Қазақ өзіне-өзі талап қоюды қашан меңгереді?

17 қаңтар 2022, 10:29

Айналайын ағайын, жау жағадан алғанда бөрі етектен тартқандай болмайықшы!
30 жыл қатқан сеңнің оңайлықпен ерімесін ұғыну үшін университет бітірудің қажеті жоқ. Қарапайым логика.
Ескі кадр дейсіздер. Ескінің бәрі жаман дегенді қайдан шығардыңыздар? Соны айтып отырған сіздің өзіңіз сол ескі жүйенің өнімі емессіз бе? Әлде сіз ескі жүйенің ішіндегі есі дұрысы мен ғанамын деп ойлайсыз ба?
Айдан әкелмесек, су жаңа бейнелі, сапаға сай мінсіз кадрді қайдан таппақпыз? Көрсетсін өздерін, мүмкіндік берейік. Көрсете алмаса, өзі-ақ іріктеліп шыға келеді.
Аналарынан бұдан былай туылса да жаман болмас еді, жаңа қоғамның жаңа кадрлары. Әй, бірақ мына түрімізбен туғызып жарытпаспыз!
Толық тізгін қолына жаңа тиген Президентті жан-жақтан жұлмаламай, уәдесін орындауға біраз уақыт берсеңіздер болмас па? Болмай жатса, басқасы тұрыпты ғой...
Тағы бір айтарым.
Мін тағу оңай. Мінсіз болу қиын. "Өзін-өзі жамандаған жатқа қор болар" деген дана сөзді қалай ұмыттыңыздар?..
Жақсы болса да, жаман болса да, өткен 30 жыл - қазақтың тарихы. Сіз бен біз құрған қоғамның тарихы. Қоғамды бір адам құрмайтынын мен айтпасам да білесіздер. Онда әрқайсымыздың азды-көпті үлесіміз бар екенін мойындаған абзал.
Кейбіреулердің осында жазғанына қарасақ, кінәнің бәрі басқада, өзі судан мөлдір, сүттен ақ секілді.
Қазақ талап қою үшін ғана туылған ба? Қазақ өзіне-өзі талап қоюды қашан меңгереді?
Сәл ойланып, қоғамды гүлденту жолында не тындырғаныңызды таразылап көріңізші. Анау сөйтіп жатыр, маған неге өйтпеске деп, жеке құлқынның құлына айналмадыңыз ба? Басқаны қоя тұрып, өзіңіз үшін жауап беріп көріңізші! Бір сәтке болса да, қоғам мүддесін жеке мүддеңізден жоғары қойып көргеніңіз бар ма?
Көрмесеңіз, жердегі жұмақты қалай орнатпақсыз?
Оны сізге Америка да, Қытай да, Ресей де, тіпті ел Президенті де орнатып бере алмайды. Қазақстан халқы - бәріміз бірігіп орнатамыз. Ол үшін жел сөзге уақытты қор қылмай, ең алдымен әрқайсымыз өз санамыздағы ескілікпен күрессек қалай болады? Өзіміз жаңа қоғамға лайық болайық десем, бұған не дейсіздер? Жақсы ниетпен, жасампаз іспен жарқырап, көш бұйдасын сеніп тапсырған тұлғаға сүйеу, тіреу болайық десем ше?
Оның да жарқырап көрінуіне себепші болғанға не жетсін!

Гүлмәрия Барманбекова

Фейсбуктегі парақшасынан