… Оған мысалды алыстан іздеудің керегі де жоқ. Осы фейсбуктің өзінде бір-бірімізге қалам-қару кезеніп, «оқты» қарша боратып, «атысамыз» да жатамыз. Бір-бірімізге бітіспес, мәңгілік майдан ашып алған секілдіміз!.. Кейде қолымызға қару берсе, не болар еді деп ойлаймын... Ойлаймын да, жаным жабырқау тартады...

Міне, осылай қашанда өзімізбен-өзіміз жақ-жақ болып айтысып-тартысамыз да жатамыз. Бір-бірімізге ор қазамыз, қақпан құрамыз, жарға итереміз... Бір-бірімізді аямаймыз. Керек болса, көр қазып, жерге тығып жіберуге дайын тұрамыз... Бір-бірімізді бауырым деп құшаққа басқаннан, өзекке тепкенді жақсы көреміз. Содан ләззат аламыз, жанымыз рахаттанады... Соны өзімізше мәртебе санаймыз.

Ортамыздан суырылып шығып, оза шауып бара жатқан адамды күндеп, "сүрінсе екен, құласа екен, омақаса жығылса екен" деп мысықтілеуленіп отырамыз. Қолдағанның орнына, іштарлық танытып, бәріміз жабылып, ағаш атқа отырғызуға күш саламыз. Отырғызып қоямыз да...

Қызмет, шен-шекпен, орден-медаль үшін бір-бірін алдап-арбағанды, арандатқанды, аярлық танытқанды, түрмеге тоғытқанды, соттатқанды мәртебе санаймыз. Әй, ол сенің өз бауырың емес пе, қайта құтқаруға күш салмайсың ба, жақсылық жасамайсың ба, пәле-жаладан арашалап алмайсың ба?!. Соны мақтан тұтпайсың ба?!. Бір-біріңе кешірімшіл, қорған болмайсың ба?..

Қазақ неге бір-біріне осындай мейірімсіз, қайрымсыз, қатыгез? Ауызбіршілік жоқ. Алтыбақан алауыз. Неге? Неге? Осы сұрақтың жауабын таппай дал боламын.

Біз қайтіп ел боламыз? Біз қалай ұлт боламыз?.. Өзімізді-өзіміз құртып тынбаймыз ба?..

Ойланайық, ағайын! Ойланатын, оянатын, етек-жеңімізді жинайтын уақыт жетті.

Еврей ұлтына риза боламын. Қайда жүрсе де бір-біріне жақсылық жасауды, қолдауды, қолұшын беруді парыз санайды. Ауызбіршіліктері күшті. Бір-бірін жауға бермейді, бір-біріне жамандық жасамайды. Тіпті соғыс кезінің өзінде өздерінің бастарын бәйгеге тіге отырып, бір-бірін құқаруға күш салған. Саны бізден аз болса да, осындай асыл қасиеттерінің арқасында әлемді билеп отыр. Ал біз әлі күнге дейін өзімізді-өзіміз билей алмай отырмыз. Бір-бірімізді көрсетуге, ұстап беруге, сатқындық жасауға бейім тұрамыз. Оны отызыншы жылдардағы қуғын-сүргіннің тарихынан анық байқауға болады. Өтірік қылымсымаңыздар, қазір де солаймыз!

Неге осындаймыз? Біз қашан ынтымағы ұйысқан, береке-бірлігі жарасқан ұлт боламыз?

Ел боламыз десек, ұлт боламыз десек, тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, ең алдымен осындай кертарпа мінез-құлықтардан арылып, осы жағын баса ойласу керек!..

Әлі де кеш емес... Ойласайық, ағайын!

Қазақтың қазақтан басқа досы да, қамқоршысы да, қолдаушысы да жоқ!

Ендеше, бір-бірімізді қолдайық, жылы сөздер айтайық, жақсылық жасайық! Бір-бірімізді «бауырым» деп бауырымызға басып, қорған болып, қамқоршылық танытайық!

Бір-бірімізге кешірімшіл болайық, қадірлі жамағат! Онсыз қазақта жарқын болашақ жоқ!


Думан Рамазан

Фейсбуктегі парақшасынан


 




Көрілген: 1413    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 13.05.2019, 11:47

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Маусым, 10:10
    Ринат жайлы ойым
    7 Маусым, 12:06
    Ауырмайды жүрек

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31