Қазақтың “әуелі ниетіңді оңда” дейтіні де осы шығар?!

12 мамыр 2022, 09:31

Хабарларымның бірінде бір кейіпкер болды.
Үш балалы жесір келіншек тоқсандағы қарт анасымен неше жыл бойы екі бөлмелі іші-сырты темір, контейнерде тұрыпты.
Жолдасы жақсы азамат болған екен. Кете кеткенше еңбектеніп, балаларына кемдік көрсетпей, пәтерде жүріп, үй салмақ ниетпен жер алып, фундаментін құйып біткенде жол апатынан қайтыс болады.
Бар ауыртпалық әйелге артылады. Сенерсіз, сенбессіз, келіншек сегіз жерде жұмыс істейді, демалыссыз. Еден жуу, ыдыс жуу, үй тазалау, автомойка тб…
Өзі осылай жүріп балаларына жақсы тәрбие беріп үлгеріп, сабағын да қадағалап, үйінің берекесін ұстап отырады. Өзі де мұнтаздай.
Бар ойы жолдасының бастап беріп кеткен үйін қалай да көтеру болады. Күні-түні Құдайдан соны сұрап, бір күн тыным таппай еңбектене береді.
Бірақ тапқаны бесеуінен артылмайды. Сөйтіп жүргенде біздің хабарға жолы түсіп (көршілері хабарлап айтқан болуы керек, ұмытып қалдым), ойламаған жерден Алла бере салды.
Мақсат Ержанұлы деген жігіт сол хабарды түсірді.
Кейіпкердің жағдайын Мақсаттан естіген соң, біраз кісілерге хабарласып, ішінен бір кәсіпкер ағаға өзім қоңырау шалып, мән-жайды айтып бердім. Сыйлас кісі болатын.
Бір ауыз сөзге келмей, үйін салып беретін болды. Ол кісінің жүрегін қозғаған “күйеуі марқұм үйдің фундаментін құйып кеткен шаңырағын әйелі жалғастырғысы келеді, бірақ жағдайы жоқ” деген жері болса керек…
Үй салынды. Түгел есік-терезесі қойылды. Тіпті газ, жарыққа дейін кіргізіп берді.
“Менің атымды атаудың, елге көрсетудің қажеті жоқ” деді. Солай болды да. “Тоқсандағы қария кісінің батасын алдым, сол жетеді маған” деді.
Айтайын дегенім, адамның ниетінен асқан байлық жоқ. Сол келіншектің “балаларымның әкесінің бастап кеткен ісін қалай да аяқтаймын” деген ниеті жеңді, түбінде!
Әңгіме, оның шамасының келу-келмеуінде де емес еді. Әйел адамға екі қабатты үй көтеру оңай емес.
Қазақтың “әуелі ниетіңді оңда” дейтіні де осы шығар?!

Алия Құдайбергенова

Фейсбуктегі парақшасынан