Қазір адамдар маған сіріңкенің шиі секілді көрінеді

25 мамыр 2022, 13:01

Қазір адамдар маған сіріңкенің шиі секілді көрінеді. Біреуі тұтанса болды, қалғаны тұтас лап етіп жанып, өртенуге дайын тұр.

 

Ашулымыз сондай. Қоғамдық көлікте де. Көшеде де. Әсіресе, кезекте. Бірімізді-біріміз таптап кете жаздап, әрең тұрамыз.

  

"Ту, мен ғой, ауырып әрең тұрмын, мыналарға не жоқ?", - деген сөз дәрігер есігінің алдындағы әр адамның көзінде тұрады ғой. Құдай сақтасын, солардың бірінің алдына шығып көрші, жеп қояды, жеп. Өзің де сөйтесің.

  

Ал шетелде тұрып көргендер айтады, әсіресе америкалықтар әншейін кофе үшін де сағаттап кезекте тұра береді. Және солардың біреуінің жүзінен ашудың ізін де көрмейсің ғой шіркін деп. Арасында біреу қулық қылып өтіп кетсе де, ұрсып, жеп қою жоқ, күлімсірейді де қояды. Бірақ ондай жайдары жүздерді көргенде олардың алдын кесуге өзің-ақ ұяласың деп. Ондайды дәл мына қоғамда мүлдем елестете алмайды екенсің.

  

Сонда не өзгешелік екі қоғамда? Неге біз ашулымыз, олар жайдары? Ненің ашу-ызасы біздің тұла бойды кернеп тұрған? Ақша ма? Жоқшылық титықтатып тастаған ба? "Несие төлеу керек", "Жұмыстан шығып қалмау керек", "Қайтсем қу ақшаны бәріне жеткізем?" деген ой ма?

  

Бірақ олай дейін десең, Америка деген нағыз несиеге өмір сүретін қоғам, несиенің отаны емес пе? Тіпті бастарында біз сияқты баспана да болмайды, бәрін қарызға алады. Әлде оларда еңбек жақсы бағалана ма? Бәрі бірдей бай емес шығар, кедейлер ше, олар кезекке тұрмай ма әлде?

 

Ендеше біз неге лап ете қалатын шырпы сияқты жүреміз ылғи? Кім келіп мені тұтатып кетеді екен деп? Не деген агрессия бұл?  "Аэропорттан түскен жерден басталатын", шетелге жиі ұшатындар айтпақшы. Осының бәрі тұрмыстан ба?

 

Мұны жеңе аламыз ба? Байысақ, өзгереміз бе? Жоқ, осы әдет қала ма? Осыған басым жетпей жүр ше?.. Болмаса осымен кеттік пе?Қалай ойлайсыздар?

 

 

Mариям Абсаттар

Фейсбуктегі парақшасынан